Сұхбат • 27 Желтоқсан, 2024

Отандық энергетика жүйесінің әлеуеті зор

194 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Электр энергетикасы дегенде, ең алдымен, еске KEGOC түседі. Өйткені Қазақстан Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің операторы ретінде бүтін елді үздіксіз энергиямен қамтуға тікелей жауапты. Бұдан бөлек, компания шекаралас мемлекеттердің энергожүйесімен бірлесіп жұмыс істейді. Соңғы жылдары KEGOC энергетикалық инфрақұрылымның әлеуетін күшейтіп, елді сенімді энергиямен қамтамасыз ету үшін бірқатар ірі ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асырып келеді. Көпшілік біле бермейтін, бірақ мемлекеттік маңызы зор жүйеге жауапты компанияның бүгінгі тынысы мен келешекке жоспары төңірегінде «KEGOC» АҚ» Басқарма төрағасының орынбасары Бақытхан Жазықбаевпен сұхбат құрған едік.

Отандық энергетика жүйесінің әлеуеті зор

− Бақытхан Медеғалиұлы, был­тыр­ғы қыс электр энергетикасында түйіні тарқатылмаған талай мәселенің барлығын айғақтап бергені белгілі. Ұлттық компания биылғы қысқа қапысыз қамданған болар. Қыстан қысылмай шығуға қандай қадамдар жасалды?

− Жалпы, KEGOC – Жүйелік оператор ретінде Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің сенімді жұмысына жауапты. Сонымен қатар отандық электр энергетика нарығында жүйелік және қосалқы қызметтер көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, шекаралас мемлекеттердің энергетикалық жүйелерімен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін «бір толқында» жұмыс істейді. Осы арада атап өткен жөн, KEGOC компаниясының қарамағында мыңдаған шақырымды құрайтын жоғары кернеулі электр желілері бар. Нақтылағанда, ұлттық электр торабын құрайтын ұзындығы шамамен 28 мың шақырымдық 220-1 150 кВ кернеулі электр жеткізу желілері мен 83 қосалқы электр стансасы үздіксіз жұмыс істейді. Мұншама электр желісінің үздіксіз жұмыс істеп, ауа райының сан қилы мінезіне төтеп беруі үшін компания жыл сайын жөндеу-пайдалану жұмысын жүргізеді.

Бұл жөндеу жұмыстары биыл да жалғасты. Көктемде сәуір айында бас­тау алды. Жөндеу науқанында 500-ден астам нысанға (әуе электр жеткізу желілері мен қосалқы стансалардың жабдықтары) жоспарлы жөндеу жұмысы жүргізілді. Жөндеу жұмысы кезінде компанияның электр желілік нысандары штаттық режімде жұмыс істеді. KEGOC жарақаттанудың нөлдік ұстанымдарын қатаң ұстанады. Сол себепті, жөндеу жұмысы кезінде қауіпсіздік талаптарына қатаң түрде назар аударылады.

Биылғы жөндеу жұмысының нәти­жесінде қазан айында Энергетика министрлігінің Атомдық және энерге­ти­калық қадағалау мен бақылау коми­теті KEGOC компаниясының энерго нысандарының 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығын растайтын паспортын мерзімінен бұрын берді. Бұл – компанияның қысқы маусымға дайындығын көрсетеді.

апап

– Елімізде электр энергетикасына жыл өткен сайын сұраныс артып келе жатқанына куәміз. Алдағы уақытта KEGOC экономиканың энергияға деген қажеттілігін қалай қамтамасыз етпек?

– 2023 жылы KEGOC еліміздің жүйе­құраушы электр желілерін дамы­­ту­дың стратегиялық болжамын жасаған болатын. Бұл – стратегиялық құжат. Оны Энергетика министрлігі бекіткен. Онда 2035 жылға дейінгі электр энергиясының энергетикалық теңгерімі және қуатын болжау индикаторлары негізге алынған. Сонымен қатар басқа қуат өндіруші қайнаркөздерді дамыту бастамалары да, оның ішінде, жаңартылатын энергия көздерін дамыту да ескерілгенін атап өткен жөн. Стратегиялық болжам аясында ұлттық электр торабын дамытудың перспективалық жобалары қалыптасты.

Ұлттық электр торабының сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін өндіруші қуат көздерінің құрылысы бойынша ауқымды жоспарлар аясында «KEGOC» АҚ электр желілерін дамыту үшін бірталай инвестициялық жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл орайда ком­панияның батыл жоспарлары бар. Іске асырылып жатқан маңызды сол жобалардың бірі – «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйе­сінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасы. Бұл оңтүстік облыстарды электрмен жабдықтауды күшейтуге, энергетикалық қауіпсіздікті, Орталық Азияның энергожүйелерінен тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, Солтүстік – Оңтүстік 500-220 кВ транзит учаскесінің өткізу қабілетін қосымша 500 МВт-қа (1100 МВт-тан 1600 МВт-қа дейін) арттыруға септеседі. Жоба 2027 жылы толығымен іске асырылуы тиіс. Қазір жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

Одан басқа маңызды жобалардың бірі – Батыс энергоаймағын Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен біріктіру. Жоба Батыс аймақтың газ өндіру икемділігі есебінен энергия жүйесін теңгерімдеуге, Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесіне жаңартылатын энергия көздерін енгізуге мүмкіндік береді. 2027 жылы аяқталуы жоспарланған бұл жоба аясында 600 шақырымнан астам 500 кВ желілердің құрылысы, «Өлке» қосалқы стансасын қайта жаңарту және кеңейту, сондай-ақ «Қарабатан» таратушы 500 кВ сыртқы тарату құрылғысының құрылысы жүр­гізіліп жатыр. Батыс аймақтың өткізу қабілеті 500 МВт-қа дейін артады.

Бұдан бөлек, компания балансында бар активтердің үнемі жаңғыртылатынын атап өткен жөн. Өңірлік филиалдардағы 220-500 кВ әуе желілерін реконструкциялау жобасы бойынша жалпы ұзындығы 8 568,4 шақырымдық қолданыстағы 220-500 кВ-тық 95 әуе желілеріне кезең-кезеңімен реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта жобалардың техникалық-сараптамалық құжаттары әзірленіп жатыр. Екі кезеңнен тұратын жоба 2031 жылға дейін жалғасады.

− Компанияға тиесілі электр желілерінің экспорттық-транзиттік әлеуеті бүгінгі күннің талабына сай ма?

− Әлбетте, сай деуге толық негіз бар. Біздің оңтүстік ауыл шаруашылығы өндірушілеріміз үшін негізгі су көзі – Қырғызстан аумағындағы Орталық Тянь-Шань мұздықтарынан бастау алатын Сырдария өзені екені мәлім. Соңғы жылдары Қырғызстанда судың аздығы байқала бастады. Осыған байланысты еліміздің оңтүстігін жазда сумен қамтамасыз ету үшін Қазақстан Қырғызстанның су қоймаларындағы суды сақтауға көмектеседі. Ол үшін ауыл шаруашылығының аралық ке­зеңін­де, яғни күзде, қыста және көк­темде Қазақстан Қырғызстанға электр энергиясын жеткізуді және Ресейден Қырғызстанға электр энергиясын тасымалдауды жүзеге асырады. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның Су шаруашылығы және энергетика ведомстволары басшыларының Су энер­гетикалық ынтымақтастық мәсе­­ле­ле­рі жөніндегі хаттамалық шеші­міне сәй­кес, 2024 жылы Қазақстан Қырғыз Республикасына электр энергиясын жеткізу және Ресейден Қырғызстанға транзит 1,7 млрд кВтсағ құрауы тиіс болатын. Оның 750 млн кВтсағ энергиясы қыркүйек-желтоқсан айларына тиесілі.

Жеткізудің, транзиттің жоспарлы көлемі Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің «Солтүстік – Шығыс − Оңтүстік» 500-220 кВ электр жеткізу желілерінің өткізу қабілетін толық пайдалануды ескерген. Бұлар Қазақстанның біртұтас жүйесінің Оңтүстігіндегі энергетикалық тапшы­лықты жабуы тиіс.

«Солтүстік – Шығыс − Оңтүстік» транзиті жүктемесінің көптігіне байланысты Ресейден Өзбекстанға электр энергиясының қосымша көлемін жет­кізу мүмкін емес. Өйткені бұл электр жеткізу желілерінің шамадан тыс жүк­­темесін көбейтіп, апаттар туындатуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанда тұтынушылардың электр көзінен ажырап қалуына әкелуі ықтимал. Түйіндеп айтқанда, компания өзінің экспорттық-транзиттік әлеуетін мүмкіндігінше пайдаланып келеді.

− Қазақстан бірыңғай электр жүйесі көршілес Ресеймен, Орта Азия елдерімен бірлесе жұмыс істейді. Мұның ұтымдылығы мен тиімділігі неде?

− Қазақстан, Орталық Азия және Ресей энергетикалық кешендері ондаған жылдар бойы біртұтас энергетикалық жүйе ретінде жұмыс істеп келеді. Дәл осы энергия жүйелерінің параллель жұмысы бұл елдерде электрмен жабдықтауда сенімді әрі үнемді. «Басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қапталдас жұмыс істеуде Қазақстан не ұтады?» дегенге келсек, ең алдымен, еліміз әлемдік стандарт деңгейінде жоғары сапалы электр энергиясына қол жеткізеді. Сонымен бірге, желілік инфрақұрылым мен генерациялау резервтерін салу шығындарын азайтады. Елде бірыңғай электр жүйесінің жұмысы күшейеді. Басқа энергия жүйелерінің ресурстары арқылы туындаған технологиялық ақау­­лардың жою мерзімі қысқарады. Сондай-ақ қажеттілік туындағанда басқа елдермен электр энергиясын импорттауды, экспорттауды жүзеге асырады.

Бұл арада Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей де дәл осындай тиімділікті сезініп отыр. Сондықтан энергия жүйелерінің параллель жұмысы әр тарапқа да пайдалы деуге негіз бар.

− Жаңа жыл қарсаңында әріп­тестеріңізге, көпшілікке айтарыңыз бар шығар?

− Әлбетте. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып барлық әріптестеріме үйлесімді де тиімді жұмысы үшін алғыс айтамын, сенімді және кедергісіз жұмыс тілеймін. Сондай-ақ баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. KEGOC компаниясының ұжымы атынан еліміздің дамуы мен энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек ете беретінімізді айтқым келеді. Үздіксіз электрмен жабдықтауға мүмкіндік беретін барлық өндірістік тапсырмаларды орындауға бағытталған жүйелі жобаларды іске асыруды жал­ғастырамыз.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.

− Сұхбатыңызға көп рақмет.

 

Әңгімелескен –

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА