Бизнес • Кеше

Көрші елдің бизнес климаты қандай?

37 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сарапшылардың пікірінше, Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азияда жаңа экономикалық кластер мен экономикалық қуатты өңірді құруға жағдай жасайтын қатынастар қарсаңында тұр. Бұл туралы өзбекстандық тауар өндірушілердің сауда-экономикалық миссиясы аясында өткен Өзбекстан-Қазақстан халықаралық бизнес-форумында айтылды.

Көрші елдің бизнес климаты қандай?

Сурет: planfact.io

Форум спикері, Өзбекстандағы «Biz Network» компаниялар желісінің негізін қалаушы Сардар Мұхамедқалиев екі ел арасындағы дәстүрлі тату көршілік қарым-қатынастарды, өзара түсіністік пен стра­те­гиялық әріптестікті атап өтті. «Екі халықтың табиғатында да бір-бірін толықтыратын үндестіктер жетеді. Ішкі нарығы да бір-біріне тарлық етпейді» дейді Сардар Мұхамедқалиев.

«Өзбекстан кәсіпкерлері Қазақстан экономикасына, әсіресе жеңіл өнеркәсіп пен тұрмыстық техника өндірісіне инвестиция салса, қазақ кәсіпкерлері көрші елдің құрылыс сегментін бағындыруға талпыныс жасап жатыр. Банк нарығында бәсекелестік өсіп келеді. Соңғы уақытта несие карталары сегментінде бір уақытта бірнеше жаңа ойыншы пайда болды. Халыққа кредит беру бөлiгiнде банктер негiзiнен шағын несиенi қолданады, сондай-ақ бiрiншi кезекте шағын және орта бизнестi қоса алғанда, корпорация­лар үшiн ұсыныстардың саны өсіп жатыр», дейді ол.

Спикер Өзбекстанда исламдық қаржы­ландыру өнімдерін дамытуға ерекше назар аударды. Бірқатар компания қазірдің өзінде исламдық қаржы өнімдерін сатады, оның ішінде мурабаха тәжірибесін қолданады екен. Оның шеңберінде қандай да бір өзбек банкі мәміленің кепілі болып саналады. Сондай-ақ автомобильдерді бөліп сату қызметтері танымал, бұл сегменттегі мәміле саны жылына 1 млн-ға жетеді. Оның пікірінше, елдер арасында шешілмеген мәселе жоқ, тек ортақ міндеттер бар.

Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры Әкімжан Арупов та перспектива мен мүм­кін­діктер туралы айтты.

«Біріншісі – транзиттік-көліктік, логисти­калық консорциумды дамыту. Орталық Азия – Ұлы Жібек жолының маңызды бөлігі және бұл консорциумның дамуы ең алдымен Орталық Азияның дамуына септігін тигізер еді. Екінші мүмкіндік – екі елдің жетекшілігімен өңірдің су-энергетикалық консорциумын құру. Бұл жерде ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріледі. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстаннан мамандарды, сондай-ақ инвестицияларды тарта отырып, Қырғызстан аумағында Қамбар ата ГЭС-ін салу жобасы іске асырылып жатыр. Су-энергетикалық ресурстар мен энергетиканың ортақ нарығын қалыптастыру үшін негіз пайда болады, бұл біздің экономикаларымызды өзара сауданы дамытуға ғана емес, экономикалық кооперация мен одан кейінгі интеграцияның қандай да бір негіздерін қалыптастыруға ынталандырады», деп мәлімдеді институт директоры.

Мемлекеттер интеграциясының тағы бір мысалы Түркістан облысындағы өнеркәсіптік кооперацияның халықаралық орталығын салу жобасы болуы мүмкін. Мұнда сауда ғана емес, бірлескен өнеркәсіптік кәсіпорындар да дамитын болады. Сонымен қатар экономиканың басқа да салаларында бір-бірімен үйлестіріп жүргізуге мүмкіндік беретін бағыттар да баршылық.

«Өзбекстанда да, Қазақстанда да пайдалы қазбалар бар. Бұл жерде біз бір-бірімізге көмектесе алар едік. Мәселен, Өзбекстан тарапынан шекаралас өңірлерде уранды барлау, игеру және өндіру сияқты проблеманы шешу үшін Қазақстан мамандарына сұраныс бар. Біз осы бағытта бірлесіп жұмыс істей аламыз», дейді Арупов.

Сарапшылардың айтуынша, қазір Өзбек­стандағы инвестициялық климатты оң деп бағалауға болады. Ел басшылығы белгілі бір шаралар қабылдағаннан кейін – бірінші кезекте валютаны айырбастауға рұқсат бергеннен кейін елге шетелден инвестиция белсенді түрде құйыла бастаған. Соңғы 6-7 жылда шетелдік компаниялар көптеп келген. Егер бұрын «Procter & Gamble» немесе «Unilever» сияқты әлемдік алыптар елден кетіп, тек дистрибьюторлар арқылы жұмыс істесе, қазір олар қайта оралып, Өзбекстанда кеңселерін қайта ашқан. Маркетолог Азизбек Юсуповтің айтуынша, соңғы бірер жылда өзбек және қазақ инвесторлары құрылыс, ритейл нарығына көптеп қаржы сала бас­тады. Тіпті қазақстандық компаниялардың бірі теледидардағы жарнама берушілердің ондығына кіріп үлгерген. Оның айтуынша, Өзбекстан нарығы шынымен де өте ерекше және тіпті ойын ережелері бойынша да, тұтынушылардың мінез-құлқы бойынша да біздің нарықтан ерекшеленеді.

«Бізде монотілді ел бар. Халықтың шамамен 97%-ы өзбек тілінде сөйлейді. Егер Қазақстанда орыс тілінің коммуникациядағы үлесі әлі де болса жоғары болса, Өзбекстанда олай емес. Телешоудың 95%-дан астамы тек өзбек тілінде жүреді. Өңірлердің бір бөлігінде, мысалы, Самарқанд пен Бұхарада жергілікті халық негізінен тәжік тілінде сөйлейді. Брендтер тұтынушымен коммуникация құрған кезде міндетті түрде осыны ескерулері қажет», дейді сарапшы.

«BI Group» холдингі өткен жылдың соңында Ташкентте өзінің алғашқы жобасын жариялады. Мұнай мен суды тазартуға арналған түрлі химиялық реагенттерді өндіретін отандық «EASY 860» компания­сының да өз филиалын ашқаны ақпарат құралдарында айтылып жатты. Қазақстан бизнесмендері үшін Самарқанд, Бұхара, Хиуа және Ташкент облысындағы туристік жобалар да тартымды болып саналады.

Форум спикерлерінің бірі, «BI Group» өкілі Асан-Әлі Жұмабаевтың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстанда жылжымайтын мүлік азаматтар арасында да, инвесторлар арасында да үлкен сұранысқа ие. Қазақстанда сатып алу-сату мәмілелерінің саны Өзбекстандағыдан орташа алғанда жоғары. 2023 жылы Қазақстанда 371 мың тұрғын үй сатып алу-сату мәмілесі жасалған, бұл Өзбекстандағыдан сәл көп (342 мың мәміле). Тұрғын үй жылжымайтын мүлігіне сұраныс екі елде де халықтың белсенді урбанизациясы және өсуі есебінен ынталандырылады.

«Екі елдің құрылыс индустриясында біраз ерекшеліктер бар. Көршілеріміз құры­лыс­тың бастапқы кезеңін қазақстандық инвесторларға тапсырса, екінші, үшінші кезеңін өздеріне тапсыруға басымдық береді. Себебі көрші елдің құрылысшылары бұл бағытта маманданған және жұмыс күші де арзан. Екінші ерекшелік, өзбек нарығында біздің елдегідей ипотекалық бағдарламалар аз, біраз қозғалыс бар. Ипотека нарығын несиелендіруге мүдделі екінші деңгейлі банктердің қатары өсіп келеді. Демек қазақ инвесторларына бизнесін әртараптандыруға да мүмкіндік бар деген сөз», дейді Асан-Әлі Жұмабаев.

 

АЛМАТЫ