Қарызсыз қоғамды, заңдылық пен құқықтық тәртіп мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қаржылық сауатын арттыру – құқық қорғау органдарының алдында тұрған маңызды қадамның бірі.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру өкілдері атап өткендей, мұндай алдын алу іс-шаралары республика бойынша барлық аймақта ұйымдастырылып жатыр. Жастар заңсыз айналымдағы есірткі заттарының орны толмас қайғы-қасірет алып келетінін білуі керек. Жеке қаражатты сауатты басқару, құмар ойындардың қаупі туралы кеңірек мағлұмат алу олардың келешегіне оң әсер етеді.
Форум қатысушылары құмар ойындар адамның өмірін қалай құртатынын, оларды ұйымдастыратындар адамдарды тартудың түрлі айла-шарғысын ойлап табатынын түсіндірді. Кейінгі уақытта жастар арасында есірткіні және психиканы бұзатын заттарды заңсыз тасымалдау деректері жиі тіркеліп отыр. Есірткіні заңсыз тасымалдау мен тарату – қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады. Екінші жағынан мұндай заңсыз әрекет қоғамда нашақорлықтың көбеюіне теріс әсер етеді.
Өңірлік полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Ирина Темірғалиева есірткіге елітетін жас азаматтардың алдында тұрған тәуекелдер туралы әңгімелеп, олардың бара-бара өзін тұлғалық тұрғыдан қалай жоғалтатынын нақты мысалдармен келтірді.
– Айналайындар, сендер әлі көп дүниенің қадірін түсінбейтіндеріңді, адами құндылықтарға маңызбен қарай қоймайтындарыңды жақсы білеміз. Бірақ біздің міндет – қоғамды алаңдататын қауіпті өздеріне түсіндіру. Кейін опық жеп, қайғы-қасіретке түспеу үшін не нәрсенің болса да байыбына бармай, әрекет жасамау керек. Егер топ ішінде жүргенде замандастарың есірткі пайдаланып көруге кеңес берсе, сөзін соңына дейін тыңдаңыздар. Ол сөзін аяқтаған соң сұрақтарыңызды қойып, өзіңіздің естіген дәлелдеріңізді алға тартыңыз. Мейлінше көп сұрақтар болса, ұсыныс жасаған адамның өзі де абдырайтыны белгілі. Ал соңында бәрібір «жоқ» деп жауап бергеніңіз маңызды. Ашу үстінде өзіңізге қарата айтылған балағат сөздерге мән бермеу керек. Бұл жерде жанжал туындату – ең үлкен қателік. Өзіңізді қорғауға әрекеттену қарсыластың ашуын қоздыра түседі. Сіздің бойыңыздағы жеке қадір-қасиетті өзгелер бағалайды деп ойлау – қателік. Ал адамдар бір-бірін талқылауға құмар. Өзіне сенімді адамды қоғам әлдеқайда жоғары бағалайтынын білген абзал, – деді маман.
Іс-шара соңында студенттерге есірткі қылмысының алдын алу мен қаржы басқару туралы ақыл-кеңестер жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.
Павлодар облысы