Экономика • 25 Желтоқсан, 2024

Сенім үдесі – жауапкершілік

42 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді.

Сенім үдесі – жауапкершілік

Кейінгі жылдары облыс өнер­кәсібінде ауқымды инвести­ция­лық жобалар іске асырылды. Білім беру, денсаулық сақтау салалары ілгерілеп, халықтың өмір сүру сапасы жақсарып келеді. «Мемлекет басшысы атап өткендей, біз «Мықты өңір – мықты ел» қағидатына сәйкес жұмыс істеуіміз керек. Сондықтан барлық іс-әрекетіміз эконо­ми­каның негізгі салаларын тұрақты дамытуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, бастысы, халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, тұрақты жұмыс­пен қамтамасыз етуге бағытталып отыр», деді әкім.

Биыл облыстың негізгі макро­эко­номикалық көрсеткіштері жоғары. Ауыл шаруашылығы­ның көрсеткіші 19,4%, құрылыс – 14,1%, жеке инвестициялар – 10,7%, сауда – 9,9%, көлік құрастыру – 5,3%, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 4,1 пайызға өскен. Орташа жалақы мөлшері 13,3%-ға жоғарылап, 329 131 теңгеге жеткен. 17 мың жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға төмендеген. Тұрмысы төмен, атау­лы әлеуметтік көмек алатын отбасылар да айтарлықтай азайған. Былтыр өңірде 3464 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, биыл олардың саны 2356-ға дейін кеміген.

Әкім өңір экономикасы­ның әрбір саласына жеке тоқта­лып өтті. Облыс өнеркәсібінің көлемі бүгінде 2 600 млрд теңге­ге жет­кен. Тау-кен байыту сала­сын­да айтарлықтай өсім бар. Бұл саланы әрі қарай дамыту мақсатында «Қарметтің» Лисаковтағы филиалын қайта жаңғырту көзделіп отыр. Бұған 123 млрд теңге инвестиция тар­тылады. Жаңа жоба бойынша мұн­да жылына 2,5 млн тонна металл өндірілмек.  

«Биыл автомобиль өндірісінде 4 жоба іске асырылды. «Hongqi», «Шкода» автокөліктерінің жаңа желісі іске қосылды. «Шевролет оникс» автомобильдерін ұсақ торапты құрастыру жобасы жүзеге асырылды. Бұл ауқымды жобаға 33,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Төртінші жоба – пластик бояу цехына 6,7 млрд теңге инвес­тиция салынды. Бүгінде 100 адам жұмыс істеп жатқан цехта жылына автомобиль өндірісіне қажет 64 мың пластик бұйымдар боялады», деді Қ.Ақсақалов.

Биыл облысқа 500 млрд теңге көлемінде инвестиция тартыл­ған. Қомақты қаржы индустрия­лық, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Қос­танайда екі бірдей зауыт іске қосылды. Біріншісі – жылына жүк көліктеріне қажет 45 мың тонна құйма өндіретін шо­йын құю зауыты. Кәсіпорынға 78,2 млрд теңге қаржы салынды. Зауытта қазір 500 адам жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар мұнда жүк техникасының авто­ком­поненттерін шығару, жүк автомо­бильдерінің жетекші бел­демесінің редукторын оқшау­лауды тереңдету жобалары іске асырылып жатыр. Биыл іске қосыл­ған екінші зауыт теміржол вагондарына арналған пружиналарды шығарады.

«Өңірде жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеге 38 инвестиция­лық жобадан тұратын пул қалыптас­тырылды. Жобаларды жүзеге асыру барысында 9,7 мың жұмыс орны құрылады. Биылғы инвестиция көлемі былтырмен салыстырғанда 24%-ға артық. Айта кетерлігі, инвестицияның 77%-ы – жекеменшік. Осылайша, екі жылда өңірге 1 млрд доллардан астам тікелей шетел­дік инвестиция тартылды», деді өңір басшысы.

Өңірде соңғы екі жыл ішінде 12 индустриялық жоба іске асырылды. Жобаларға 152 млрд теңгенің үстінде инвестиция салынып, екі мың жұмыс орны ашылды. Жаңа ашылып жатқан жұмыс орындарының саны жөнінен облыстағы ең ірі жоба – «KIA» автокөліктерін шығаратын автомобиль зауыты.  Кәсіпорын іске қосылған соң 1,5 мың жұмыс орны ашылады. Қазір зауыттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 2023 жылы қараша айында басталған құрылыс жұмыстары небәрі бір жарым жылдың ішінде аяқталып, келесі жылы алғашқы автомобиль конвейерден шығады деп жоспарланып отыр.  

Өңірдің көлік-логисти­ка­лық кешенін дамыту мақсатын­да Қостанайда құрғақ порт салынады. Жобаның қуаттылығы жылына 400 мың контейнерді құрайды. Инвестиция көлемі – 52 млрд теңге. 700 жұмыс орны ашылады. Бұл халықаралық көлік-логистикалық хаб Қостанай облысы арқылы контейнерлік тасымалдау көлемін бес есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Несиелендірудің қолже­тім­ділігін арттыру мақсатында 2023 жылы облыста «Бизнес-Көмек» өңірлік бағдарламасы іске қосыл­ған. Аталған бағдарлама Арқалық қаласы мен Жангелді, Амангелді аудандарының кәсіп­керлеріне жылдық сыйақысы 1% болатын несие алу мүмкіндігін береді.

