Оқиға • Кеше

Түпқараған ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды

75 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновке Үкіметтік комиссияның Ақтау қаласы маңында болған ұшақ апаты орнындағы жұмысы туралы ақпарат берілді, деп жазады Egemen.kz.

Түпқараған ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды

Фото: ТЖМ

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау маңындағы ұшақ апаты орнындағы Үкіметтік комиссияның жұмысы туралы есеп берді.

Бозымбаевтың айтуынша, құтқару қызметі іздеу жұмыстарын аяқтаған. Ұшақ апаты салдарынан 29 адам ауруханаға жатқызылса, 38 адам қаза тапқан. Пациенттер түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Жағдай тұрақтанғаннан кейін олар профильдер бойынша ауруханаға жатқызылып, толық көлемде ем алып жатыр. Сондай-ақ санитарлық авиация желісі арқылы Астанадан Ұлттық шұғыл медицина орталығы мен жетекші республикалық орталықтардың жоғары білікті мамандары барған. Ел мамандарынан бөлек РФ ТЖМ арнайы кеңесі мен Әзербайжан Республикасының санитарлық авиация бригадасы да келіп жеткен.

Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстары келгенде, оларға облыс әкімдігі трансферт, орналастыру және тамақтану бойынша қажетті көмек көрсетпек. Психологтар тобы да жұмыс істеп жатыр.

Өз кезегінде Көлік министрлігі Әзербайжан Республикасы Үкіметімен бірлесіп жұмыс істейді. Ертең Бразилияның авиациялық билігі мен Embraer компаниясы келетіні де айтылды. Түпқараған ауданында жергілікті техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша зардап шеккендерге толық көлемде медициналық көмек көрсетіліп, қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қажетті қолдау шаралары ұсынылып жатыр. Қазір жедел желі жұмыс істеп тұр, оған мыңнан астам қоңырау түскен.

«Бірінші кезекте қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Қазақстан Үкіметі мен уәкілетті органдар зардап шеккендерге және қайтыс болғандардың туыстарына барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр», деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр авиациялық қауіпсіздікті күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

оро