
Іс-шараны ұйымдастыруға Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері мен Жетісу облыстық әкімдігі қолдау көрсетті.
Фильмнің режиссері – Ерлан Ошақбаев. Бұл туындыда жас мұғалімнің туған ауылына оралуы, өзі білім алған мектепте жұмысқа орналасуы, оқушылармен байланысы, мұғалім беделін нығайтуға деген талпынысы, ұстаздықтың қиындығы мен қызығы көрініс тапқан. Сондай-ақ фильмде заманауи педагогиканың өзекті мәселелері де қозғалған. Таныстырылым барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, фильмді еліміздің телеарналарында көрсету туралы бастама көтерді.
«Мемлекет басшысы педагогтердің қоғамымызда маңызды рөл атқаратынын атап өткен болатын. Бұл сөздер педагогтерді қолдауға және білім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдармен бекітілді. Алғашқы және маңызды қадамдардың бірі 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы болды, ол педагогтердің жұмыс жүктемесін азайту, артық функциялардан босату және жаңа ынталандыру шараларын енгізу мәселелерін реттеді. Осы фильмнің негізгі миссиясы – педагогтің тек мамандық емес екенін көрсету. Олардың қоғамдағы рөлін терең түсінуге, жас мұғалімдер үшін жауапкершілікті сезінуге және кәсіби дамуға шабыттандыратын маңызды себеп болатынына сенемін», деді министр.
Фильмнің идея авторы – белгілі журналист Бейсен Құранбек, сценарийін жазған – Гүлмира Қадырқызы. Кейіпкерлердің рөлін Жетісу облыстық драма театры мен оқушылар сарайының актерлері сомдаған.
Айта кетейік, «Ұстаз» фильмі Жетісу телеарнасының қолдауымен түсірілген. Енді бұл туынды еліміздің басты телеарналарынан көрсетілмек. Бұл фильм – мұғалім мамандығының беделін арттыруға әрі оның қоғамдағы орнын айшықтауға бағытталған ерекше жоба.