Олимпиада асуы
Жылдың басты бәсекесі Францияның Париж қаласында өткен жазғы Олимпия һәм Паралимпия ойындары екені талассыз. ХХХІІІ рет алауы тұтанған жазғы Олимпия ойындарында еліміздің спортшылары 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 43-сатыға орнықты. Рас, 2021 жылы өткен Токио жазғы Олимпия ойындарындағы (8 қола) құлдырауға қарағанда өрлеу бар. Ең алдымен, алтын асықтай оғлан ұл Елдос Сметовтің салған соқпағы жайында. Жалпы күрес түрлерінен қазақ балуандары 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында топ жарған Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіковтің даңқты жеңісін жалғай алмай келген еді. Сол олқылықты Париж татамиінде Елдос Сметов жалғап, 60 кг салмақта жер жаһанның теңдессіз балуаны атанды.
25 спорт түрінен 92 жолдама иеленген 80 спортшының арасынан жүлдемен оралған саңлақтардың әрқайсының жетістігі бір төбе. Париж төрінде тұңғыш рет спорттық гимнастикадан елімізге жүлде – күміс медаль бұйырды. Жазғы Олимпия ойындарына 1996 жылдан бері қатысып келе жатқан спортшыларымыз спорттық гимнастикадан медаль еншілеген емес. Олқы соққан тұсымызды саңлақ Нариман Құрбанов бүтіндеді. Нысана көздеуден командалық сайыста қола медаль еншілеген Ислам Сәтбаев пен Александра Ленің де жеңісі – алғашқы асу. 1996 жылдан бері жазғы Олимпия ойындарына жеті рет қатысып, спорттың бұл түрінен олжа бұйырмай келген еді. Сеңнің көбесін қос қол мергеніміз бұзды.
Париж жазғы Паралимпиадасында жүлдеден тау тұрғызған саңлақтарымыздың жеңісі қандай құрметке де лайық. 44 спортшымыз 9 пара спорт түрінен 33 жолдама иеленген еді. Нәтижесінде, 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль олжалады. ХVІІ жазғы Паралимпия ойындарында пауэрлифтингтен Давид Дегтярев 54 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Ол 188 кг тартатын зілтемірді еркін еңсеріп, Паралимпиада алтынын олжалады. 2021 жылы Токиода өткен жазғы Паралимпиада ойындарында да Давид қара үзіп, елге алтын медаль тарту еткен еді. Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы атанған әзірге бізде жалғыз спортшы – Дегтярев.
Париж төрінде Паралимпиада додасынан 9 медаль бұйырса, соның бесеуін парадзюдошыларымыз олжалады. Ақмарал Науатбек 48 кг салмақ дәрежесінде қарсыластарын айқын ұтып, жеңіске жетті. Паралимпиада тарихында парадзюдодан алғаш рет бізге алтын медаль бұйырды. Осы спорт түрінен Ерғали Шәмей күміс медаль иеленсе, Даяна Федосова, Зарина Раифова, Жұқамырза Шүкірбеков қола жүлдегер атанды. Нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, жүзу спортынан Нұрдәулет Жұмағали күміс, жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков қола жүлдемен оралды.
Олимпиада демекші, 2024 жыл басталғанда Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында жасөспірімдердің Олимпиадасы түңлігін түрді. Елден 41 өрен аттанып, 5 спорт түрінен додаға түсті. Нәтижесінде, 1 алтын, 2 қола медаль бұйырып, жалпы есепте 20-орынға орнықты. Шаңғымен тұғырдан секіруден Илья Мизерных жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды. Ильяның медалі де жасөспірімдер аламанындағы алғашқы алтын. Қысқы спорт түрлерінен өтетін төртжылдық сайыстарында есеміз талайдан бері кетіп, еңсеміз түсіп жүргені де белгілі. 1994 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) өткен қысқы Олимпия ойындарында Владимир Смирнов алтын медаль еншіледі. 30 жылда саңлақтың чемпиондық соқпағын жаңғыртып ешкім түрен сала алмай келді. Мизерных мықтылығын мойындатты. Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасында шорт-тректен Полина Омельчуктің, шайбалы хоккейден құраманың қола медаль еншілеуі де орасан олжа саналады. Себебі бұған дейін бұл спорт түрлерінен бізге ақ Олимпиаданың медалі бұйырған емес.
Бокстың еңсесі тіктелді ме?
Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионатында саңлақтарымыз 6 алтын, 1 күміс, 10 қола медаль еншілеп, жалпы есепте көш бастады. Өзбекстан боксшылары 5 алтын, 5 күміс, 3 қола жүлдемен екінші орынды місе тұтты. Ерлер сынында Бексұлтан Боранбек (51 кг), Төрехан Сабырхан (67 кг), Өнер Сейілхан (71 кг), Санжарәли Бегалиев (75 кг), Елянур Тұрғанова (50 кг), Аружан Зейноллаева (81 кг) әлем чемпионы атанды.
Бокстан ұлттық құрама мүшелері де Таиландта өткен Азия чемпионатынан толайым табыспен оралды. Қайрат Сәтжанов баптайтын ерлер құрамасының боксшылары 13 салмақта додаға түсіп, 10 медаль еншіледі. Махмұд Сабырхан (54 кг), Бекзат Нұрдәулетов (86 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг), Айбек Оралбай (+92 кг) Азия чемпионы атанды. 71 кг салмақ дәрежесінде финалға дейін жеткен Абылайхан Жүсіпов өзбек боксшысы Хавасбек Асадуллаевпен айқасқа түскенде қарсыласы иығынан қыршып алған еді. Қазақстан бокс федерациясы шағым түсіріп, нәтижесінде Абылайхан да Азия чемпионы атанды. Осылайша 5 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль еншілеген ерлер жалпы нәтижеде екінші сатыға орнықты.
Есесіне, Елдос Сайдалин бастап апарған қыздар құрамасы толайым табысқа кенелді. Чиангмай рингінде Виктория Графеева (60 кг), Аида Әбікеева (63 кг), Наталья Богданова (70 кг), Гүлсая Ержан (81 кг), Елдана Тәліпова (+81 кг) қарсылас шыдатқан жоқ. Қорытынды есепте 5 алтын, 5 қола медаль еншілеген қыздар көш бастады. Өзбекстан қыздары 3 алтын, 4 күміс, 2 қола медальмен екінші сатыны місе тұтты.
Азия чемпионаты демекші, араға алты жыл салып құрлықтың үздіктерін марапаттау үрдісі биыл қайта жалғасты. Азия бокс қауымдастығы 17 аталым бойынша дара шыққандарға құрмет көрсетті. Үздік ұлттық федерация аталымы бойынша Қазақстан бокс федерациясы таңдалса, ерлер арасындағы үздік боксшы атағын Сағындық Тоғамбай алды. 22 жасқа дейінгі боксшылардың арасынан Темірлан Мұқатаев, ал жастар ортасынан Төрехан Сабырхан үздік боксшы атағына ие болды.
Балуандардың бағы жанды
Биыл балуандар да жаһандық жарыстардан жүлдесіз қайтқан жоқ. Алдымен ат тұяғын тай басар жас буынның жетістігі туралы. Күзге салым Иорданияның Амман қаласында күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі балуандар бәсекесі өтті. Әлем чемпионатына барған саңлақтарымыздың арасынан алдымен грек-рим күресінің шеберлері кілемге шыққан. 55 кг салмақ дәрежесінде Алпамыс Болатұлы финалға дейінгі қарсыластарын айқын ұтып, финалдық белдесуде америкалық қарсыласына есе жіберіп, күміс медальды місе тұтты. Еркебұлан Әнапия (80 кг) да финалдағы қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлде еншіледі.
Қыздар сынында Медина Қуанышбек (46 кг), Анна Стратан (57 кг), Ұлдана Тілеухан (65 кг) әлем чемпионатының қола медалін олжалады. Еркін күрестен де жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының алтын медалі бұйырған жоқ. Едіге Қасымбек 110 кг салмақта финалға шыққанымен америкалық қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Бақдәулет Әкімжан (65 кг) жартылай финала сүрініп алтынға қол соза алмағанымен, қола медаль үшін өткен белдесуде грузин қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.
Жасөспірімдер жігерімізді құм еткендей күйге түсіріп еді, еңсемізді жастар арасындағы әлем чемпионатында Ризабек Айтмұхан (97 кг) қайта тіктеді. Алдымен Испанияның Понтеведра қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатында топ жарды. Барлық қарсыласын айқын басымдықпен жығып, мерейімізді тасытты. 92 кг салмақта күрескен Камил Куруглиев қола жүлдегер атанды.
Р.Айтмұхан одан кейін Албанияның Тирана қаласында 23 жасқа дейінгі балуандар арасында өткен әлем чемпионатында алтын медаль олжалады. Бір айдан аса уақытта екі бірдей әлем чемпионатында топ жару аз табыс емес. Ризабек былтыр 19 жасында ересектер арасында әлем чемпионатына қатысып, тарихи нәтижеге қол жеткізіп, алтын медаль иеленген еді. Еркін күрестен 70 жылдан бері бұйырмай келе жатқан әлем чемпионатының алтынын Ризабек алып берді. Жалпы, ел спортының тарихында үш жас мөлшерінде әлем чемпионы атанған жалғыз балуан әзірге Р.Айтмұхан ғана.
