Университет • Кеше

Тарих толқынындағы 90 жыл

86 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Биыл еліміздің көшбасшы жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық универ­ситетінің құрылғанына – 90 жыл. Осы кезеңде білім ордасы бірнеше даму сатысынан өтті. Алыс және жақын шетелдерге қуат­ты зияткерлік әлеуетімен, беделді ғылыми мектептерімен танылды.

Тарих толқынындағы 90 жыл

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келген арнайы сапарында білім ордасының әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар тапсырма берген еді. Көп ұзамай ҚазҰУ «зерттеу университеті» мәртебесіне ие болды. Бұл университеттің ғылыми әлеуетін көтеруге ықпал жасайтын жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

2019 жылы Мемлекет басшысы Бейжіңде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, ынтымақтастыққа қол жеткізген болатын. Бұл Қазақстан мен Қытай ара­сындағы ғылыми-техникалық ын­ты­мақтастықты арттыру, сондай-ақ мемлекет басшыларының ғылым мен жоғары білім беруді дамыту бағытындағы ауқым­ды бастамасы болды. Нәтижесінде, Ор­талық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне орнатылды. Құ­рылғының жоғары өнімділігі 2000 терафлопсты құрайды. Сондай-ақ әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіреді. Суперкомпьютер жасанды интеллект технологиясы, мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, Жерді қа­шықтықтан зондтау, 3D модельдеу салалары бойынша деректерді топтастырады. Жо­ғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үл­кен көлемімен жұмыс істеуге, елдің IT-инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Университеттің есептеу техникасы саласындағы мүмкіндіктерін едәуір кеңейте отырып, ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен дәлдігін арттырады. Құ­рылғы жасанды интеллект техноло­гияларын, университет қызметінің не­гізгі бағыттары бойынша ғылымды қа­жетсінетін есептеулерді жасау, IoT-объектілерді басқару және ұйымдастыру, Smart-технологиялар объектілерін бас­қару жөніндегі бағдарламалық қам­тамасыз етуді әзірлеу үшін пайдаланылады.

Сонымен қатар Өндірістік роботтехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығы жаңадан жасақталды. ҚазҰУ – KUKA неміс компаниясымен бірлесіп Дүние­жүзілік банктің өнеркәсіптік роботтехника бойынша елімізде алғаш компетенция орталығын құру жөніндегі жобасын іске асыруда. Орталық «Өнеркәсіп – 4.0» жүйесінде жұмыс істейтін кәсіби кадр­ларды даярлап, өндірісті автоматтандыру, цифрландыру мақсатын айқындайды.

Германиядан жеткізілген құрылғы стартаптарға технологиялық операция­ларды роботтандыру тұ­жы­рым­да­ма­ларын зерттеуге, көрсетуге және сы­науға арналған бірегей алаң ұсы­нады. Шын мәнінде бұл білімді, дағ­дыларды, мүмкіндіктерді тарату және әзірленген шешімдерді Қазақстанда да, шетелде де өнеркәсіптік компанияларға одан әрі енгізу үшін негізгі платформа болып саналады. Өнеркәсіптік роботтехника саласындағы инжинирингтік компетенция орталығы ғылым, білім және отандық өнеркәсіпті біріктіре отырып, Қазақстан өнеркәсібі үшін білікті кадр­ларды даярлау орнына айналады.

Биыл бұған қосымша «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы бой көтерді. Бес мың шаршы метрді құрайтын хаб креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асы­рады. Мұнда телекоммуникациялар мен ақпараттық технология­ларды өндіруде әлемде мойындалған ZTE, Binlin Electronic Technology, BASF корпорациясы және басқа да шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми зерттеу институттары орналасқан.

Президент тапсырмасына сәйкес, «Жасанды интеллект саласында маман тапшылығын жою» жұмыстары қолға алынды. Биыл ақпараттық технология­лар факультетінде Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасы құрылды. Жаңа оқу жылында алғашқы докторант­тар қабылданды. Олар жасанды интеллект көмегімен қауіп-қатерді анық­тау, шабуылдарды болжау және зиянды бағдарламалардан қорғау курс­тарын оқиды. Сондай-ақ шифрларды бұзу және деректерді қорғау үшін жасанды интеллект алгоритмдерін қол­дану дағдылары үйретіледі. Ірі IT-ком­паниялармен және мемлекеттік ұйымдармен тәжірибе алмасып, заманауи құралдармен жұмыс істеуге дайындайды. MIT, «Stanford» немесе «Carnegie Mellon» сияқты университеттердің білім беру бағдарламаларына бейімдейді.

Әлем елдерінде медицина саласын цифрландыру жүйесіне көшіру және жасанды интеллектіні медицинада қолдану қарқынды дамып келеді. Сол себепті «Медицинадағы жасанды интеллект» білім бағдарламасы бойынша ақпараттық технологиялар факультеті мен медицина және денсаулық сақтау факультеті бірлесе мамандар даярлайды. Бұл өз кезегінде клиникалық медицинада «Big Data» және жасанды интеллект зертханаларын құруға мүмкіндік береді. Клиникалық жазбаларды, суреттерді, зертханалық нәтижелерді, геномдық деректерді және басқа да маңызды ақпа­ратты қамтитын медициналық дерек­терді жинау, сақтау және талдау жүйесін қалыптастырады.

Халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту мақсатында университет биыл АҚШ-тың «Penn State» университетімен ІТ бағытында бірлескен ғылыми орталық құру туралы келісімге қол қойды. Фран­цияның экология және қоршаған ор­та институтымен «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі археозоологиялық орталық» зертханасын бірлесіп ашты. «ZooStan» орталығының негізгі мақсаты – соңғы миллион жыл ішінде адам мен жануар­лар арасындағы қарым-қатынас динамикасының призмасы арқылы өткен тарихты зерттеу.

Көшбасшы университет Гонконг поли­тех­ни­калық универ­ситеті ара­сындағы ын­тымақтастық туралы ке­­лісімге қол қойып, Ор­талық Азия­дағы Тұрақты даму ор­та­лығы жұ­мыс істей бастады. Орталық Азиядағы және «Бір белдеу – бір жол» жоба­сына қатысушы мемлекеттерде әлеуметтік мә­селелерді шешу мақ­са­тын көздейді. Осы жыл­­дың тамыз айында Ас­танада өткен Орталық Азия мемлекеттері бас­шыларының VI кон­суль­тативтік кез­десуі және «Ор­­талық Азия + Жапония» диалогінің бірінші саммиті аясында ҚазҰУ базасында Жапонияның Цукуба университетімен бірлескен Сейсмикалық орталық құру жөнінде келісім жасалды.

Мемлекет басшысы биылғы ресми сапарында «Қытай – біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет» деп атап өтті. Осыған орай «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында университет Қытай жоғары оқу орындарымен қарым-қатынасты тереңдеп келеді.

Қазіргі таңда ҚазҰУ мен Қытайдың 65 жоғары оқу орны тығыз байланыс орнатты. Олардың арасында Пе­кин университеті, Бейжің шет тілдер уни­верситеті, Шанхай шет тілдер уни­верситеті бар. Сондай-ақ Қытай ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институты, Сиань Цзяотун университеті және Солтүстік-батыс политехникалық университетімен ынтымақтастық жоғары деңгейде. 2023/24 оқу жылында Қытайдың жоғары оқу орындарына 100-ге жуық оқытушы-докторант, магистрант жіберілді. Ал ҚазҰУ-да Қытайдан келген 869 студент бі­лім алады.

Өткен жылы екі ел президенттерінің қолдауымен ҚазҰУ-да Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен 2025 жылы ғарышқа микроспутник ұшыру жоспарланып отыр. ҚазҰУ ға­лымдары ғарышты қашықтан бақылап, алынған деректер бойынша талдау жұмыстарын жүргізетін болады.

Мемлекет басшысы «климаттың өзге­руіне қарсы күрес және жасыл экономиканы дамыту секторларында күш біріктірудің мәні зор» екенін үнемі еске салып келеді. Қазақстан көмірге бай кен орындарына ие және әлемде көмір қоры бойынша 10-орында тұр. Қазақстанда көмір бастапқы энергияны тұтынудың 53,7 пайызын құрайды. Ал бұл көрсеткіш таяудағы бірнеше жылда тез өседі деп күтілуде. Алайда көмірдің 62-65 пайызының сапасы төмен. Қоршаған ортаға зиян­ды әсерді азайту үшін жаңа технологияларды енгізу өте маңызды. Осы тұр­ғыда университеттің жас ғалымдары мемлекет қолдауын пайдалана отырып, мемлекеттік және халықаралық жобаларды орындап жатыр. Соның бірі – көмір шахталарындағы жарылыстың алдын алуға болатын биотехнология әдістері арқылы метан газын бөліп алу.

