Қоғам • 31 Желтоқсан, 2024

Тасқын суды бірлікпен еңсердік

704 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

2024 жыл алапат су тасқынымен есте қалатыны сөзсіз. Мұндай апатты еліміз ғана бастан кешкен жоқ, осы жылы әлемнің бірқатар бөлігінде өзендер арнасынан асып, лай көшкіні жүрді. Бұл – елімізде соңғы 80 жылдағы ең ірі су тасқыны.

Тасқын суды бірлікпен еңсердік

Шұғыл және жан-жақты көмек

Мыңдаған отбасы баспанасыз қалып, апат сал­дары­нан қираған инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік құры­­лымдар, гуманитарлық ұйымдар мен жеке сектор арасындағы нақты үйлестірілген жұмыс нәти­жесінде Үкімет апаттың салдарын барынша азайтып, зардап шеккендерге жедел көмек көрсетті.

Тілсіз жау бірден тізгіндеуге ырық бермеді. Еліміздің он аймағындағы су қоймалары кемерінен асып, бұрқ-сарқ қайнап, қауіп тудырды. Әсіресе батыс өңіріндегі өзен суларының деңгейі күн сайын өрлеп, өрекпіді. Соған сай мемлекеттік құрылымдармен бірге жұртшылық та тайлы-тұяғы қалмай Жайықтың жағасында дамылсыз дамба салып, келе жатқан қауіптің алдын алуға жұмылды. Қамданған қапы қалмайтынын батыстағы жұртшылық айқын аңғартты.

п

Үкіметтің берген ресми мә­ліметіне сүйенсек, су тасқыны салдарынан мүлкі зақымданған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетілді. Өңірлерде тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымдар салу, қал­­пына келтіру жұмыстары жүр­гі­зілді. Мәселен, 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге, 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. 21 876 отбасына 9,9 млрд теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы төленді. Биыл төтенше жағдай жарияланған аймақтарда атаулы әлеуметтік көмек беру отбасылардың ма­­териал­­дық жағдайын жергі­­лікті комиссияның тексеруінсіз, авто­матты түрде ІІІ тоқсанға ұзар­тылды. Нәтижесінде 3,6 мың отбасына 655,7 млн теңге көле­міндегі АӘК төлемі тағайын­­дал­ды.

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде комиссиялар азаматтардың жалғыз баспанасы болған 19 359 су басқан үй мен саяжай құрылыстарын тексерді. Оларды баспанамен қамту мақсатында жылжымайтын мүлік нарығынан 5 767 тұрғын үй сатып алынған. Жөндеу жұмыстары 9 156 үйде 100% аяқталды. Бұл мақсатта барлығы 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде 64 млрд теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды.

Бұған қоса Үкімет резер­ві­нен 42,5 млрд теңге бөлінді. Оның 400 млн теңгесі зардап шеккен отбасыларға Қостанай об­лысының Арқалық қала­сы­нан 31 пәтер сатып алуға ба­ғытталды. 1,4 млрд теңге – Қос­танай облысының Арқалық қала­сындағы, Амангелді, Жан­гел­ді аудандарындағы «Қос­танайюжэлектросервис» КМК электр желілерін жөндеу жұмыс­тарын жүргізуге; 1,1 млрд теңге – Батыс Қазақстан облысындағы жоғары вольт­ты электр желілерін күрделі жөндеуге; 22,7 млрд теңге – Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында жол инфрақұрылымын қалпына келтіруге жұмсалды. Сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында білім беру нысандарын салу, жөндеу жұмыстарына – 7,5 млрд теңге; Солтүстік Қазақстан облысында инженерлік инфрақұрылым жобасын іске асыруға – 2,9 млрд теңге бөлінді. 600 млн теңге – Ақмола облысында 7 сумен қамту нысанын жөндеуге, 5,9 млрд теңге – Атырау облысындағы жолды қалпына келтіруге бағытталды.