Жалпы, балуандар биылғы өткен әлем чемпионатын табысты тәмамдады. Албания астанасы Тирананың төріне төселген бозкілем үстінде Олимпиада бағдарламасына енбейтін салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионаты өткені белгілі. Нұрқожа Қайпанов 70 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Әйелдер арасындағы белдесуде Жәмилә Бақбергенова (72 кг), грек-рим күресінен Ержет Жарылқасын (63 кг) финалда сүрініп, әлемдік аламанның күміс медалін еншіледі.
Шахмат шыңын бағындырды
Зияткерлік өре додасы шахмат аламаны да саңлақтарымыз үшін табыссыз болған жоқ. Үндістанда өткен шахмат олимпиадасында қатарында әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, Меруерт Қамалиденова, Ксения Балабаева, Әмина Қайырбекова, келешегінен кемел жетістік күттіретін Алу Нұрман сынды таланттар командалық сайыста күміс медаль олжалады. Қазбек Нөгербек 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында өткен әлем чемпионатында (Үндістан) жеңімпаз атанды.
Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен Азия шахмат федерациясының (ACF) аясында өткен ресми халықаралық турнирлерде біздің шахматшыларымыз жасөспірімдер (7–20 жас аралығы), ересектер, сеньорлар (50 жастан асқан) һәм әуесқойлар ұзын-ырғасы 160 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 55 алтын, 54 күміс және 51 қола медаль бар.
Елорда төріндегі дода
Астанада қоңыр күзде V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтті. Еліміздің спортшылары 44 алтын, 33 күміс, 37 қола медаль олжалап, жалпы командалық есепте топ бастады. 2014 жылдан бастау алатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындары биыл тұңғыш рет далалық өркениеттен қалалық мәдениетке ойысты. Ашылу салтанаты құшағына 30 мың көрерменді еркін сыйдыратын «Астана Арена» стадионында өтті. Алты құрлықтағы елдерден келген спортшылардың салтанатты шеруімен басталған ашылу салтанаты мерекелік шараға ұласты. Дүбірлі аламанның ашылуын еліміздің телеарналарынан сырт 20-ға тарта шетелдік арна да таспалап таратты. Бұған дейін көшпелілер ойындары 4 мәрте өткенімен, телеарна өрісінде насихаттау бұлай қарқын алған емес. Елорда төрін дүбірге бөлеген Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет «Powerful Nomad» – Алыптар сайысы қосылды. 16 қатысушының арасынан жерлесіміз Азамат Мақұлбеков топ жарды. Сондай-ақ түріктің мангала, африкалықтардың зияткерлік ойыны саналатын овари де көшпелілер ойындарының бағдарламасына енді.
2014 жылдан бері екі жыл сайын айналып соғатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын қырғыздар бұған дейін үш мәрте ұйымдастырды. Басқа спорт түрлері бойынша бәсекеге баса мән бермейтін көршілер ат спорты, оның ішінде бәйге мен көкпарға келгенде қоң етінен ойып беруге бар. Олар қашанда қазандыққа салым тастайтын көкбөрі ойынынан, шеңберге тартатын көкпардан күшті көрінуге ұмтылады. Бәйге түрлерінен де арғымақтары алды болып келсе деп тілейді, соған жанталасып ұмтылады. Астана төрінде де көкбөрі мен көкпар ойынынан топ жарамыз деген еді. Көкпардан қырғыздарға күміс медаль бұйырды.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының аламан бәйгесінде қырғыздар Қарақыз атты сәйгүлігіне зор сенім артты. Тіпті бір жыл бойы өзге бәйгеге қоспай тек елорда төріндегі дүбірге әзірледі деген де дақпырты тарады. Бірақ Жамбыл Бөбекбай баптаған, Аңсар Арыстанбек шабандоз тізгіндеген Айқабақ аламан бәйгеде 27 арғымақ арасынан қара үзіп келді. Қырғыздар жыл бойы жұрт көзінен жасырып баптаған Қарақызға 3-орын бұйырды.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында қазақ күресінен де балуандарымыз 16 салмақ дәрежесінде (ерлер мен әйелдер) 12 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль еншілеп жалпы есепте көш бастады.
Былтыр спортшыларымыз ұлы аламандарда осындай олжа салды. Келесі жылы да жампоздар жерге қаратпайды деп сенеміз.