Барды жоқ еткен, тауды жер еткен, ата-ананы қарашығынан, баланы асқар тауынан, келіншекті сүйген жарынан, талай жанды жақынынан айырған, адамзат тарихын қанға бояған зұлматтың аяқталғанына биыл 70 жыл болды. Уақыт диірмені айналып, бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, Ұлы Отан соғысы халықтың жүрегінде өшпес із қалдырды. Кеудеге жара салған бұл қасірет қазақ халқының басына да бұлт болып үйірілген еді. Өйткені ерлеріміз майданда жүріп ел намысын жыртса, аналарымыз тылда бел шешпей еңбек етіп, сол азаматтарының тілеуін тілеп, тақымын қысты. Сондықтан соғыс бір де-бір қазақ отбасын айналып өтпеді. Олардың қатарында Әбуевтер отбасы да бар еді. Бұл әулеттің төрт бірдей қайсар ұлы сұрапыл соғысқа аттанды. Екеуі Отан үшін жанпида етіп, қанды қырғаннан оралмады.
Шыдамын жігермен, жігерін шыдаммен шыңдаған кенжесі Талғаттың көрер жарығы әлі де бар екен. 1925 жылы Қызылода облысы Қармақшы ауданына қарасты бұрыңғы №12 Қосарық (қазіргі Тұрмағанбет ауылы) ауылдық кеңесінің қамтуындағы елді мекенде дүниеге келген ол кедей шаруа жанұясында тәрбиеленген. Әке-шешесінің соңында жүріп, қаршадайынан ауыл жұмысына араласады. Сондағы Ворошилов атындағы жетіжылдық мектепті тамамдайды. Соғыс басталған жылы небәрі 16 жаста еді. Талғат өзінің сұрауы бойынша Қармақшы аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылады. Алдымен Қытайдың Маньчжурия қаласына жақын Мацеевский стансасында болып, сонда дайындықтан өтті. Осы жерде іріктеліп, Ленинградты қорғау үшін баратын эшалон әскеріне қосылады. Мұнда №92 дивизияның 9-ші полкіндегі 8-ші атқыштар ротасына түседі.
Олар жауды ығыстырып, Ленинград аумағын тазартқаннан кейін Псков облысы Кингисепп қаласына бекініс жасайды. Осындағы үлкен шайқаста қатты жараланады. Ленинград қаласындағы госпитальда емделген соң, соғысқа қайта кіреді. Бұл 1944 жылдың шілде айы болатын. Кеңес әскерлерінің жарақты тобы бұл жолы Эстонияның Нарва қаласын азат етуге жіберіледі. Осы шайқаста ерлік көрсеткен Талғаттың кеудесіне «Қызыл жұлдыз» ордені тағылады. Бірақ өзі де бес жерінен ауыр жарақат алған болатын.
Иә, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы жеңісті Ленинградтың госпиталында қарсы алған ол бұдан кейін де әскери міндетін жалғастырады. 1945 жылдың қыркүйек айында Шығыстағы жапондарды тізе бүктірген шайқасқа қатысады. Қағаз жазу (писарь) ісіндегі ұқыптылығы командирлер көзіне түсіп, біраз уақыт штабта жұмыс істейді.
Елге тек, соғыс аяқталғаннан бес жыл өткеннен кейін ғана оралып, Кенжеғаным Камаловамен отау құрады. Көп ұзамай Львов қаласындағы арнайы милиция мектебіне оқуға жіберіледі. Осыған орай лейтенант шенін алып келген ол Қармақшы, Қазалы, Арал, Байқоңыр қалаларында қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарып, майор шеніне дейін өсті. 1964 жылға дейін бейбіт өмірдің тыныштығын күзетіп, халыққа қызмет ете білді.
Мұнымен қоса 1965-71 ж.ж. Қармақшы ауданы Жаңақала кеңшардағы әуежай кеңсесінде, 1971-85 ж.ж. осы кеңшардың кадр бөлімінде жұмыс істеді. Ал 1985 жылдан бастап құрметті еңбек демалысына шықты. 1996 жылы Қызылорда облысы Белкөл кентіне көшіп келген ақсақал үйде қол қусырып отыруды жөн көрмеді. Осы кенттің ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Өтіп жатқан барлық іс шаралардан қалыс қалған жоқ. Өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру ісіне де бей-жай қарамады. Белкөл әкімшілігімен тығыз байланыста болып, кенттің тұрмыс тіршілігіне етене араласа білді.
Отанға адал қызмет етіп, майданда көрсеткен асқан ерлігі елеусіз қалмай, «Ударный десятой пятилетки» сияқты белгі беріліп, «Орден Красный Звезды», «Орден Отечественной войны І степени», «За победу над Германи в Великой Отечественной Войне», «Медалью маршала советского союза Жукова Г.К.», «Ветеран труда», «20 лет победы в ВОВ 1941-1945 г.», «30 лет победы в ВОВ 1941-1945 г.», «40 лет победы в ВОВ 1941-1945 г.», «50 лет победы в ВОВ 1941-1945 г.», «60 лет победы в ВОВ 1941-1945 г.», «30 лет Советской Армии и Флота», «50 лет Вооруженный сил СССР», «60 лет Вооруженный сил СССР», «70 лет Вооруженный сил СССР» сынды орден, медальдармен марапатталды.
2006 жылдың маусым айының 12 жұлдызында 82 жасқа қараған шағында дүниеден озған Талғат 5 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, одан 24 немере, 10 шөбере сүйген еді. Бүгінде мәуелі ағаш сынды жапырағын жайған Әбуов Талғаттың ұрпағы егемен еліміздің іргесін берік ету жолында тер төгіп жүр.
Оның өмір жолы, жасаған еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Жолдыбай Базар.