пр

ШОБ субъектілеріне кел­ті­рілген залалды өтеуге 12,1 млрд теңге бөлінді. Зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілеріне толық төлем жасау мақсатында «Демеу» корпоративтік қорынан Атырау, Батыс Қазақстан, Сол­түстік Қазақстан облыстары­на 2,5 млрд теңге көлемінде қо­сымша қаражат бөлу мәселесі пысықталды. Аталған қаражат есебінен ШОБ субъектілерінің 40 өтініші бойынша шығын өтелді. Жалпы, өңірлік комиссиялар 14,6 млрд теңгеге 734 кәсіп­­керлік өтінімді мақұлдады. Мал шы­­ғы­ны­на мемлекет тарапынан көр­сетілген көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

 

Апаттан құтқару жұмыстарына барлық күш жұмылдырылды

Су тасқыны кезінде еліміздің көп бөлігі табиғи апатқа ұшы­рады, оның ауқымын болжау мүмкін емес еді. Жүзден астам елді мекеннің тыныс-тір­шілігіне нұқсан келді. Ең қиын жағдай республиканың батыс аймақтарында, солтүстік бөлігінде болды, онда су тас­қы­ны екі кезеңде өтті. Апат­тың алғашқы күндерінен бас­тап Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігінің үйлестіруімен Жедел, өңірлік штабтар жұмыс істеді, азаматтық қорғаудың мем­ле­кеттік жүйесінің күштері мен құ­рал­дары жұмылдырылды.

ап

Басты мақсат адамдардың амандығы болды. Осыған байланысты, бастапқы кезеңде халықты төтенше жағдайлар аймақтарынан жер үсті, әуе тәсілімен кідіріссіз эвакуа­циялау жүргізілді. Жиыны 120 мыңнан астам азамат құтқарылып, уақытша орналас­тыру пункт­те­ріне жайғас­ты­рылды, оларға қажетті көмек көрсетілді. Көлік қаты­на­сынсыз қалған Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыс­та­рының елді мекендерін азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етуге алғаш рет қалқыма көпірлер қолданылды. Бұған қоса барлығы 35 млн текше метр­ден астам су сорылды, мың ша­қырымға жуық уақытша қорға­ныс бөгеттері мен біліктері тұр­ғызылды, 7,5 мың шақырымға жуық арықтар мен каналдар тазартылып, 8 млн-нан астам қапшықтар төселді.

Жалпы, апаттан құтқару жұ­мыс­тарына Төтенше жағ­дайлар, Қорғаныс, Ішкі істер министр­лік­терінің, Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің күштері мен құрал­дары, сондай-ақ жергілікті атқа­ру­шы органдар мен бейжай қара­майтын азаматтар жұмыл­ды­рылды.

Күштік құралдардың жалпы топтамасы 63 мыңнан астам адамды, шамамен 7 мың техниканы, 1 мыңнан астам су айдау құрылғыларын, 418 жүзу құралдарын, 38 әуе кемелерін құрады.

 

Қоймалардағы су көлемі

Жалпы, су тасқыны жағдайы жағымсыз салдарымен қатар, қазіргі экономика саласының қажеттіліктеріне пайдаланылатын су қоймаларында 12 млрд текше метрден астам су жинауға мүмкіндік берді. Мысалы, егер өткен жылы су қоймаларынан жалпы су жіберу бүкіл су тас­қыны кезеңінде шамамен 13 млрд текше метрді құраса, биыл бір айда су қоймаларынан жалпы су жіберу 36 млрд текше метр­ден астам көлемді құрады.

Бұл ретте республиканың су шаруашылығы құрылыстары ең жоғары шиеленісті кезеңде суды қабылдауды, қауіпсіз ағызып жіберуді қамтамасыз етті, бұл тасқын суларды соңғы жылдары тапшылық туындаған су нысандарына (көлтабандар, су басқан шалғындар, көлдер) жіберуге мүмкіндік берді. Мәселен, Астана су қоймасын тасқын сумен толтыру 2 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді. Осылайша су қоймасын Қ.Сәтбаев атындағы канал арқы­лы толтыру қажеттілігі жойыл­ды.

Сондай-ақ су тасқынының экологиялық жағдайды жақ­сартуға септігі тигені де рас. Көптен бері су бармаған Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр тасқын су жетті. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су жіберілді. Соның арқасында су жолын қадағалау тарихында алғаш рет Сарысу өзені арқылы су Қызылорда облысының көл жүйелеріне жетті. Жыл басынан бері Балқаш көліне 12 млрд текше метр су, оның ішінде 3,3 млрд текше метр су тасқыны кезінде жіберілді. Каспий теңізіне 7,4 млрд текше метр су құйылды.

