Экономика • 31 Желтоқсан, 2024

Qazaqgaz басшысы 2024 жылдың қорытындысы туралы: «Газ саласын дамытудың жаңа эрасы басталды»

338 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Биыл Ұлттық құрылтайдың Атырауда болған үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жыл соңына дейін елді мекендерді газдандыру деңгейін айтарлықтай арттыруды және желілерді жаңғыртуды тапсырғаны мәлім. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылғандығы туралы «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтен сұраған едік.

Qazaqgaz басшысы 2024 жылдың қорытындысы туралы: «Газ саласын дамытудың жаңа эрасы басталды»

– Санжар Серікбайұлы, сіз елімізде өткен жылыту маусымында газ тұтыну бойынша тарихи рекорд жаңартылғанын айтып, қазақстандықтар сағатына 4 млн текше метрден астам газ пайдаланғанын атап өткен едіңіз. Қазіргі жылыту маусымында QazaqGaz өз абоненттерінің көңі­лінен шығып отыр ма?

– Тұтынушыларды газбен үз­дік­сіз қамтамасыз ету – біз үшін әрдайым басым міндет. Ең жоғары жүктеме кезінде – мысалы, қатты аязды күндері тұрғындарға тұрақты газ жет­кізуге өз ресурсымыз жеткілікті. Қа­жет болған жағдайда, жалпы көле­мі шамамен 4 млрд м3 газ болатын өзімізге қарасты жерасты газ қойма­ларындағы (ЖГҚ) газ қорының есе­бінен қосымша қамтамасыз ете аламыз.

Күзгі-қысқы кезеңді алаңсыз өткізу үшін QazaqGaz жыл сайын наурыз айынан бастап жылыту маусымына дайындықты бастайды. Қыс мезгілінде ірі газ жеткізушілерінің кен орындары немесе газ өңдеу зауыт­­тарында қандай да бір кезектен тыс жөндеу жұмыстары орын ала қалса, қосымша газ көлемін алу үшін «Газпроммен» қосымша газ көлеміне споттық келісімшарт жасастық. Бұған қоса, еліміздің оңтүстік өңір­леріне Өзбекстан арқылы газ тран­зитінің баламалы бағыттары қарас­тырылды. Сондықтан да жылыту маусымының ең қауырт кезең­де­рінен абыроймен өтуге QazaqGaz ұлттық компаниясы толық дайын деп санаймын. Бұл QazaqGaz-дың өндіріс мамандарының орасан зор еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр.

пр

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында биыл еліміздің 9 өңірінде 107 елді мекен газбен жабдықтау жүйесіне қо­сылды. Оларда тұрып жатқан 300 мың­ға жуық отандасымыз «көгілдір отынды» пайдалануға қол жеткізді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, Астана қаласын, астаналық агло­мерацияны, сондай-ақ Ақмола облысының елді мекендерін газдандыру қарқынды жалғасуда. Бүгінде елордада 70 мыңға жуық адам көгілдір отынды пайдаланады. 2024 жылы Жібек жолы ауылын газға қосу арқылы облыстың газдандырылған елді мекендерінің санын 16-ға жеткіздік.

Қазір «Талдықорған–Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл Жетісу облысының тағы 66 елді мекені газбен қамтамасыз етілетінін білдіреді, тұрғындар мен өнеркәсіп орындарын газбен жабдықтаудың сенімділігін қалыптастырады.

 Сонымен қатар біз газды үнемді тұтыну қағидатын қалыптастыруға күш салудамыз. Осыған орай, тиісті заңдар мен тұтыну нормативтеріне түзетулер енгізу қарастырылып жатыр. 8 қазанда Парламент Мәжі­лі­сінде тиісті заң жобасының таныс­­ты­рылымы болды. Құжат 2025 жылдың І тоқсанының соңына дейін түп­кілікті бекітілуі тиіс.

– Білуімізше, биыл QazaqGaz және халықаралық геологиялық барлау компаниялары арасында бірқатар ірі келісімдерге қол қойылды. Осы жобалар туралы не айтасыз?

– Ішкі нарықта газды тұтыну көлемі елеулі қарқынмен артып келе жатқандықтан, компаниямыз геологиялық барлауға баса мән беріп отыр. Кейінгі екі жылда газ қоры бар 23 әлеуетті учаске қаралды. Соның ішінде 15 учаске QazaqGaz-ға бекітіліп берілді. Олар инвесторларды тарту арқылы геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді талап етеді.

