Заң мен Тәртіп • Кеше

Мал ұрлығы тыйылмай тұр

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысында төрт түлікті ұрлау әлі де сейілмей тұр. Жергілікті полицейлер жыл басынан бері жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде мал ұрлығына қатысты 27 қылмысты ашып, 7 адамнан құралған 1 қылмыстық топты ұстады. Жоғалған 70 малды иелеріне қайтарды.

Мал ұрлығы тыйылмай тұр

Мәселен, Жылыой аудан­дық полиция бөлімінің қызмет­керлері 25 жастағы күдіктіні ұстады. Ол Ақкиізтоғай ауылында 14 мәрте ұрлық жасап, 34 ірі қараны жымқырған. Күдіктінің заңсыз әрекетінен мал иелеріне 5 млн теңге шығын келген.

«Жедел іздестіру іс-шарасы кезін­де мал ұрлығына қатысы бар деген күдікті ұстады. Күдік­ті – Құлсары қаласының тұр­ғыны. Бұған дейін ұрлық жаса­ғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ұсталған күдікті ұрлаған ірі қараны сату үшін әлеуметтік желіге хабарландыру жария­лап отырған. Ұрланған малды сатып алған тұрғындар да анықталды», деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тінту жүргізу кезінде күдік­тінің мобильді телефонынан ұрланған малдың фотосурет­тері мен сатып алушылар ара­сын­дағы жазбалар табылды. Күдікті кінәсін мойындап отыр. Қазір күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері қосымша дәлелдер жинау үшін телефон қоңырауларының биллингісін тексеріп жатыр. Мал ұрлығына басқа да адамдардың қатысының бар-жоғын тексеру қолға алынды.

Ал Қызылқоға аудандық сотында 13 жәбірленушінің малын ұрлап, 6,9 млн теңге шығын келтірген ер адамға қатысты іс қаралды. Ол да бөтеннің малын жасырын түрде бірнеше рет жымқырған. Сол себептен оған Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен айып тағылған.

«Айыпталушы Қ. өзінің шаруа қожалығының аумағында бөтеннің бірнеше сиыры жайылып жүргенін көріп, пайдакүнемдік ниетпен жасырын жымқырған. Бұл ісін бірнеше рет қайталаған. Ұрлаған малды сатып, ақшасын өз қалауы бойынша жұмсаған. Оның кінәсі өзінің және жәбірленушілердің жауаптарымен, қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді», деп мәлімдеді аудандық соттан.

Аталған істе бір жайтқа назар аударылды. Бұл – сотталушының қылмыс жасаған кезде бұрынғы ұрлығы үшін пробациялық бақылауда жүргені.

Осыған байланысты прокурор айыпталушыға жаза таға­йындау кезінде екі бапты қолдануды ұсынды. Біріншісі – айып тағылған баппен мүл­кін тәркілеусіз, 6 жылға бас бос­тан­дығынан айыру. Ал екін­шісі – Қылмыстық кодекстің 60-бабының 1-бөлігі негізін­де бұрынғы үкім бойынша жазасының өтелмеген бөлігін ішінара қосу арқылы түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау.

Мүйізді ірі қарасы ұрлан­ған жәбірленушілердің бірқа­тары қатаң жаза тағайындауды сұрады. Кейбірі жаза тағайындау мәселесін соттың құзырына қалдырды.

Жаза тағайындау кезінде бір­­неше жайт ескерілді. Бірін­ші­ден, сотталушы кінәсін мо­йын­­дап, өкінішін білдірген. Екінші­ден, оның жас балалары бар. Міне, осындай себептер жазаны же­ңіл­дететін мән-жайлар ретін­де қаралды. Алайда сотталушы төтенше жағдай кезінде қылмыс­тық құқық бұзушылық жасағаны ескерусіз қалмады. Ал бұл – жазаны ауырлататын мән-жай.

«Сот үкімімен айыпталушы Қ. Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылды. Оған 60-баптың 1-бөлігімен түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», деп мәлімдеді аудандық соттан.

 

Атырау облысы