Биылғы қыркүйек айының басындағы деректерге сәйкес, су қоймаларынан ауыл шаруа­шы­лығына 8,4 млрд текше метр су, өнеркәсіпте 3,7 млрд текше метр су пайдаланылған. Осыған орай, болашақта тасқын бола қалса суды жинауды, қауіп­­сіз өткізуді қамтамасыз етуге көле­мі 2,6 млрд текше метр бола­тын 42 жаңа су қоймасын салу жос­парланып отыр. Бұл іс-шара­лар Су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жос­парына енді.

Сонымен қатар 580 мың­нан астам тұрғыны бар 84 елді мекеннің қауіпсіздігін қам­та­масыз ету мақсатында зардап шеккен нысандарды салуға, реконструкциялауға, қалпына келтіруге, қорғаныс бөгеттерін ны­ғай­туға бағытталған 56 жоба­ның тізбесі анықталды.

 

Көлік қатынасы қалпына келді

Отандық әуе компаниялары биылғы 11-20 сәуір аралығында Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау қалалары бағыттарында Атырау қаласынан жалпы сыйым­­дылығы 14,2 мыңнан ас­там орын­дық 76 қосымша рейсті орын­дады. Сондай-ақ әуе тасымал­­даушылармен 1,1 млрд теңге гуманитарлық көмек бө­лі­ніп, 100 тоннадан астам гуманитарлық жүк тасымалданды. Пойыздардың үздіксіз, қауіпсіз қоз­ғалысын қамтамасыз ету мақ­са­тында 83 су қоймасы мен бөгеттерге тұрақты бақылау жүргізілді.

Халықты эвакуациялау кезе­ңінде 30 мың жолаушы, оның ішінде «Атырау – Құлсары – Маңғыстау» бағыттарына 12,5 мың жолаушы, Қызылорда, Қарағанды, Алматы, Астана, Ақтау қалалары бағытында 5,5 мың жолаушы тасымалданды, сондай-ақ ТЖМ, Ұлттық ұлан, жергілікті атқарушы органдар жеке құрамының 10,5 мың адамы, 1,5 мың бала емдеу-сауықтыру орталықтары мен лагерьлерге барды.

1,1 мың ауыр техниканы тасымалдауға 700 теміржол плат­формасы тегін берілді. Бұған қоса зардап шеккен өңірлерге 10 мың тоннадан астам гума­ни­тарлық көмек (ауыз су, азық-түлік, матрацтар, гигиена заттары, сондай-ақ апаттан құт­қару жұмыстарына арнал­ған қиыршық тас, кесек тас) жет­кізілді. Су тасқыны салдарынан республикалық жолдарда 122 учаскедегі жол жиектері мен жол төсемі шайылып кеткен болатын. Оны қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру толық көлемде қарастырылып, барлық көлік байланыстары бұрынғы ырғағына түсті.

 

Түйін сөз

Ресми мәліметке сәйкес, су тасқыны басталғаннан бері барлығы 12 086 тұрғын үй мен 22 723 саяжай су астында қалды. Бұған қоса мал-мүлкі суға кетіп, бизнесі зардап шеккендер де бар.  Дегенмен Мемлекет басшысының халыққа берген уәдесі толық орындалды. Қыркүйек-қазан айларына дейін барлық зардап шеккен тұрғын қалыпты тірліктеріне қайта оралды. Қиындық артта қалды. Тек мұның салдары сабақ болып, сақтық, алдын алу амалдары жетілдіріле беруі керек. Осынау алапат тасқынға кеудесін тосқан, құм тасып дамба салуға атсалысқан, үй-күйсіз қалған жұртшылықты ыстық тамақпен қамтыған, бір сөзбен айтқанда, өртке қанатымен су сепкен ел еріктілерінің ерлігін айтпай кетуге болмас. Сонымен бірге құтқару саласының кәсіби мамандарының да халықтың амандығына қосқан үлесі зор екені белгілі. Қиын сәттерде қаржылай көмек көрсеткен компаниялар мен ірі кәсіпкерлерді айтпағанда жекелеген адамдар, оның ішінде аты-жөнін жария етпеуді құп көрген бейтаныс жігіт 450 млн теңге, әнші Димаш Құдайбергеннің өзі 15 млн теңге көмек көрсеткені көпшіліктің есінде. Әлемнің әр түкпірінен жеткен гуманитарлық көмектер де еліміздің жаһандағы беделін көрсетті.