Аймақтар • Кеше

Тоғыз мың балаға тарту

83 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екібастұздық балалар заманға сай шығармашылық орталыққа ие болды. Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасымен демеушілер қаражатына тұр­ғызылып, 9 мың баланы қосымша біліммен қамтып отыр.

Тоғыз мың балаға тарту

Заманауи орталықтың ар­қа­сында кеншілер ша­һарында бос уақытын тиім­ді өткізуге мүмкіндік алған ба­лалар саны 16 мыңнан астам оқу­шыға ұлғайды.

Жобаның жалпы құны – 5,3 млрд теңге, «ERG» және «Kaz­MineralsBozshakol» топтарының демеушілік қаражаты есебінен тұр­ғызылды. Жалпы ауданы 7200 шаршы метрді құрайтын заманауи орталықта 9 мыңнан астам бала, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар 12 бағыт бойынша қосымша білім алуға, уақытта­рын қызықты өткізуге, өздерін да­мыту­ға мүмкіндік алды. Орталық ерекше қажеттіліктері бар балаларға толықтай бейімделген, лифт және көтергіш құрылғылармен, тифло және сурдоқұрылғылармен жабдықталған.

мит

– Мен бүгін Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіке­лей тапсырмасымен салынған ин­новациялық «Самғау» балалар шы­ғармашылығы орталығының ашылу салтанатына қатысқаны­ма өте қуаныштымын. «Самғау» кен­шілер қаласының балалары мен жастарын тартатын орталық болатынына сенімдімін, – деді өңір басшысы Асайын Байханов. Әкім жас ұрпақтың үйлесімді дамуы үшін аса қажетті жобаны іске асыруға және нысанның құрылысына қатыс­қан­дардың барлығына алғысын білдірді.

Ғимараттың бірінші қабатында би залы, театрлық жаттығу залы, жеке вокал мен музыка сабақтарына арналған бөлмелер және 275 орын­дық үлкен аудитория орналасқан. Балалар орталық жұмысының шы­ғар­машылық бағыттарынан хореография (халықтық, заманауи және классикалық билер), театр өнері, вокал және хор әні немесе аспаптық шеберлік (домбыра, қобыз, гитара, мандолина, дауылпаз, асатаяқ, шертпе) бойынша сабақтарды таңдай алады.

апр

Екінші қабатта жасыл технологиялар орталығының ғы­лы­ми-биологиялық зертханасы (гидро жә­не экопоника) мен ланд­шафттық сәулет және фло­рис­тикалық дизайн студиялары, сондай-ақ, пікірталас орталығы, медиа орталық (дыбыс жазу студиясы, телестудия, фотогра­фия академиясы, жас блогер студия­сы, коворкинг орталығы), сән сту­диясы (макияж бен костюм су­­рет­ші­сі, интерьер дизайны) орна­лас­­­қан. Ал үшінші қабат толығымен ро­бо­т-­­техника және компьютерлік мо­дель­деу, ғарыштық радиобай­ла­ныс жә­не радиотехника клубтарын, СТЭМ және ЛЕГО зертханала­рын, ҰҰА (ұшқышсыз ұшу аппараты) клубын қоса алғанда IT технология­­лар­ға, сондай-ақ балалар пішім мен тігін­ді, модельдеу­ді, керамиканы, бей­нелеу өнері мен аспаздық өнер­ді үйренуге мүмкіндік беретін көр­кемдік-қол­данбалы блокқа беріл­­ді. Бұған қо­са ата-аналар мен бала­­лар­ға арнал­ған психологиялық-педа­гогика­лық қол­дау кабинеті, үстел тен­нисі­не арналған аймақтар, емдік дене шынықтыру және жаттығу залы жұ­мыс істейтін болады.

Ата-аналар үйірмелерінің бар­лығын тегін түрде ұсынып отыр­ған ор­талықтың ашылғанына риза­шы­лықтарын жеткізді.

«Балаларымыз жаңа дү­ние­лерді үйреніп, білім алулары үшін қаламызда осындай орталықтың ашылғаны қуантарлық. Осын­дай заманауи ғимаратты салуға тапсырма берген Президентімізге ризамыз. Шығармашылық үйір­меге жазылуды жоспарлағанбыз, бірақ, мұнда көптеген қызықты үйірмелер бар екен, енді басқа да бағыттар­ға қатысуды ойлап отырмыз», дейді қала тұрғыны Аяна Смағұлова.

Бүгінде орталықта жұмыс іс­теуге 50-ден астам қосымша білім беру педагогтері тартылды.

апр

Ертіс-Баян өңі­рінде өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Бұған дейін 800 балаға арналған шығармашылық орталық Ертіс ауданында ашылса, Павлодар қаласында «Алтын сақа» балалар шығармашылығы және демалыс орталығы есігін айқара ашты. Ал алдағы үш жылда Успен, Шарбақты және Павлодар аудандарында оқушылардың қызы­ғушылықтары мен таланттарын дамытуға жол ашатын өнер мек­тептерін салу жоспарланған.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы