– Қайрат Шораұлы, Азия кеңесін толыққанды өңірлік халықаралық ұйымға трансформациялау үдерісі 2022 жылы Азия кеңесінің алтыншы Саммитінде басталып, елеулі қолдау тапты. Оның мақсаты мен жүзеге асырудың негізгі қадамдарын айтып берсеңіз.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің 2022 жылы өткен саммитінде «Біз жаңа ұйым құрып отырған жоқпыз, біз институционалдық дамудың жаңа кезеңіне өтіп отырмыз», деген еді. Жалпы Азия Кеңесін трансформациялау туралы шешім Азияның жаһандық саяси және экономикалық салалардағы өсіп келе жатқан ықпалын ескере отырып, ұйымның қажеттілігін мойындауға негізделген. Азия кеңесін трансформациялау – алға жасалған қадам ғана емес, сондай-ақ әлемнің қазіргі ахуалына байланысты туындаған қажеттілік. Өйткені Азия елдерінің дәуірі келді. Азия бүгінде саяси, экономикалық, мәдени, технологиялық және білім беру салаларында жаһандық көшбасшыға айналды. Сол себепті құрлықтағы мемлекеттердің өзара ықпалдасуы бұрынғыдан да нығайып, берік болуы қажет.
Бұл жерде біз Азияны бүкіл әлемнен оқшаулау туралы айтып отырған жоқпыз, керісінше, мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы неғұрлым біртұтас және жоғары деңгейде болса, жаһандық саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуға соғұрлым оң әсер етеді.
Өкінішке қарай, Азияда үлкен проблемалар, шешімге келе алмаған қақтығыстар бар. Бұлар әсіресе бүгінгі күрделі геосаяси ахуалға байланысты артып отыр. Сенім азайып, халықаралық платформалардың тиімділігі әлсіреп барады. Осылардың барлығы Азия кеңесін неғұрлым тиімді құрылымға айналдыруды қажет етеді.
Негізі, іс жүзінде Азия кеңесі толыққанды халықаралық ұйым ретінде жұмыс істеп келеді. Мәселен, заңдық тұрғыдан біз халықаралық ұйымдардың барлық талабына сай болып отырмыз. Бізде ұйымымыздың мақсаттары мен қағидаттарын белгілейтін құрылтай құжаттары, сондай-ақ басқарушы мен жұмыс органдары және бірқатар кеңесші органдар бар.
– Қазір әлемде адамзат бір-біріне сенуден қалды. Қазақстан төрағалығы кезінде Азия кеңесінің сенім шаралары каталогі жаңартылуының бір себебі осы шығар?
– Азия кеңесі сенім шараларының каталогі – ұйымның негізгі қызметін реттейтін бірегей құжат. Қазір жаңартылған нұсқасында әскери-саяси, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер, экономикалық, экологиялық және адами өлшемдер бойынша 19 басым сала қарастырылған. Әрбір мемлекет өзіне басым бағытты таңдап, ақпарат алмасу және бірлескен іс-қимыл арқылы оны дамытуға үлес қоса алады. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында тиімділіктің өзі икемділікті қажет ететінін түсінеміз. Сондықтан Сенім шараларының каталогі жаңа сын-тегеуріндерге сай жаңартылып отырады. Мысалы, 2021 жылы оған эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық және фармацевтика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қауіпсіздігі, әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктері сияқты маңызды бағыттар қосылды.
