Орта дәліздің Жезқазған мен Қарағанды арасындағы мақсатты бөлігіне айтарлықтай қаржының салынуы нәтижесінде TRACE жобасы ұлттық және жергілікті көлік байланыстарын айтарлықтай жақсартпақ. Сонымен қатар сауда бағыттарын да оңтайландыра түседі. Климаттың өзгеруіне қолайлы төзімділік танытатын мұндай жобалар жергілікті азаматтар үшін өте пайдалы болмақ. Себебі жұмыс орны мен қызметтерге деген қолжетімділік әжептәуір жеңілдейді. Ұлытау мен Қарағанды облысындағы экономикалық өсім оң нәтиже көрсете бастайды.
Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михневтің айтуынша, жоба климат өзгерісін басты назарға алады және жол құрылысы мен оған қызмет көрсету бойынша инновациялық шешімдерді енгізеді. Жол құрылысына алдыңғы қатарлы материалдар пайдаланылады, сонымен бірге, қар мен бұрқасынға қалқан болар құрылыстар тұрғызылып, су тасқынының алдын алатын шаралар да қарастырылады.
TRACE жобасы жобаға әйелдердің қатысуын да қамтамасыз етпек. Оларға жол секторында жұмыс орны мен тәжірибеден өту мүмкіндігін ұсынып, кәсіби теңсіздікті төмендетуге күш салады.
«Инфрақұрылымға инвестициялармен қатар, жобаның қызметі келісімшарттар мен техникалық қызмет көрсетудің тиімділігін оңтайландыруға, сондай-ақ жеке инвестицияларды тартуды көздейтін реформаларға бағытталған. Жоба сонымен қатар өсіп келе жатқан көлік құралдарының шығарындыларынан туындайтын мәселелерді шешуге және тұрақтылық пен қауіпсіздікке бағытталған жолдарды жобалаудың заманауи стандарттарын әзірлеуге негізделген», дейді жоба дайындығы тобының жетекшісі Ниджат Валиев.
Бастаманы Үкіметтің мемлекеттік кепілдігін ала отырып «Қазавтожол» ұлттық компаниясы жүзеге асырмақ. Дүниежүзілік банк пен Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкі бірлесе атқаратын жобаны 2032 жылдың 30 маусымында аяқтау жоспарланып отыр.