География және табиғатты пайдалану факультетінде «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайда­лану» ғылыми орталығы ашылды. Жа­ңа ор­талық құрамына Орнықты даму мақ­саттарын іске асыратын 10 ин­но­вациялық зертхана кіреді. Атап айтқанда: климат және модельдеу, цифр­лық картогра­фия және қолданбалы геодезия, «GlobalSky» – атмосфералық зерттеулердің инновациялық зертханасы, су ресурстарының сапа­сын са­раптау, топырақ экология­сын және ландшафттардың деградация­сын гео­ақпараттық талдау, геодемо­гра­фия­лық және әлеуметтік-эконо­микалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Бұған қосымша, «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы іске қосылды. Жаңа орталық Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруінен болатын су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы, аймақтағы су тасқыны, жер сілкінісі сияқты табиғи қауіп-қатерлерге мониторинг жүргізеді. Орталық ғалымдары өткен жылғы көк­темгі су тасқыны кезінде штаб құра­мында Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында жұмыс істеп, ұсыныстар әзірледі.

Химия және химиялық технология факультетінде «Chemical Coating innovations» ғылыми-өндірістік орта­лығы ашылды. Мұнда машина жасау өндірісі үшін гальваникалық қап­та­малар шы­ғарады. Бұдан бөлек, факультет ғалымдары заманауи «Farabi Chem Science» тоғыз ғылыми зертхана кластерін ашты. Кластердің мақсаты – металл және ағаш конструкцияларға арналған отқа төзімді жабындарды жасау, қоршаған ортаны ластаушы заттарды анықтап, химиялық тоқ көздеріне ар­налған жаңа материалдарды әзірлеу. Сондай-ақ отандық медициналық-биологиялық құралдар мен бактерияға қарсы қорғаныш жабындарын алудың оңтайлы әдістерін әзірлейді.

ҚазҰУ базасындағы Дәрілік өсім­діктерді ғылыми зерттеу орталығында тұмау мен бауыр ауруларынан сақ­тайтын, коронавирус инфекциясына қарсы биологиялық белсенді қоспалар дайындалады. Сондай-ақ қант диабетін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақ­сартатын, иммунитетті көтеретін фитошайлар өндіріледі. Бүгінде ор­талық соңғы үлгідегі құрылғылармен жаб­дықталған.

Биылғы қараша айының басында ҚазҰУ-да жоғары білім беру мәселелеріне арналған «QS Higher Education»: «Asia Pacific» 2024 пре-саммиті өтті. Халық­аралық шара QS Азия-Тынық мұхиты саммитінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Жиынға 150 мемлекеттен, атап айтқанда, Қытай, Жа­пония, Индонезия, Үндістан, Ма­лайзия т.б. елдерден келген 350-ге жуық ЖОО ректор­лары, халықаралық сарапшылар және отан­дық жоғары білім басшылары қатысты.

Университеттің 90 жылдығы аясында атқарылған ауқымды іс-шараның бірі – І халықаралық Түркі дүниесі жастарының форумы. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен ҚазҰУ бір­лесіп ұйымдастырған ха­лықаралық шараға АҚШ, Германия, Швей­цария, Нидерланд, Түр­кия, Ру­мыния, Қыр­ғызстан, Өз­бекстан, Бол­гария, Әзер­байжан – бар­лығы 25 мемлекеттен 200-ге жуық жас­тар жиналды. Жастар фо­румы түбі бір түркі әле­міндегі интеллектуал жас­тардың басын қосуға үлкен мүмкіндік берді. Мұндағы мақсат – түркітілдес халықтар арасындағы бауырластық, достық қарым-қатынасты арттырып, мәдени, та­рихи, ғылыми ынтымақ­тастықты дамыту.

2022 жылы Қазақстан Президентінің қол­да­уымен ҚазҰУ қалашығы құры­лы­сының ІІ кезеңін бастау туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда жеті­қа­батты үш оқу корпусы мен 2200 орынға арналған үш жаңа жатақхананың құ­рылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, болашақта 12 мың орынға арналған жатақхана, тоғыз оқу корпусы және про­фессорлық-оқытушылық құрамға арналған 1080 пәтерлік 10 тұрғын үй салу көзделген.

Сондай-ақ технопарк, заманауи университет клиникасы, әкімшілік ғимараттар салу жоспарланды. Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы мен спорт-сауықтыру кешені қайта жаңғыртылды. Жоғары сападағы, заманауи үлгідегі ҚазҰУ стадионы УЕФА мен ФИФА ұйымдарының талаптарына сай күрделі жөндеуден өтті. Футбол алаңының жасанды жабындысы мен дренаж жүйесі әлемдегі Топ-3, Орталық Азиядағы Топ-1 талабына сәйкес келеді.

Мемлекет басшысының Түркияға ресми сапары аясында Ыстанбұлда ҚазҰУ филиалының ашылу рәсімі өтті. Осы жылдың 26 мамырында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке сапары барысында ҚазҰУ филиалының тұсауын кесті. Қазір мұнда бакалавриат пен магистратураның 13 білім беру бағдарламасы бойынша студенттер білім алады. Сонымен қатар ҚазҰУ базасында инженерлік білім берудің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін MИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің (Мәскеу ин­женерлік-физикалық институты) филиалы жұмыс істейді.

Жақында ҚазҰУ филиалы екі ел президенттерінің қатысуымен Ресейдің Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мем­лекеттік университеті базасында ашылды. ҚазҰУ-дың Омбыдағы филиалы «Халықаралық құқық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврлар мен магистрларды даярлайды. Болашақта қосдипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Сон­дай-ақ Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің ҚазҰУ-да іске қосылған филиалында тех­­никалық мамандар даярланады. ҚазҰУ мен Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университеті меморандум шеңберінде 2025 жылы ғарышқа микроспутник ұшырып, ғарышты бақылап, алынған деректер бойынша талдау жұмыстарын жүргізеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бү­гінде қанатын кеңге жайған әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті. Халық­аралық ғылыми қоғамдастыққа одан әрі интеграциялау, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­­мыс­тарды интернационалдандыру – білім ордасын дамытудың басым бағыттарының бірі. Университеттің ғылыми базасын дамыту мақсатында шетелден көптеген ғалым тартылуда. Оқу ордасы ғалымдар және студенттер алмасу, халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларын жү­зеге асыру, бірлескен ғылыми және білім беру қызметін орындау мақсатында жетекші шетелдік университеттермен ын­тымақтастық бағдарламаларын жүзеге асы­рып келеді.

ҚазҰУ халықаралық «QS WUR» рей­тингінде 163-орынға көтерілді. Пост­кеңестік елдерден бұл топқа тек екі уни­верситет – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кіреді. Биыл университет «Times Higher Education University Impact Rankings» – 2024 халықаралық рейтингінде Топ 401-600 орынға, «QS Asia University Rankings» халықаралық рейтингінде 29-орынға ие болды. Бұл рейтингте ҚазҰУ Бей­жің университеті, Сингапур ұлттық университеті, Корея университеті сияқты әлемдік университеттермен қатар, Топ-30-ға енді. ҚазҰУ мен Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы жоғары оқу орын­дары мен ұйымдары, соның ішінде әлем­нің жетекші университеттері мен орталықтары арасында сәтті жүзеге асырылып жатқан 700-ден астам келісім бар.

Білім ордасында 120 мамандық бо­йын­ша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады. ҚазҰУ базасында «Геоэнергетика» Қазақстан-Франция ғылыми-білім беру орталығы құрылды. Бұл орталықта қос диплом береді.

ҚазҰУ ғалымдары әлемнің үздік ғы­лыми орталықтары мен универ­си­тет­терінде тағылымдамадан өтуге мүм­­кіндік беретін «Болашақ» бағдар­ламасының «500 ғалым» жобасына белсенді қатысады. 2021-2024 жылдар ішінде университеттің 70 ғалымы мен қызметкері АҚШ, Еуропа, Азия елдерінің беделді университеттер ордасында тағылымдамадан өтіп, басым бағыттар бойынша әлеуетін арттырды.

Соңғы жылдардағы ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы кеңесінің хатшылығы ара­сындағы ынтымақтастық туралы келісім, I халықаралық Фараби фору­мының ашылуы, Еуропалық Пар­ла­мент деле­гациясының ҚазҰУ-ға ар­найы сапары, Халықаралық білім бе­ру жө­ніндегі америкалық кеңеспен (ACCELS) ынтымақтастық туралы келі­сім сияқты маңызды шаралар ҚазҰУ-дың халықаралық беделін жаңа сатыға көтерді.

Университеттің ғылым сапасын арттыру, білім алушыларды ынталандыру, жас ғалымдардың ізденістерін қол­дау, ҚазҰУ қалашығын жандандыру жұмыстары жүйелі жалғасатын болады. Тоқсан жылдық мерейлі белеске көтерілген Фараби университеті мемлекет қолдауымен, білікті ғалымдарымыз бен оқытушы-профессорларымыздың еңбегі арқылы алдағы кезеңде де межелі биіктерді бағындыра бермек.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректор