
Полиция – елішілік тұрақтылық пен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей жауапты орган. Ендеше, оның жұмысын жетілдіріп, бүгінгі күннің талабына сай реформалап отыру маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауындағы тапсырмалары полиция қызметкерлерімен жүзеге асырылуда. Органның мақсаты – халықпен тығыз байланыс жасап, қылмыспен күресу, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Мысалы, жыл басынан бері бір ғана Түркістан облысы полиция департаменті басшысының жеке қабылдауына 1500-ден астам адам түрлі сұрақтармен, шағымдармен және ұсыныстарымен барған. Көптеген өтініштер қылмыстық істерді тергеуге, сонымен қатар, Әкімшілік және Криминалды полиция, Көші-қон және Жергілікті полиция қызметі, кадрлық жұмыс мәселелеріне қатысты болды. Жеке қабылдау барысында өтініш білдірген азаматтардың сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап беріліп, әр жағдайдың мәнін мұқият зерттеп, олардың проблемаларын шешу жолдары қарастырылды. Бірқатар шағымдар бойынша нақты тапсырмалар берілді, ал егжей-тегжейлі талқылауды қажет ететін қалған мәселелер бойынша түпкілікті шешім қабылдау мерзімі белгіленді.
«Өзімнен бөлек бес орынбасарым, аудандардағы барлық басшы құрам апта сайын белгіленген жоспарға сәйкес өз аймақтарындағы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізеді. Ал аудан деңгейінде шешілмей жатқан түйткілді мәселелер болса, өзім қабылдап, қатаң бақылауда ұстаймын. Ұстанымым – ашықтық және халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, қолдан келгенше жәрдем ету, құқықтық кеңес беру және жол сілтеу», - дейді департамент басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов.
Сонымен қатар тәртіпті қоғам орнатуға шақыру, бірлесіп қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуына жұмыс жасау, қылмыстың алдын алу мақсатында 2024 жыл «Профилактика жылы» деп аталған. Сондықтан биыл жасөспірімдер қылмысы, жол-көлік оқиғалары, мал ұрлығы, алаяқтық, зорлық-зомбылық, нашақорлық, вандализм, лудомания секілді бірқатар қылмыстардың алдын алу шаралары күшейді. Яғни жеке құрамға 15 бағыт бойынша нұсқау берілді, бүгінде тәртіп сақшылары күшейтілген күн тәртібінде жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында полиция қызметін сервистік модельге көшіруді баса айтқан болатын. Полицияның сервистік моделіне көшу бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ведомствоаралық арнайы топ құрылды. Бұл топқа Полиция, Прокуратура, Денсаулық сақтау, Білім, Төтенше жағдайлар басқармасы, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, Қоғамдық кеңес мүшелері енгізілді. Бұл жоба «САРА» моделі көмегімен жүзеге асырылуда. Яғни қазіргі таңда топ мүшелері үш кезең бойынша жұмыстарды жүргізді. Пилоттық жоба ретінде Түркістан облысындағы барлық аудандар енгізілді.
Учаскелік полиция инспекторлары өз аумақтарын толықтай аралап шығып, статистикалық деректер жинақтады. Халық арасында сауалнама жүргізілді. Қауіпсіздік мәселелеріне талдау жасалды. «Қылмыстылық үшбұрышы» бойынша талдамалық зерттеу жүргізілді. Топ мүшелерімен қылмысты болдырмау және қылмыстың алдын алу бойынша тіркелген барлық қылмыстардың жасалған уақытына, күніне, аптаның қай күнінде жасалғанына, қылмыстың қай жерде орын алғанына, қай уақытта (түнде немесе күндіз), жалпы келтірілген шығын санына, соның бәріне егжей-тегжейлі мән берілді.
Жалпы, сервистік полиция жазалаушы орган емес, ол – халыққа көмектесуші орган. Сондықтан халыққа жанашыр, қорғаушы полицей ретінде сапалы қызмет көрсетуге күш салынды.
Бүгінде облыста қылмыс санының едәуір азайғаны байқалады. 2024 жылдың алты айындағы қылмыстарға қатысты статистикаға қысқаша тоқталар болсақ, Түркістан облысында криминогендік жағдай тұрақты. Республика бойынша қылмыс саны ең аз аймақ болып саналады. Тіркелген қылмыстар саны – 7,9 пайызға төмендеді, яғни 2 мың 264-тен 2 мың 085-ке, 179 қылмысқа азайған. Оның ішінде, кісі өлтіру қылмыстары – 17 %-ға, бұзақылық – 26,4 пайызға, тонау – 31 пайызға, ұрлық – 36,0 %-ға азайған.
Қазіргі таңда белең алған қылмыстың бір түрі – интернет-алаяқтық. Соңғы кезде алаяқтық, оның ішінде интернет-алаяқтық қылмыстары кеңінен орын алуда. Интернет-алаяқтық қылмыстарына қарсы күресті оңтайландыру мақсатында департаментте «CyberPol» арнайы тобы құрылды. Онда білікті жедел уәкілдер, тергеушілер, криминалистермен бірге ІТ мамандары жұмыс атқаруда. Интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алудың басты шешімдерінің бірі – профилактикалық іс-шаралар. Демек, халық көп шоғырланатын орындарда, сауда орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, кинотеатрларда, мешіттерде және базарларда алаяқтық және қалта ұрлықтары бойынша ескертпе шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылады.
«Қазіргі заман талабына сай әлеуметтік желілер арқылы халыққа түсіндірме және мониторинг жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Халық арасындағы үлкен назарға ие тұлғалар, яғни блогер және актерлардың қатысуымен ескертпе бейне роликтері жарыққа шығарылып, қалада орнатылған LED-экрандарда көрсетілуде. Әкімдіктердің коммуналдық қызметтер түбіртегіне «Абайлаңыз – алаяқ тар» тақырыбында «Ескертпе материалдары» енгізіліп, халықты ақпараттандырудамыз. Соңғы бір аптаның өзінде облыстың адамдар көптеп шоғырланатын аумақтарында 13 мың жадынама таратылып, облыс орталығындағы сегіз дана LED экранға ескерту жарнамалары орналастырылды», - дейді Мұрат Қабденов.
Бүгінде біздің қоғамды алаңдатып отырған қылмыстың бірі – есірткі бизнесі мен нашақорлық дерті. Облыста есірткі бизнесіне қарсы айтарлықтай күрес жүргізілді. Жыл басынан бері облыс аумағында есірткі ахуалын тұрақтандыру және есірткі қылмыстарына қарсы бағытталған практикалық және ұйымдастырушылық шараларды жақсарту мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Есептік мерзімде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 423 дерек анықталды. Соның ішінде есірткі сату бойынша – 23 дерек, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша – сегіз дерек. Заңсыз айналымнан 200 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Сондай-ақ интернет арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу мақсатында күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағытта биылдың өзінде 91 ақпараттық сайт анықталып, «Киберқадағалау» сараптамасына жолданып, бұғатталды.
Облыс жастары, мектеп оқушылары және студенттер арасында есірткі қылмыстарының алдын алу мен нашақорлықты болдырмау бойынша, сондай-ақ, олардың нашақорлыққа және есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында құқықтық түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесіне келер болсам, өткен жылдың қортындысы бойынша қоғамдық орында жасалған қылмыстар – 6%-ға, көшеде жасалған қылмыстар – 31,3%-ға өскен. Масаң күйде жасалған қылмыстар – 11,4%-ға, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың 11,6,%-ға төмендеуіне қол жеткіздік. Жол қауіпсіздігін сақтау, құқық бұзушылықтарды болдырмау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін «Кибер-Шериф», «Автоураган» арнайы көліктері және «Дрон» құрылғыларымен жұмыстар атқарылып жатыр. Облыста қоғамдық тәртіпті сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін 1405 бейнебақылау камералары жұмыстарын атқаруда. Оның 203-і – жылдамдықты өлшеу бейнебақылау камералары. Өңіріміздің барлық қала, аудандардағы елді мекендеріне 54 «Мерген», одан бөлек Сайрам және Ордабасы аудандарындағы жолдарға 10 «Сергек» жылдамдықты өлшеу бейнекамералары қойылып, іске қосылды. Жалпы, алты ай көлемінде 4 млрд. 264 млн. 975 мың теңге айыппұл салынып, оның 77,8 пайызы өндірілді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін өңіріміздегі мектептердің 50 пайызына бейнебақылау камералары қойылып, облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылды. Бақылау жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Сондай-ақ білім беру мекемелеріне 908 дабыл батырмасы қойылды. Осы ретте біздің қызметкерлер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік» атты іс-шараларды өткізуде. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде жыл басынан бері түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 198 кәмелетке толмаған балалар анықталды. Тұрғын үйден тыс жерде жүрген 4 358 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 104 мекеме иесіне хаттама толтырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 427 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 268 қолайсыз отбасы есепке алынды. Жалпы, есептік мерзімде жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 11,6 пайызға төмендеді», - деп атап өтті департамент басшысы.
Ал облыстың тәртіп сақшылары күздің алғашқы мерекесі қарсаңында өңірдегі барлық мектептерге барып, оқушыларды, мектеп ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді дәстүрге айналдырған.