Сонымен қатар Жамбыл об­лы­сын­дағы Анабай кен орны­ның мүмкіндігі кеңейтілді, онда қыс­қа мерзім ішінде №17 ұңғыманы (3690 метр) бұрғылау бойынша жұ­­мыстар жүргізілді, ұңғыманың жо­ға­ры өнімділігін растайтын көлем­ді газ көзі табылды – тәулігіне 120 мың м3 газ аламыз, бұл жоба­лық көрсеткіштен екі есе артық. Сондай-ақ №18 ұңғыманы бұрғы­лау жұмыстары басталды, соның арқа­сында газ өндіру көлемі ұлғай­ты­лады.

ап

Айта кетер тағы бір жетістігіміз – 100 пайыз carry-қаржыландыру шарты бойынша Chevron компания­сымен Ақтөбе облысындағы КТ-III (Жәлібек) учаскесінде геологиялық барлау жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді. Яғни инвестор геологиялық барлау кезінде барлық шығын мен тәуекелді өз мойнына алады. Бұл еліміз үшін өте тиімді. Қазіргі уақытта Chevron қолда бар сейсмикалық деректерді ауқымды өңдеуді жүзеге асырып, техникалық талдау әзірлеп жатыр. Бұл жұмыс 2025 жылы да жалғасын табады.

QazaqGaz «КОР» ҰК-мен Маң­ғыстау облысындағы Аққұдық учас­ке­­сінде бірлескен геологиялық барлау туралы келісім жасасты және Ақтөбе облысындағы Шалқар учаскесіндегі жер қойнауындағы көмірсутектерді пайдалануға компания тарихында алғашқы келісімшартқа қол қойды. Геологиялық барлау жұмыстарының арқасында Жамбыл облысындағы Малдыбай учаскесінде жаңа газ кен орындары ашылды.

Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы болашағы зор Северный-2 учаске­сінде геологиялық барлау жұмыс­тарын бірлесіп жүргізу бойынша «ҚазАзот» АҚ-мен келісімге қол қойылды.   

QazaqGaz Түрікменстандағы газ кен орындарын, соның ішінде «Галкыныш» газ-мұнай кен орнын игеруге де қатысатын болады. Мем­лекет басшысының Түрік­­мен­стан­ға сапары аясында біз және «Түрікменгаз» мемлекеттік концерні осындай стратегиялық келісімге қол қойдық.

Кен орындарын толық барлау және игеру жобаларының барынша дәл және жедел орындалуын қамтамасыз ету үшін QGGeoDigital цифрлық платформасы әзірленді. Болашақта осы платформаны жасанды интеллектіге (ЖИ) негіз ретінде, сондай-ақ ұңғымаларды бұрғылау орындарын анықтау үшін пайдалану жоспарланып отыр.

– Биыл Qazaqgaz және Қаша­ған кен орнын игеру жобасына қатысушылар арасында «Болашақ» қондырғысынан сұйытылған мұнай газын жеткізу бойынша келісімге қол қойылды. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықты шешуге әсер ете ме?

– Бұл – QazaqGaz үшін тарихи оқиға. Осыған дейін ұлттық компания тек метанмен ғана айналысып келді. Енді өнімді бөлу туралы Қашаған келісіміндегі өзгерістердің арқасында Энергетика министр­лігінің шешімімен біз сұйытылған газ бойынша да өкілеттікке ие болдық.

Қашаған кен орнында сұйы­тылған мұнай газын ажырату зауы­ты­ның құрылысы басталды. Бұл жоба әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан маңызды. Өйткені оны іске асыру елдегі сұйытылған газ тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Бірінші кезеңде біз жылына – 400 мың тонна, ал екінші кезеңде 700 мың тонна сұйытылған газ алуды болжамдап отырмыз.

– Мемлекет басшысының Қатарға сапары аясында биылғы ақпан айында QazaqGaz жалпы сомасы 11 млрд доллардан асатын инвестициялық төрт келісім­ге қол қойды. Қатарлық UCC Holding-тің еншілес компаниясы Power International Holding-пен ынтымақтастық орнатылды. Осы мәміле туралы айтсаңыз.

– Қазақстан тарихында алғаш рет газ саласына 11 миллиард доллар инвес­тиция салынбақшы. Қатарлық жобалар еліміздің экономикалық өсімінің маңызды факторына айналады. Өйткені олар газдың ресурстық базасын кеңейтуге және тасымалдау қуаттарын жақсартуға тікелей ықпал етеді. Бұл біздің елді газдың қосымша көлемімен қамтамасыз етіп, экономиканың дамуына оң әсерін тигізеді.

