Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Масс-медиа – аясы кең ұғым
Ел тарихында ең ұзақ талқыланған құжаттың бірі «Масс-медиа туралы заңға» Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 маусымда қол қойды. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген жаңа заңда бірқатар тың ереже көрініс тапты.
Ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізілгенін тілге тиек етсек болады. Мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын Бірыңғай медиа платформасын құру көзделген. Оның ішінде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы (аккредитация карталарын берудің автоматтандырылған үдерісі) журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу және басқа да міндеттер қарастырылған.
Аталған заңды журналистер қауымы көптен күтті. Құжатта олар үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленіп, «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Онда журналистің құқығы мен бостандығының қорғалуын, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі, сондай-ақ заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтарын білдіретін талаптар көрініс тапты. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарға сұрауларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқарды.
Заңның тағы бір атап айтар тұсы – ұлттық телерадио хабарларын тарату мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттік тілдегі отандық теле-радио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылып, шетелдік телерадио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілді.
Сонымен қатар өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын хабарды, өзін-өзі өлтірудің жолдары мен оған үндейтін ақпаратты таратуға, жариялауға тыйым салынғанын да маңызды өзгерістің бірі ретінде атауға болады.
Болашаққа арналған бағдарлама
1 қаңтардан бастап елімізде «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылып, 2006 жылдың 1 қаңтарынан бері туған барлық баланың арнайы жинақтаушы шотына алғашқы 100 доллар қаражат түсті. Бұл қаржы болашақта оның оқуына немесе баспана сатып алуына жұмсалмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға ақша аудару туралы заңға өткен жылдың 16 қарашасында қол қойған еді. Дегенмен оның нақты жүзеге асуы осы жылы басталды.
Қаражат БЖЗҚ-дағы жеке шоттарға түседі, шот «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер базасындағы ақпарат негізінде әр балаға автоматты түрде ашылады, яғни ата-аналарға банкке немесе БЖЗҚ-ға арнайы барудың қажеті жоқ. Баланың «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатыса алатынын немесе қатыса алмайтынын egov.kz порталындағы жеке кабинеттен білуге болады. Бұған қоса зейнетақы қорының enpf.kz ресми сайтында тұрақты түрде мәліметтер жарияланып тұрады.
Айта кетейік, бұл ақшаны бала 18 жасқа толғанша шешіп алуға болмайды. Одан кейін қаражат аталған шотта тағы 10 жыл бойы сақталып тұрады. Егер осы аралықта, яғни ол 28 жасқа толғанша қаражат пайдаланылмаса, ол зейнетақы шотына аударылады. Ал егер бала 18 жасқа толғанға дейін басқа елге көшіп, азаматтығын ауыстырса, жиналған төлемді алу құқығынан айырылады. Елден кеткенімен, азаматтығын ауыстырмаса, онда 18 жасқа толған соң жиналған ақшаны ала алады.
Жоғарыда айтқандай, бала кәмелет жасқа толғаннан кейін жинақталған қаржы тек екі мақсатта, яғни тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе оқу ақысын төлеуге пайдаланылады. Тұрғын үйді тек ел аумағынан ала алады, ал оқу ақысын қай елде білім алып жатса да, төлеуге мүмкіндік берілмек.
Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін шотта жинақталған қаражатты пайдалану туралы 41,8 мың өтініш түсіп, 4,2 млн доллар шешіп алынған. Оның 2,3 млн доллары тұрғын үй жағдайын жақсартуға, 1,9 млн доллары оқу ақысын төлеуге пайдаланылған. Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бұл жоба өскелең ұрпақтың ұзақмерзімді қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізбек.
Петиция – қоғам үні
Биыл сәуір айында ел азаматтарына Үкіметтің міндетті қарауына жататын ресми петицияларды беруге заңды құқық ұсынатын петициялар туралы заң күшіне енді. Бұл құжат петицияларды беру мен қол қою тәртібін реттеп, рұқсат етілетін мәселелер тізімі мен оны қарау үшін қол жинау межесін бекітті. Заң Мемлекет басшысының мұрындық болуымен басталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы алтын көпірге айналып, халықтың билікке деген сенімін арттырды.
Осы орайда іске қосылған epetition.kz платформасында халықтың жоғары белсенділігі байқалғанын айта кету керек. Оны жарияланып жатқан петициялардың санынан, сондай-ақ өзекті әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді талқылауға азаматтарымыздың белсенді қатысуынан байқауға болады.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, Президент бастамашы болған «Қоғамдық бақылау туралы» заңның мақсаты – ел азаматтарының мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ оның аясында петиция институтын ресми түрде реттеу.
«Заң өтініш берудің бірнеше шегін белгілейді. Аудандық деңгейдегі петицияларды ең аз дегенде 2,5 мың азамат қолдауы керек. Өтініш Үкімет деңгейінде қаралуы үшін 50 мың азаматтың қол қоюы қажет. Өтінішті қарау үдерісі мүмкіндігінше ашық болады, қажетті қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Соңғы шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы қабылдайды», деді министр.
Ойын бизнесінің жарнамасына жол жоқ
Шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі туралы заңнамаға енгізілген түзетулерге қол қойды. Өткен жылы Президент Қауіпсіздік Кеңес отырысында: «Кейінгі жылдары елімізде ойынға тәуелділік жағдайы кең ауқым ала бастады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен трагедияға айналды» деген еді. Осыған орай нақты тапсырмалар беріп, азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулер белгіленді.
Заңмен ойынқұмарлыққа тәуелділік деңгейін төмендетуге, әлеуметтік осал топтарды қорғауға және ойын бизнесін ұйымдастырушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған нормалар енгізілді. Бұдан былай Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған адамдар мен жауапты мемлекеттік лауазымда отырғандар ойынханаларға кіре алмайды. Бұл өз кезегінде қаржылық тәуекелдердің алдын алып, қоғамның мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін арттырмақ.
Заң нормалары букмекерлік конторалар мен тотализаторлардың жарнамасына шектеу қояды, ал сыртқы жарнамаға, көліктер мен БАҚ-тағы жарнамаға мүлдем тыйым салынып отыр. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, заңның негізгі мақсаты – ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру.
«Құмар ойындарға, бәс тігуге қатысуға жас шегін жеке тұлғалар үшін 21 жастан бастап 25 жасқа дейін ұлғайту көзделген. Лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың интернет-ресурстарына тыйым салынады. Тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жеке тұрған ғимараттар мен құрылысжайларда, білім беру ұйымдарында, ғибадат үйлерінде лотерея билеттерін таратуға және терминалдарды орнатуға тыйым салынады. Электрондық казино мен интернет-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Сонымен қатар 25 жасқа дейінгі адамдарды, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдарды құмар ойындарға қатысуға жіберу үшін әкімшілік жауаптылық көзделеді. Әкімшілік құқық бұзушылық қайта жасалған жағдайда лицензияның қолданысын тоқтата тұру түріндегі жаза енгізілді», деді ол.
Ел мойнындағы ауыр жүк
19 маусымда Мемлекет басшысы кейбір заңнамалық актілерге несие беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңға қол қойды.
Халықтың несие батпағына батып, қарыздарының тым көбейіп кеткені – жиі көтеріліп жүрген мәселенің бірі. Әрине, оларды ешкім несие алуға мәжбүрлеген жоқ, бірақ елдегі экономикалық, әлеуметтік жағдай соған итермелеп отыр. Сондықтан бұл мәселені шешуді мемлекеттің қолға алуы – құптарлық іс.
Заңға халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге қатысты бірқатар ереже енгізілген. Атап айтқанда, қарызын 90 күннен аса уақыттан бері өтемей жүрген адамдарға жаңадан несие беруге тыйым салынады. Алайда қарызды қайта қаржыландыруға бұл тыйым жүрмейді. Әскери қызметшілер мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде және әскерден қайтып келгеннен кейін 60 күн ішінде алған қарызына сыйақы есептеуден босатылады.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынды. Одан кейін коллекторлық агенттіктерге жеке тұлғалардың құқықтарын (талаптарды) беру шарттары қатаңдатылды. Дәл осы күннен бастап тек берешек туындаған сәттен 24 ай өткен және берешекті реттеу жөніндегі рәсімдер міндетті түрде жүргізілген жағдайда ғана қарыз алушы жеке тұлғаларға қатысты құқықтарды (талаптарды) коллекторларға беруге болады.
Заңнамаға сәйкес азаматтарға электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы банк қарыздары мен микроқаржыны алудан ерікті түрде бас тарту құқығы беріліп отыр. «Стоп-кредит» деп аталатын сервисті қазіргі таңда 855,6 мың азамат пайдаланған. 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қарыз алушылар ерікті түрде бас тарту кезеңінде рәсімделген несиелерді өтеу міндеттемесінен босатылды.