Қазақстан спортшылары дербес делегация ретінде жазғы Олимпиада ойындарына сегізінші мәрте қатысты. Төртжылдықтың басты бәсекесі біздің ел құрамасының 1 алтын, 3 күміс, 3 қола иеленіп, жалпы командалық есепте 43-орынға тұрақтауымен есте қалды.
Бұл жолғы жазғы Олимпиада ойындарының ерекшелігі ресми ашылу салтанаты спорт нысанында емес, Сена өзенінің үстінде өтуі болды. Байрақты додаға спорттың 25 түрінен 92 лицензияны иеленген 80 спортшы қатысты.
Жетістігіміз – жеті жүлде
Жарыстың алғашқы күні Елдос Сметов 60 келіде алтыннан алқа тағып, еңсемізді биікке көтерді. Осылайша ол тәуелсіз Қазақстан тарихында дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ спортшысы атанды. Дзюдодан 66 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ғұсман Қырғызбаевтың қола жүлдесі де алтынға бергісіз. 60 келіде сегіз жыл күрескен Қырғызбаевтың бұйырмаған Олимпиада жолдамасы 66 келіде қолына түсті.
Көркем гимнастикадан тарихи күміс медальді еншілеген Нариман Құрбановтың жеңісін ерекше атап өткен жөн болар. Нариман ат үстіндегі жаттығуды ең бірінші болып орындап, 15.433 ұпай алды. Ол базалық қиындығы 6.7-ге тең жаттығуды сәтті орындап шықты. Бұл жетістік Қазақстан тарихындағы спорттық гимнастикадағы тұңғыш медаль болды.
Александра Ле Париждегі Олимпиада ойындарында Ислам Сатпаевпен бірге пневматикалық винтовкадан 10 метр қашықтыққа аралас жұптық нысанадан көздеу сайысында қола медаль жеңіп алды. Қола жүлде үшін Қазақстан мен Германия командасы арасындағы тартыс 17-5 есебімен аяқталған еді.
Еркін күрестен белдескен мықтылар көп, солардың арасына сыналап кіріп қана қоймай, екінші үздік болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Париж кілемінде Демеу Жадыраев әлемнің екі дүркін чемпионы Ақжол Махмұтовты (Қырғызстан) жеңіп, алтынға жете алмай, күмісті қоржынға салды.
Айта кетейік, спорттық өрмелеуден Әмір Маймұратов іріктеу кезеңінде 4,89 секундтық нәтижемен Олимпиада рекордын жаңартқан еді.
Осылайша ұлттық құрама олимпиада ойындарында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен командалық есепте 43-орынға табан тіреді. Барлығы 126 медаль (40 алтын, 44 күміс, 42 қола) жинаған АҚШ құрамасы топ бастаса, алтынының саны АҚШ-пен бірдей, күмісі мен қоласы аз Қытай (27 күміс, 24 қола) екінші орын иеленді. Азиялық және бір ел – Жапония (20, 12, 13) 45 медальмен үздік үштікті түйіндеді.
Биыл Қазақстан құрамасы үшін Париждегі XVII Паралимпиада ойындарында мпортшылар тоғыз медаль алып, Токиодағы үздік көрсеткішін жаңартты.
Пауэрлифтингтен 54 келі салмақта сынға түскен спортшымыз Давид Дегтярев 188 келі көтеріп алтын медальді жеңіп алды. Дегтярев ел тарихындағы екі дүркін паралимпиада чемпионы болған алғашқы спортшы атанды.
Сонымен қатар, Паралимпиадалық дзюдодан 48 келі салмақта Ақмарал Науатбек чемпион атанды. Ақмарал Науатбектен бөлек Ерғали Шамей күміс; ал Даяна Федосова, Зарина Раифова және Жұрқамырза Шүкірбеков қола медальді қоржынға салды. Одан бөлек нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, жүзуден Нұрдәулет Жұмағали күміс алса, жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков қола медаль еншіледі.
2024 жылғы паралимпиада ойындарына 9 спорт түрінен 33 лицензия алған Қазақстан құрамасы Парижге 44 спортшы алып барды.
Осылайша, Қазақстанның паралимпиада құрамасы Париждегі жарысты рекордпен аяқтады.