Фото: kursiv.media
Ауызсуға мұқтаждық, әсіресе, жаз айларында арта түседі. Өңір әкімшілігі бұл мәселені ірі мекемелер мен бизнеске берілетін су көлемін азайту арқылы шешуді жоспарлап отыр.
Осы бағытта облыстағы су тапшылығын жою үшін қуаты тәулігіне 147 500 текше метр болатын 10 су тұшыту зауыты мен қондырғы салынып, 1 магистралдық су құбыры қайта жаңартылып жатыр.
Соның бірі - Қарақия ауданындағы Құрық ауылында қуаттылығы 5000 м³/тәулігіне ауыз су өндіретін зауыттың құрылысы.
Облыс прокуратурасының қадағалаушылық үн қату актісінің негізінде әкімдік зауытты салу үшін инвестор «Алека» ЖШС-не 5 гектар жер учаскесін берген.
Жоба аясында 20 ұңғыма бұрғыланып, судың тұздылығын тексеру бойынша жұмыстар жүргізіліп, тоқ тарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Құрық ауылдық әкімдігінің мәліметінше, 2-ші желі бойынша жерге тоқ орналастыру жобасы жасалып, бұрын шыққан жобаларға өзгерістер енгізілген. 3-ші желі бойынша тоқ жүргізу жобасын қазір «ҚазТрансГазАймақ» қарастырып жатыр. Ал трансформаторлар жерге орналастыру жобасына жіберілетін жоспарға енгізілген. Әзірге зауыттың құрылыс нысанына электр желісін жүргізу және пайдалану үшін жерге орналастыру жобасы әзір.
Бастапқы кезеңдегі зауыт құрылысын осы жылдың соңында аяқтау жоспары 2025 жылға шегерілген.