Келісімдердің бірі – «Ақтөбе – Қостанай» жаңа магистральдық газ құбырын салу үшін инвестиция­лар тарту туралы. Бұған қоса, біз еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерін газбен қамтамасыз ететін маңызды газ артериясы – «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу бойынша бірлескен жобаны іске асырамыз. Сондай-ақ біз Қашағанда қуаты 2,5 млрд текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытын (ГӨЗ) салу және салынып жатқан қуаты 1 млрд текше метр ГӨЗ-ді сату туралы екі келісімге қол қойдық. Бұл ретте қуаты 1 млрд текше метр ГӨЗ құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жалғастырылып жатыр.

– Қазір корпоративтік әлемде ESG халықаралық стандарттарына ерекше назар аударылып отыр. 2023 жылы QazaqGaz әлемдегі ең үздік 10 газ компаниясының қатарына енгені белгілі. Сіздің ойыңызша, ESG рейтингі газ саласына инвестиция тартуда қандай рөл атқарады?

– Бүкіл әлемдегідей, Қазақстанда да тұрақты даму мәселесінің өзектілігі артып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда біз Morningstar Sustainalytics бағалауы бойынша 18,2 балл жинап, ESG-рейтингтегі көрсеткішімізді жақсарттық және еліміздің өндірістік компаниялары арасындағы көшбасшылық позиция­мызды растадық.

2024 жылы UN Global Compact жаһандық шартына қосылғанымыз – біз үшін орнықтылық жолын­дағы маңызды қадам. Бұл – БҰҰ-ның бизнестің әлеуметтік жауапкер­ші­лігін көтермелеуге бағытталған халықаралық бастамасы. Орнықты даму мақсаттарына ұмтылыс біздің әлеуметтік жауапты ойыншы ретін­дегі беделімізді нығайтып, «жасыл» инвестицияларға жол ашады, тұтас­тай алғанда, инвестициялық тартымдылығымызды еселеп арттырады.

– Газдандыру еліміздің халық­аралық экологиялық міндет­те­ме­лерді орындауына қалай ықпал етеді?

– Осы жылы Qazaqgaz бір ма­ңызды жобаны – Алматы қала­сында 2-ші және 3-ші жылу энер­гетикалық орталықтары (ЖЭО) үшін сыртқы газ инфрақұрылымын салуды аяқтады. Ол мынадай төрт нысанның құрылысын қамтыды: 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-да екі автоматты газ тарату стансасы, TIP-04 жалғастырғыш газ құбыры және «Алматы – Байсерке – Талғар» ма­гистральдық газ құбырының екінші желісі. Бұл бизнесті дамытуға және өңірде жаңа жұмыс орындарын құруға мультипликативтік әсер етеді. Алматы жылу-электр орталықтарын көмірден газға ауыс­тыру өңірдегі экологиялық жағ­­­дайдың жақсаруына тікелей ық­палын тигізеді.

Қазақстан тарихында алғаш рет біз Qarmet-ті — Еуразиядағы ең ірі металлургиялық комбинатты газдандырып жатырмыз. Ол әлі күнге дейін көмірді пайдаланады. Бұл жоба – Теміртау қаласының экологиясын жақсартуға қосатын үлесіміз. Металлургтердің талай ұрпағы кө­мір­ден газға ауысуды армандаған еді, бізге сол арманды жүзеге асыру құр­меті бұйырып тұр.

– QazaqGaz-дың отандық тауар өндірушілерді қолдаудағы рөлін қалай бағалайсыз?

– Мемлекет басшысының сатып алудағы отандық тауарлар көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында QazaqGaz «Атамекен» ҰКП, Қазақстан машина жасаушылар одағы және басқа ұйымдардың алаңдарында отандық тауар өндірушілермен кездесулерді жүйелі түрде өткізіп келеді. Осы жылы QazaqGaz жалпы сомасы 30 млрд теңге болған 100-ден астам офтейк-келісімшарт жасасты. Біз Қазақстанның машина жасаушылар одағының мүшесі ретінде оған қатысушылармен ұдайы ынтымақтастық жасасып келеміз. 2025 жылы біз осы бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтіп, отан­дық өндірушілермен қазіргіден де көп келісімшарт жасасуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар «Азия газ құбыры» ЖШС және «Бейнеу–Шымкент газ құбыры» ЖШС сияқ­ты бірлескен кәсіпорындар үшін сатып алудың жаңа ережелері әзірленді. Компаниялар отандық тауар өндірушілерді қолдау, офтейк-келісімшарттар жасасу және тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда елішілік құндылықты дамыту жөніндегі міндеттемелерін орындап отыр.

– QazaqGaz-дың халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына қолжетімді газ беру жайы қалай?

– Осы айда QazaqGaz Энергетика министрлігімен бірлесіп, «Әлеу­меттік әмиян» қанатқақты сервисін іске қосты. Жоба Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысында атау­лы әлеуметтік көмекті (АӘК) және тұрғынжай көмегін (ТК) алатын азаматтарды қолдауға бағытталған. Аталған өңірлердің АӘК және ТК алып жүрген тұрғындары eGov Mobile қосымшасының көмегімен табиғи газға 24 пайызға дейінгі жеңілдікті пайдалана алады. Сынақ кезеңінен кейін бұл жоба бүкіл елге таратылады.

– QazaqGaz өз абоненттері үшін газбен жабдықтау жүйесіне қандай заманауи технологиялық шешімдер енгізді?

– QazaqGaz саланы цифрлан­­­­­ды­ру­ға баса мән беріп отыр. «Ақылды» есептегіштерді орната отырып, тарату желілері мен абоненттерді цифр­ландыру белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Цифрланған абоненттер интерактивті картадан көрінеді. Соның көмегімен газды қалыпты тұтынбайтын абоненттердің орна­лас­қан орнын анықтауға, есеп­тегіштердің көрсеткіштерін жинау­ды бақылауға және газды есепке алудың ашықтығын арттыруға болады.

Шымкент қаласындағы Таскен шағын ауданында газды цифрлық есепке алудың қанатқақты жобасы аяқталды. Осыған ұқсас жұмыстар Астана мен Қарағандыда да жүр­гізілді. Жоба газ шығынын азайтуда және төлем тәртібін жақсартуда жоғары тиімділігін көрсетті. Алдағы уақытта біз жасанды интеллектіні қолдана отырып, осы жүйені бүкіл ел бойынша енгізетін боламыз.

2023 жылы компания тұрғын үйлерге газ беру үшін eGov.kz ар­қылы онлайн-өтінімдер жүйе­сін енгізді. Бұл азаматтардың аталған қызметке қолжетімділігін жақ­сар­туға мүмкіндік берді. Қазір біз техникалық шарттарды беруге өтінімдердің 46 пайызын онлайн-платформалар арқылы алып отырмыз. Мұның өзі абоненттеріміздің газға қосылу үдерісін айтарлықтай жеңілдетті.

– Компанияның шығыны экспорттан түскен пайда есебінен жабы­латынын білеміз. Оның көле­мі алдағы уақытта қалай өз­гере­ді?

– 2023 жылы компаниямыз «Орта Азия – Орталық» магистральдық газ құбыры арқылы Ресей газының Өзбекстанға транзитін бастады. Бұл – тарихи маңызды оқиға. Биыл «Газпроммен» бірлескен уағда­лас­тықтар нығайып, Ресей газының Өзбекстан мен Қырғызстанға тран­зитінің көлемі арта түсті. Жақында ғана «Газпроммен» газды өңдеу, транзит және импорт бойынша 2025–2026 жылдарға арналған стра­те­гиялық келісімшарттар жасалды.

QazaqGaz ішкі нарыққа зиян келтір­местен, халықаралық нарық­тарға газ экспортының көлемін сақ­тайды.

– Баға белгілеуде қандай өзгеріс бар?

– Биылғы ең үлкен жетістік­те­ріміздің бірі – Қазақстан Респуб­ликасы Энергетикалық кеңесінің ішкі нарықтың шығынсыздығына қол жеткізу үшін баға белгілеу реформасын қалыптастыру жөніндегі шешімі. Бұл Қазақстанның газ саласының табысты болашағын айқындаған маңызды кезең деуге болады. Әлеуетті инвесторлар енді елдің газ жобаларына инвес­тиция салуға ынталы болады. Ол – геологиялық барлау мен газ тасымалдау инфрақұрылымын салуға арналған инвестициялар. Бұл шешім ішкі нарықта газды сатуды алдағы үш-төрт жыл ішінде шығынсыздық деңгейіне кезең-кезеңмен шығаруға мүмкіндік береді. Бірақ біз бағаның күрт өсуіне жол бермейміз.

– Енді мамандарыңыз туралы айтсаңыз. Компанияда қыз­мет­керлердің біліктілігін арттыру үшін қандай шаралар қабылданды?

–  Әр қызметкеріміз – компания­мыз­дың басты құндылығы. Әріп­тес­теріміз оқыту мен тағылым­дамадан ұдайы өтіп, біздің серіктестерден әлемдік озық тәжірибені үйреніп жүр. Мәселен, биыл біз Eni-мен ын­тымақтастықты күшейтіп, қыз­меткерлерімізге арналған курстар сериясын өткіздік. Біз осы жұмысты 2025 жылы одан әрі жалғастыруға ниеттіміз.

Бұған қоса, QazaqGaz-да газ сала­сының бейінді мамандарының біліктілігін арттырудың және оларды кәсіби қайта даярлаудың бірыңғай корпоративтік орталығы – Оқу орта­лығы құрылды. Оның жұмысы аясында Solar Turbines, Baker Hughes сияқты шетелдік компаниялармен ынтымақтастық орнату жос­парланып отыр. Біздің міндетіміз – ғылымды, инновацияны және өндірісті интеграциялау, газ саласында отандық ғылымды коммерция­ландыруды дамыту. Осы мақсатта Satbayev University-де QazaqGaz-дың мамандандырылған аудитория­сын аштық. Біздің жұмысымызда профессорлардың, оқытушылардың және QazaqGaz мамандарының соңғы технологиялық әзірлемелері қолданылатын болады.

– Компанияның жұмыс­кер­­лердің еңбек жағдайы мен өмір сүру жағдайын жақсартуға ар­­­налған қандай бастамалары бар?

– QazaqGaz жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау аясында 2022 жылдан бастап өндірістік персоналдың жалақысын кезең-кезеңімен арттырып келеді. Нақты айтсам, кейін­гі екі жылда ол 15 пайыздан 45 пайыз­ға дейін көбейтілді. Бұған қоса, жыл сайын жалақыны индекстеу жүр­гізіледі. Оның мөлшері биыл 9 пайыз болды. Сондай-ақ табысы төмен мамандардың жалақысын орташа деңгейге жеткізу шаралары қолданылып келеді.

Мемлекет басшысының биылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланғаны мәлім. QazaqGaz компаниялар тобы бо­йынша өндірістік мамандарымыздың саны – 13 мыңнан асады. Бұл – барлық жұмыскердің 88,5 па­йызы. Біз Президенттің бастамасын толығымен қолдаймыз және еңбек адамының мәртебесін арттыру үшін бар­лық қажетті шараны қабыл­дай­мыз.

– QazaqGaz жаңа жылға қандай жоспармен кірмекші?

– 2025 жыл ұлттық компания бо­йынша Геологиялық барлау және күрделі құрылыс жылы болып жарияланды. Қазірдің өзінде өршіл жоспарлар әзірленді. Оларда жобаларды, соның ішінде газды геологиялық барлау жобаларын қысқа мерзімде іске асыру бойынша айқын мақсаттар мен міндеттер қамтылған. Саладағы қазіргі сын-қатерлерге қарамастан, біз барлық кедергіні біртіндеп еңсеріп келеміз.

Мемлекет басшының биылғы Жолдауында газ саласын дамытуға ерекше назар аударылып, дамудың жаңа кешенді жоспарын әзірлеу тапсырылды. Бұл ретте бұрынғы жоспар тиісті кестеден оза іске асырылып, QazaqGaz-дың даму стратегиясының бір бөлігі де ойдағыдай орындалғандығын атап өтпекпін. Енді біз жаңа құжатты әзірлеуге кірістік. Аяқталғаннан кейін оны Үкімет бекітетін болады. Шын мәнінде біз газ саласын дамытудың сапалық тұрғыдан жаңа кезеңіне көшіп жатырмыз. Сондықтан 2025 жыл біз үшін аса қауырт та жемісті жыл болуға тиіс.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы тарапынан газ саласының дамуы­на тұрақты бақылау жаса­лып отыр­ға­нын айтқан жөн. Qazaq­Gaz ко­ман­дасының үйлесімді жұ­мы­сының, «Самұрық-Қазынаның», Энер­гетика министрлігінің, Үкі­мет­тің және серіктестеріміздің қол­дауының арқасында біз алдымызда тұрған негізгі міндеттерді іске асыру үшін маңызды қадамдар жасап, нық сеніммен ілгерілеп келеміз. Ал алдымызда бәрімізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Біз туындайтын қиындықтарды жеңіп қана қоймай, нақты нәтижелерге сенімді түрде қол жеткізуге дайынбыз.

2024 жылғы нәтижелердің арқа­сын­да біз газ саласын дамытудың жаңа эрасын бастап жатырмыз және 2025 жыл біз үшін өте қарқынды және жемісті болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет. Жаңа жылда халқымызды жаңа жетістік­те­ріңізбен қуантыңыздар!

 

Әңгімелескен –

Кәрібай МҰСЫРМАН,

«Egemen Qazaqstan»