Қоғам • 24 Желтоқсан, 2024

Құтқарушы, чемпион, домбырашылар рекорды: 2024 жылы елді елең еткізген оқиғалар

157 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2024 жылы қоғамды елең еткізген көптеген оқиғалар болды. Олардың дені көпшілікті сүйсіндірді, адамдардың алғысын алды, үлгі болды. Egemen.kz тілшісі солардың бірсыпырасына тоқталады.

Құтқарушы, чемпион, домбырашылар рекорды: 2024 жылы елді елең еткізген оқиғалар

Баланы судан құтқарған батыр

Қазан айында 25 жастағы алматылық Ә.Жақсылық   Есентай өзеніне батып бара жатқан баланы судан алып шықты. Қас-қағым сәтте, еш ойланбастан суға секіріп, ерліктің үлгісін көрсеткен жанқиярлығы үшін ол ТЖ министрінің атынан «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.

Жас жігіттің әрекеті айналасында болып жатырған оқиғаларға бейжай қарамайтын адамгершілігі мол, жауапкершілігі жоғары қазақ азаматтарының арамызда бар екенін көрсетті. Қанымызға сіңген қайырымдылық жасау, қиналғанға көмек қолын созу, сындарлы сәтте шешім қабылдай алу  секілді қасиеттердің қазақ жігіттерінің  бойынан табылуы қашанда маңызды.

Маңғыстаулық каратэшілердің жеңісі

Маңғыстау облысының  спортшылары Сингапурде Сито-рю каратэден өткен XVI Азия және Мұхит елдерінің чемпионатына қатысты.

Өздерінің еңбекқорлығының арқасында 27 елден келген 700 қатысушының арасынан 9 спортшы жүлделі орындарға ие болды, атап айтқанда: 6 бірінші орын, 2 екінші және 1 үшінші орын.

1

 

Астанада үш мыңнан астам домбырашы рекорд орнатты

Астанада Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін үш мыңнан астам домбырашы бір мезетте орындады. Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде «Нағыз қазақ – домбыра» атты ауқымды іс-шара өтті. Оған елордадағы домбыра үйірмесіне баратын балалар қатысты.

Қатысушылардың өнерін 8 сарапшы, 4 маман бағалады. Өнер әлеміндегі бұл жарқын оқиға ресми түрде Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енді. Сонымен қатар, бұл оқиға әлемдегі ең үлкен музыкалық рекордтардың біріне айналуы мүмкін.

Қазақстандықтардың шахмат спортындағы жеңістері

Венгрияда өткен 45-ші шахмат олимпиадасы (45th FIDE Chess Olympiad) Қазақстан үшін тамаша нәтижемен аяқталды. Осылайша, еліміздің әйелдер құрамасы бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетіп, Қазақстанның шахмат тарихындағы тұңғыш Олимпиада күмісін жеңіп алды.

2

Жарыс барысында қазақстандық әйелдер сегіз жеңіс, екі тең ойын және бір ғана жеңіліс тіркеді. Қазақстан әйелдер құрамасының Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміске қол жеткізгені – қазақстандық шахмат спортының мықтылығын бүкіл әлемге паш ететін тамаша жетістік. Өте жас болса да, үлкен психологиялық қысымға және 11 матчтық марафонға қарамастан, команда 169 елден келген қарсыластарынан сенімді түрде озып, үздік атанды.

Іштегі нәрестенің өмірін сақтап қалған тұңғыш ота жасалды

Қазақстанда алғаш рет іштегі нәрестенің зәр шығару жүйесінің туа біткен ақауын түзету үшін құрсақішілік араласу жүргізілді. Тоа UMC клиникасының базасында Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында шетелдік мамандардың қатысуымен шеберлік сыныбы аясында жасалды.

Жүктіліктің 19-шы аптасында әйел адамның ішіндегі нәрестеде даму ақауы анықталды.

3

Пренатальды консилиум іштегі нәрестенің қуығын жатырішілік дренаждау қажеттілігі туралы шешім қабылдады. Бұл өкпе гипоплазиясының алдын алу және туылмаған балада бүйректің қалыпты жұмысын сақтау үшін қажет. Ота сәтті өтті.

Нәрестелік хирургия жаңа туған нәрестелердің өлімі мен мүгедектігінің алдын алу үшін жатырішілік оталар мен инвазиялық араласулардан тұратын медицинадағы жаңа бағыт болып табылады. Осындай процедуралар әлемнің жетекші медициналық орталықтарында жүргізіледі. Бұл жағдай медицина саласындағы озық жетістіктерді көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның әлемдік стандарттарға белсенді қадам басып келе жатқанын көрсетеді. Ота жоғары деңгейде шеберлік танытқан мамандар тобының үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды.

Биология пәнінің мұғалімі Никки Минаждың саунд-продюсері болды

Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында қызмет ететін Абай облысының жас педагог-биологы Е.Садуханов ұстаздық қызметін сүйікті ісімен ұштастыруда. Музыка әлемінде Teaholic ретінде танымал ол Blackpink тобынан Дуа Липа, Rosalia және Lisa секілді халықаралық жұлдыздармен жұмыс істеген. Жақында Е.Садуханов әйгілі америкалық рэп орындаушы Никки Минаждың саунд-продюсері болғаны туралы керемет жаңалығымен бөлісті.  Ол қоғам алдындағы жоғары жауапкершілік пен өз ісіне адалдықтың үлгісі бола білді. 

4

Анар Бурашева Эверестті бағындырған тұңғыш қазақ әйелі 

12 мамырда Непал уақыты бойынша сағат 07:25-те альпинист Анар Бурашева альпинистер командасымен бірге Kazakh Everest Team спорттық-патриоттық экспедициясы аясында Эверестке шықты. Анар Бурашева шыңға шығуын Ұлы Отан соғысының батырлары Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев және Әлия Молдағұловаға арнады.

Қол-аяғы жоқ қарағандылық Бурабайды жүзіп өтті

26 жастағы қарағандылық паралимпиадашы бір қолы мен аяғы болмаса да, Қазақстан тарихында алғаш рет Бурабай көлінен жүзіп өтіп, таңғажайып жүзуді көрсетті. Паралимпиадашы осы жүзу арқылы бүкіл әлемге біздің табиғи ғажайыбымыз – Бурабайды көрсетіп, параспортты елімізде және әлемде насихаттағысы келгенін атап өтті.