
Суреттерді түсірген – автор
Дәстүрге айналған бүркітшілер сайысы биыл да халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылының көгінде қыран самғап, төсінде тазы жүгірді. Шабандоз жігіттер асау мініп, ауыздықпен алысты. Ұлт руханиятын ұлықтаған тартысты додаға Қытай, Моңғолия, Мажарстан, Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясының құсбегілері қатысты. Осындағы қызықты сәтті қалт жібермеген фотожурналистер ауқымды шараның нүктесін қойғандай болды бүгін. Мольбертке қаз-қатар тізілген фотосуреттерге көз жүгіртсеңіз, бірінде құсбегі бала болса, енді бірінде тазысын ертіп аңға шыққан ақсақал кадрға ілінген. Шүріппені дөп басқан фотографтар қайталанбас сәттерді бейнелеген. Тіпті қоянға түсе берген бүркітке дейін ап-анық тартылған. Үрейлі қоян, тегеурінді бүркіт. Қоян үшін соңғы дем болса, қыран үшін олжа.
– Көрме өткізудің сәті биыл түскен екен. Әйтпесе жылда жоспарлайтынбыз. Мұндағы мақсат суреттерімізді әлеуметтік желіде ғана емес, үлкен форматта көрерменге ұсынғымыз келді. Оның үстіне, неше жыл өтсе де, «Шығыс салбурыны» фестивалін көрмегендер бар екен. Солар көрмеге келіп, таңданыстарын білдіріп жатыр, – дейді фотожурналист Аяужан Өтеулинова.
Фестивальдің өтуіне мұрындық болған құсбегілер де ортамыздан табылды. Бозанбай ауылының тұрғыны Маркс Нажитбан құсын көтеріп, қызын ертіп, көрмені тамашалауға келіпті. Кішкентай қызы Айзере де қансонарда құс ұшырып жүрген нағыз бүркітші. Тіпті бүркіттің ұясына түсіп, балапандарын да алғаны бар.
Қайта жаңғырған құсбегілік өнерді насихаттап жүрген фотожурналистердің ерекше көрмесін тамашалаймын дегендерге, кітапхана есігі айқара ашық.
Шығыс Қазақстан облысы