«Бағдарлама нақты экономика секторын қолдауға, экспортты арттыруға бағытталған. Бүгінгі таңда бағдарлама аясында 28 жоба мақұлданып, оның 24-іне  несие берілді. Қазір несие­лік бағдарламаны Амангелді ауданының кәсіпкерлері тиімді пайдаланып жатыр. Одан кейін Жангелдин ауданы мен Арқалық қаласының кәсіпкерлері алды. Осы несиені алған 16 шаруа қожалығында мал басы екі есе көбейді. Бес-алты фермер мал қорасын салып алды. Арқалықта бір кәсіпкер тігін цехын ашты. Бұл жоба оңтүстік өңірдегі аудан­дар үшін өте тиімді. Өйткені кәсіпкерлерге қажетті ресурс­тар­ға қол жеткізіп, нарықтағы өз позицияларын нығайтуға, аймақтың экономикалық дамуына үлес қосуға мүмкіндік бере­ді. «Бизнес-Көмек» бастамасы шағын және орта бизнесті қолдау жүйесі­нің маңызды элементіне айналып, Қостанай облысында өсу мен инвестицияның жаңа көкжиек­терін ашты», деді әкім.

Аймақта үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімдер үлесін 70%-ға дейін арттыру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы жоспарлы түрде орындалып жатыр. Осы мақсатта бидайды терең өңдеу зауытын салу жобасы жүзеге асырылды. Зауыт әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие глютен, крахмал, биоэтанол, лизин сияқты бірегей өнімдерді шығаруды жос­парлап отыр. Инвестициялар 70,0 млрд теңгені құрайды, жылына 415,0 мың тонна өңделген бидай өндіретін қуаттылыққа ие болады, 650 жұмыс орны құрылады. Сүт өнімдерін өндіруді арттыру мақсатында алты заманауи жоғары технологиялық сүт-тауар фермаларының құрылысы бас­талды. Сонымен қатар жылына 10 мың тонна дайын өнім шы­ғаратын 20 жаңа түрдегі ірім­шік өндірісі кешені ашылды. Зауыт іске қосылғаннан кейін облыс­та өңделген сүттің үлесі 60%-ға жетеді. Кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі – 7,2 млрд теңге шамасында.

Өңірде табиғи газға сұраныс жоғары, сондықтан көгілдір отын тапшылығы бар. 2019 жылдан бері жаңа тұтынушылар мен кәсіпкерлік нысандарын қосуға рұқсат берілмей отыр. Алайда бұл мәселе шешімін табатын күн алыс емес. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе облысынан Қостанайға дейін магистралдық газ құбырын тарту жоспарланып, оған 500 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған. «Бұл – Тәуелсіздік алғаннан бергі өңірдегі ең ірі жоба. Ол өмірдің барлық саласына әсер етіп, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады», деді аймақ басшысы.

Соңғы жылдары Қостанай об­лысы баламалы энергетиканы дамытуда елеулі қадам жаса­ды. Пайдалануға берілген жаңар­тылатын энергия көздерінің қуаты екі есеге жуық, 2022 жылғы 50 МВт-дан 2024 жылы 98 МВт-ға артты. Мұндай нәтиже жаңа жел электр стансаларын салу, оны іске қосудың нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Биыл өңірдегі жергілікті маңы­зы бар жолдарды жөндеуге 36,6 млрд теңге бөлінді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,8 есе көп. Бүгінде Қостанай, Ақмо­ла облыстары арқылы өтетін респуб­ликалық маңызы бар «Жезқазған – Петропавл» автожолын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Жобаның жүзеге асырылуы еліміздің оңтүстік аймақтарының көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, оңтүстік облыстардан, сондай-ақ Өзбекстан мен Қыр­ғызстаннан Астанаға дейінгі жолды 600 км-ге, Қостанай мен Петро­павл қала­ларына дейінгі жолды 450 км-ге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Облыстың көлік инфрақұрылымына 73,8 млрд теңге бөлінді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 72%-ға көп», деді Қ.Ақсақалов.

Облыста интернет қуаты артып, байланыс сапасы да едәуір жақсарды.  2023 жылы ірі опе­ра­тор­лармен интернет сапасы төмен 161 ауылды мобильді 4G бай­ланысымен қамтамасыз ету жөнінде бірлескен әріптестік туралы мемо­рандумға қол қойыл­ған. 1 млрд теңге қаржыға 50 ауыл­­ға интернет тарататын антен­на-діңгек орнатылды. Алдағы екі жыл ішінде тағы 50 елді мекен­ді сапа­лы интернет байланысы­мен қамтамасыз ету көзделіп отыр. 

 

Қостанай облысы