Осыдан кейін Қазақстан төрағалығы кезінде басқа мүше мемлекеттердің ұсыныстары қабылданды. Мысалы, Ресей Федерациясы ҚХР-мен бірлесіп ақпарат-коммуникация технологияларының қауіпсіздігі саласындағы сенім шарасын енгізуді ұсынды. Өзбекстан каталогтің адами өлшемін толтырып, онда әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту сияқты ұғымдар пайда болды, жастар саясатына көбірек көңіл бөлінді, демократия мен адам құқықтарына қатысты нақты тұжырымдамалар жасалды. Каталогтің жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер өлшемінде терроризм бағыты бөлек көрсетілген. Экономикалық салада сауда мен инвестиция жеке сенім шарасы ретінде аталып өтті. Қазір бізде қоса тең үйлестіруші елдер бар, олар – Түркия мен Қырғызстан. Жақын арада тұжырымдама әзірленеді. Менің ойымша, бұл мүше мемлекеттердің бірін осы бағытты үйлестіру миссиясын қабылдауға ынталандырады. Бұл – өте қызықты тақырып.
Сондай-ақ құжаттың жаңа нұсқасына волонтерлік бағыт қосылды, яғни біздің каталогіміз кеңейіп жатқанын көріп отырмыз. Ең өзекті тақырыптарды енгіземіз. Әрбір үйлестірушінің мерзімі бар. Егер тұжырымдама мүше мемлекеттердің талқылауына тым ұзақ уақытқа созылса, үдерісті жылдамдататын тетіктер бар. Сенім шараларын қалай жүзеге асыратынымызды нақтырақ реттейтін ережелер бар. Көптеген ұйымда мұндай құралдар жоқ. Мен мүше мемлекеттерге сенім шараларын нақты жүзеге асыру жолдары туралы қол жеткізген келісімдері үшін өте ризамын.
– Бұған қоса 2022 жылғы Астана мәлімдемесінен кейін маңызды құжат қабылданды, Сыртқы істер министрлері өткен жылы трансформацияның 8 негізгі бағытын көздейтін жол картасын бекітті. Осы миссияны бір шолып өтсеңіз.
– Біріншіден, трансформация кезінде Мемлекет және Үкімет басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі құрылды. Бұл – Қазақстанның ұсынысымен Хатшылықтың Атқарушы директоры деген бұрынғы лауазым Бас хатшы лауазымына ауыстырылып, дәрежесі көтерілді деген сөз. Осылайша, Азия кеңесі деңгейін халықаралық ұйым мәртебесіне көтеруге бағытталған нақты қадамдар жасалды. Сондай-ақ сенім шараларын іске асыру тетігін жетілдіруге бағытталған шешімдер де қабылданды.
Екінші маңызды жайт, Азия кеңесі сенім шараларының тиімділігін арттыру керек. Өйткені біздің басты міндетіміз – мемлекеттердің өзара әрекеттесуіне, сенім деңгейін арттыруына көмектесу. Сенім болған кезде диалог болады, диалог ынтымақтастыққа әкеледі, ал ынтымақтастық – қауіпсіздік пен дамудың негізі.
Сондықтан құжат жасап қана қоймай, мемлекеттер арасындағы өзара әрекеттесу әдістерін қалай жетілдіре алатынымызды қарастыру маңызды болды. Бүгінде Хатшылық ұйымға мүше мемлекеттерге техникалық сүймелдеу ғана қоймай, сараптамалық көмек көрсетеді. Мүше мемлекеттер кеңес алу үшін Хатшылыққа жүгінеді, талдау жұмыстарын жүргізуді, басқа халықаралық ұйымдардың тәжірибесін зерттеуді тапсырады.
– Мұндай жұмыстарды атқаруға ең алдымен кадрлық ресурс қажет. Кеңесте дипломаттар деңгейіндегі қызметкерлердің үлесі қандай?
– Қазір бізде отызға жуық шартпен жұмыс істейтін қызметкер бар. Олардың басым бөлігі дипломат санатына жатады. Сонымен қатар Хатшылыққа секондмент тәсілімен төрт елден сегіз дипломат жіберіліп отыр. Жалпы, біздің Хатшылығымызға бүгінге дейін сегіз ел өзінің дипломатын жұмысқа жолдаған екен. Енді Әзербайжан төрағалығы барысында біздегі дипломаттар саны артады.
– Азия кеңесінде 28 мүше-мемлекет бар. Барлығының талап-тілектері, ұсыныстары қалай қабысады? Білуімізше, кеңестің ішінде бір-бірімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатпаған мемлекеттер бар. Елдердің көзқарастары, пікірлері келіспейтін жағдайлар бола ма? Ол кезде ортақ келісімге келу қаншалықты қиындық туғызады?
– Өте өзекті сұрақ. Қазіргі таңда айтып кеткенімдей, біздің құрлығымызда шешілмеген даулы мәселелер баршылық. Кейбір мемлекеттер бір-бірімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатпақ түгілі бір-бірін мойындамайды. Дегенмен де Азия кеңесінің бір ерекшелігі қандай қиын байланыс болса да, мемлекеттердің басқа елдермен сұхбат орнатуға, диалог құруға деген ұмтылысы байқалып келеді. Кейбір мүше мемлекеттеріміздің пайымдауынша, Азия кеңесінің шеңберінде бір-бірімен дипломатиялық қарым-қатынасы жоқ мемлекеттер келіссөздер үстінде бас қоса алады. Әрине, консенсус тәсілімен қабылданатын шешімдерге жету өте қиын. Өзіңіз дұрыс айтасыз, кей кезде мемлекеттердің мүдделері қиылыспайды. Алайда егер мемлекеттердің жалпы ұмтылысы саяси жағынан басым болса, диалог құруға олардың шешімдері нық болса, онда келісе алмайтын ешбір мәселе жоқ. Ортақ шешімдер шығаруға болады. Бұл үрдістің басталғанына шамамен 32 жыл болды. 25 жыл бойы біздің Азия кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін қағидаттар декларациямыз жұмыс істеп келеді. Яғни 30 жыл бойы консенсусқа негізделген шешімдер қабылданып отыр. Кейбір басқа құрлықтағы немесе басқа өңірдегі осындай аймақтық ұйымдардың шешім қабылдауында қиыншылықтар байқалып отыр. Нәтижесін көріп отырмыз, геосаяси текетірес қазір ушығып тұр. Дегенмен де Азия кеңесінің, Құдайға шүкір деп қояйық, мүше мемлекеттерді бір-бірімен сұхбаттастырып, ортақ шешімге келуіне дәрмені жеткілікті.
– Қазір елдер арасындағы түсінбестік, даулардың соңы қақтығыстарға ұласып жатқан жағдайлар бар. Мұны өзіңіз де атап өттіңіз. Өкініштісі, зардап шегуші – қарапайым халық, балалар. Осы орайда Азия кеңесі өңірлік қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етеді?
– Азия кеңесінде әскери-саяси өлшем бастапқы кезеңнен бері бар. Сенім шаралары каталогінде шаралардың бәрі нақты көрсетіліп, жазылған. Алайда еріктілік қағидаты бойынша кейде барлық мүше мемлекет бұл шараларды толыққанды дамытуға қауқарлы емес. Расында, Азиядағы қауіпсіздік мәселелері күрделі. Халықаралық қауымдастық тарапынан түбегейлі шаралар ауадай қажет. Бірақ ортақ көзқарас болмайынша, әрекет ету өте қиын. Мәселен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бар, шешімдер қабылдайтын БҰҰ Бас Ассамблеясы бар, бірақ олар тек ұсыныс қана жасайтын сипатқа ие болып қалды. Азия кеңесінде де біз мәселелерді бірден шеше алмаймыз. Алайда біз түрлі қақтығыстарға тартылған мемлекеттер үшін диалог алаңын құра аламыз. Мен мына бір скептицизмді түсінемін, мысалы, халықаралық ұйымдар бар, бірақ қақтығыстар азаймай отыр. Бұл саясаткерлердің белгілі бір мәселеде көзқарастарының бірдей болмауынан орын алады. Оны халықаралық құрылымдар дұрыстап немесе біркелкі қалыптастырып бере алмайды, кем дегенде, қақтығысушы тараптардың кездесуі мен келісімге келуіне мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейін, 2002 жылы Үндістан мен Пәкістан арасында шекара мәселесіне байланысты текетірестің ушыққан кезі еді. Мәселе өте өткір болды, өйткені оларда ядролық қару бар, бұл бүкіл адамзат үшін үлкен қауіп төндірді. Азия кеңесінің алаңы Үндістан мен Пәкістан басшыларының кездесуіне және халықаралық қауымдастықтың қысымымен келісімге келуге және сол арқылы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Бұл тұрғыда халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Азия кеңесінің рөлі өте маңызды деп есептеймін.
– Қазақстан 2020–2024 жылдардағы төрағалығы аясында қандай бастамалар ұсынды? Ең маңызды жетістіктерін қалай бағалайсыз?
– Қазақстанның төрағалығы Азия кеңесінің институционалдық құрылымын нығайтуда маңызды рөл атқарып, тұрақты және мағыналы ұйымның негізін қалады. Азия кеңесі қорының жобалық қызметіне арналған арнайы механизмді құру, сондай-ақ Талдау орталықтары форумы (ТОФ) мен Ақсақалдар алқасы сияқты тұрақты кеңесші органдарды құру бастамасы – осы міндеттеменің дәлелі.
Жалпы, Азия кеңесі қоры жобаларды жинақтап, оларды жүзеге асыру үшін қаражат тартуға арналған арнайы тетік ретінде қызмет етеді. Қордың Жобаларды қарау комитеті өз жұмысын бастап, мүше мемлекеттердің бірі қор бюджетіне ерікті жарна енгізді. Ақсақалдар алқасы мүше мемлекеттердің ең беделді өкілдері арқылы бейбітшілік, қауіпсіздік және Азия кеңесінің болашақ бағыты мәселелері бойынша ұсыныстар беруге арналған.
Сонымен қатар 17 желтоқсанда өткен АӨСШК-тің Сыртқы істер министрлері кеңесінің жетінші отырысында мүше мемлекеттердің жетекші университеттері серіктестік желісін құру туралы меморандум қабылданды. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы алтыншы саммиттегі ұсынысының негізінде жүзеге асты және білім беру, инновациялар, зерттеулер, кадр даярлау және Азияның инновациялық білім беру моделін жаһандық деңгейде ілгерілету саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Бұл жастарға, ғылыми қызметкерлерге үлкен академиялық алмасу бағдарламасы болады. Университеттер бір-бірінің тәжірибесін өзара зерттейтін болды. Бүгінгі таңда оқу орындары нарық талабына сай мамандарды тез әрі сапалы даярлауы керек.
Жастар кеңесі аясында көптеген қызықты тақырып талқыланды. Жастарымыз қандай да бір экстремистік, радикалды бағыттарға еліктемес үшін дерадикализацияны бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттадық. Мысалы, Азия кеңесі байқаушы ұйымдарының бірі – ТүркПА-ның жас депутаттары – жастар саясаты мен заң шығару бастамаларын дамыту жөнінде тәжірибе бөлісті.
Сонымен қатар бүгінде біз мәдени тұрғыдан кіммен жұмыс істеп жатқанымызды біле бермейміз. Ал Азияның үлкен мәдени бөлігі бар, бірақ ол әртүрлі және Азияның әртүрлі бөліктерінде әртүрлі мәдени тұрғыда дамиды.
Қазір жаһандық экология мәселесі күрделі. Осыған назар аудардық. Бір сөзбен айтқанда, «біз кімбіз?», «не істейміз?», «қандай іс тындырдық?» деген әлемнің сауалдарына жауап беруге тырыстық.
– Осы желтоқсанда төрағалықтың Әзербайжанға өтуін ескере отырып, сіз Азия кеңесінің болашақтағы дамуының негізгі бағыттарын қалай көресіз?
– Әзербайжан басымдықтары Қазақстанның төрағалығы кезінде аталып өткен жетістіктерге негізделгені мені қатты қуантады. Бұл жүйелілік пен сабақтастық, оның ішінде тиімділікті арттыру да бар. Көптеген жаңа органды құрудың қажеті жоқ, тек өзекті және сұранысқа ие нәрселерді жасау керек. Әзербайжанның төрағалығының халықаралық қарым-қатынастарға ашықтығы да ұнады. Бұл маңызды, өйткені Азия кеңесі жабық элиталық топ емес, көптеген халықаралық серіктес ұйым бар, олармен ынтымақтастықты арттыруға ұмтыламыз. Азия кеңесіндегі төрағалықтың Әзербайжанға өтуі ұйым тарихындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Сенім шараларын ілгерілетуде ерекше назар киберқауіпсіздік, деректерді қорғау және климаттың өзгеруіне бейімделу сияқты жаңа қауіптерге аударылады. Әзербайжанның аймақтық интеграцияны нығайтудағы бай тәжірибесі осы бағытта белсенді қадамдар жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, Сенім шаралары каталогіндегі «Қауіпсіз және тиімді көлік дәліздерін дамыту» бағыты бойынша үйлестіру шеңберінде COP29 кездесуінде Баку портымен бірлесіп тұрақты көлік байланысын дамытуға арналған іс-шара өткізілді. Сонымен қатар Әзербайжан білім беру, ғылым және мәдени алмасу сияқты гуманитарлық өлшемдерді дамытуға ерекше назар аударады. Осы орайда Әзербайжан ADA университеті Желіге басқарма етуге бейім деп айтуға болады.
– Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің жетінші саммиті 2026 жылы өтеді. Төрт жылда бір рет келетін іс-шараға дайындық басталып кетті ме? Қандай жаңалықтар болмақ?
– Әзербайжанның Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов атап өткендей, төрағалық «Күшті Азия кеңесі, өзара байланыс, цифрландыру және Азиядағы тұрақты өсу» тақырыбына негізделген және ол қазіргі заманның динамикасы мен аймақ қажеттіліктеріне толық сәйкес келеді. Егер бүкіл Азия құрлығы өзара байланысты неғұрлым жоғарылатса, оны дамытса, соғұрлым бүкіл әлемдік саудаға, инвестицияларға, туризмге өзінің игі әсерін тигізеді. Әсіресе Әзербайжан немесе Қазақстан сияқты ашық теңіздерге жолы жоқ мемлекеттер бұл жобадан үлкен пайда көреді деп ойлаймын. Бүгінгі таңда бүкіл әлем цифрлық технологияларға негізделген ғой. Бірақ бұл технологиялардың кейбір осал жақтары бар. Әсіресе адамдардың жеке ақпараты таралмайтындай болу керек. Керісінше, бұл цифрлық технологиялар адамның құқықтарын сақтауға оның саудада болсын, мәдениетте болсын, басқа әлеуметтік мәселелерде болсын, ол қамқоршы болу керек. Соған бағытталған. Енді жалпы тұрақты өсуі үшін біз қаржы, инвестиция, неғұрлым экономикалық жағынан бір-бірімен Азия кеңесіне мүше мемлекеттер сауда-саттығын жасайтын болса, соғұрлым өркендейді. Бірақ бұл өркендеу біздің қоршаған ортаның есебінен болмауы керек. Бұл экономикалық прогресс міндетті түрде тұрақты болуы керек. Яғни айналамыздағы қоршаған орта біздің ішетін суымызға, тыныстайтын ауамызға ешбір нұқсан келмейтіндей жасыл технологияларды дамыту, жасыл энергия көздерін дамыту арқылы өрбиді деп сенемін.
– Қайрат Шораұлы, Қазақстан төрағалығы кезіндегі Азия кеңесінің жұмысы жөнінде кеңінен мағлұмат бергеніңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»