Ақшаны бояу жобасы енгізілді
Биыл мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында қазынадағы қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылау мақсатында бюджетті игеру кезінде «ақшаны бояу» тетігін енгізу жөніндегі жоба жүзеге асырылады.
Бұл тетік «Цифрлық теңге» платформасында іске қосылып, қаражатты жұмсау кезінде ашықтықты қамтамасыз етудің және жемқорлық тәуекелдерін азайтудың маңызды құралы болып есептеледі.
Бұған қоса бюджеттік ақшаны бөлуден бастап толық игеруге дейінгі барлық кезеңдерде пайдалануды бақылауға мүмкіндік береді. Әрбір теңге бірегей цифрлық белгіні алып, жымқыру мүмкіндігін болдырмайды және бюджетті ұтымды пайдалануға ықпал етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жетілдіру бойынша ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимылды нығайту
БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі конвенциясының мақсаты – жемқорлыққа неғұрлым тиімді және пәрменді қарсы іс-қимылға, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты қолдауға бағытталған шараларды нығайту.Қазақстан халықаралық стандарттарды имплементациялау арқылы ұлттық заңнаманы және құқық қолдану практикасын үздіксіз жетілдіре отырып, осы Конвенцияның қол қоюшысы және белсенді қатысушысы болып есептеледі.
Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында ЭЫДҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің Ыстамбұл іс-қимыл жоспары шеңберінде қазақстандық заңнама мониторингінің 5-раундын бағалау нәтижелері жарияланды.
Мониторинг енгізілетін шаралардың тиімділігіне бағдарланған жаңа әдіснама бойынша жүргізілгенін атап өткен жөн.
ЭЫДҰ сарапшыларының есебінде Қазақстанның негізгі салаларды реформалаудағы елеулі жетістіктері атап өтілді, сондай-ақ одан әрі дамыту үшін ұсынымдар берілді.
Қазақстан Орталық Азияда жемқорлыққа қарсы реформаларды іске асырудың жүйелілігі мен жоспарлылығы бойынша озық нәтижелерді көрсете отырып, өңірдегі көшбасшылықты нығайтты. Мамандардың пікірінше, ел халықаралық стандарттарды ұлттық ерекшеліктерге бейімдей отырып, тиімді пайдаланады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес
Осы жылы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңартылған Қоғамдық кеңесінің бірінші отырысы өтті. Кеңес құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары – Марат Башимов, Николай Арсютин және Айдос Сарым, сондай-ақ Бейбіт Мамраев, Дихан Қамзабекұлы, Кәкімжан Бишманов, Айнұр Сабитова, Мэлс Семгалиев, Ербол Үстеміров, Серік Сәпиев, Ғани Нығметов және Михаил Коломин сынды қоғам қайраткерлері мен ғалымдар кірді.
Отырыста Қоғамдық кеңестің төрағасы болып ашық дауыс беру арқылы бірауыздан Марат Башимов қайта сайланған болатын.
«Жемқорлыққа қарсы барлық маңызды бастамалар Қоғамдық кеңес мүшелерімен талқыланатын болады. Кеңес заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге, стратегиялық құжаттарды талқылауға қатысуға, Агенттіктің жұмысына мониторинг пен бағалау жүргізуге, сондай-ақ оны одан әрі жақсарту үшін ұсынымдар әзірлеуге құқылы», - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Асхат Жұмағали.
Қоғамдық кеңестер жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру процесінде маңызды рөл атқарады. Олардың ықпалы мен өкілеттігі жыл сайын артып келеді. Кеңес мүшелері үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және ғылыми топтардың сарапшыларын тарта отырып, өзекті мәселелерді зерттеу үшін жұмыс топтарын құра алады.
«Бизнеске жол» жобасы
Биылғы жылдың 20 желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Атамекен» ҰКП, Астана мемлекеттік қызмет хабы, ЕҚЫҰ кеңсесі және Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесіп цифрландыру арқылы әкімшілік кедергілерді жою мәселелері бойынша бизнес-қоғамдастықпен кездесу өткізген болатын.
«Бизнеске жол» жобасын іске асыру шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп ағымдағы жылдың 11 айында 25 мың кәсіпкердің құқығын қорғады (жоба басталғаннан бері 47 мың, 2022-2024 жж.).
Айта кетейік, жобаның мақсаты – кәсіпкерлерге әртүрлі әкімшілік кедергілерді, құжаттарды ресімдеу кезінде әуре-сарсаңдарды еңсеруге көмектесу, мемлекеттік қызметшілер қабылдайтын шешімдердің мерзімдері мен ашықтығын сақтауды қамтамасыз ету. Бұған қоса жоба кәсіпкерлер жерді ресімдеу, сәулет және басқа да бақылаушы органдардан рұқсат алу, коммуникацияларды қосу, сондай-ақ мемлекеттік қолдауды (кредиттер, гранттар, субсидиялар) алу кезінде кездесетін нақты проблемаларды шешумен айналысады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум
Қарағандыда жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Адал бол – адам бол» атты форум өткен болатын. Іс-шараның көтерген мәселесі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және интернет-алаяқтық.
Форум спикерлері жастардың қаржылық және жеке қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заманауи интернет-алаяқтық схемалары туралы айтты. Жеке деректерді қорғау тәсілдеріне, алаяқтық схемаларды тануға және интернет-қылмыскерлермен бетпе-бет келгенде дұрыс әрекет етуге ерекше назар аударылды.
Қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен экономикаға қалай әсер ететіні, сондай-ақ әрбір азамат осы құбылыспен күресу үшін қабылдай алатын шаралар туралы түсіндірілді.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үнемі басты назарда болған мәселе. Бұл бағытта мемлекет түрлі әдістер мен стратегияларды енгізіп, жемқорлықты азайту үшін бірқатар жүйелі қадамдар жасап жатыр. Биылғы жылы еліміздегі жаңа жетістік ретінде жобалық басқарудың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке енгізілді. Бұл қадам Қазақстанның мемлекеттік органдарының тиімділігін арттырып, қоғамдық сенімді нығайтуға бағытталған маңызды шара.
Жобалық басқару — бұл уақыт бойынша шектелген, мақсатқа бағытталған жұмыстарды тиімді ұйымдастыру үшін қолданылатын әдіс. Әдетте, ол ресурстарды жоспарлап, басқаруды, уақытты қадағалауды, қызметкерлердің жұмысын үйлестіруді және нәтиже бойынша есеп беру жүйесін қамтиды. Мұндай жүйе негізінен ірі мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға қолданылатын болса, оның тиімділігі ұзақ мерзімді және стратегиялық мақсаттарға жетуде айтарлықтай маңызды рөл атқарады.
Қазақстанда жобалық басқару әдісін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте қолдану арқылы бірнеше мақсаттарға қол жеткізу көзделген. Бұл шешім мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттырып, ресурстарды тиімді пайдалану мен жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама даярланды
Жалпы баяндамада жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, сондай-ақ жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету бойынша қабылданған және жоспарланатын шаралар туралы ақпарат қамтылады.
Биылғы жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы, оның ішінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы шеңберінде үкіметтік емес сектордың рөлі жарияланды.
Құжатта шенеуніктердің азаматтармен тікелей байланысын болдырмаудың негізгі факторы ретінде мемлекеттік қызмет, мемлекеттік аппаратты цифрландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту туралы мәліметтер қамтылған.
Алматы қаласының тау бөктеріндегі аймақтарында жер учаскелерін салу және бөлу, білім беру саласындағы бюджет қаражатын жоспарлау мен игеру, сондай-ақ білім дипломы бланкілерінің айналымы және ғылыми дәрежелер беру мәселелері бойынша жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, заңсыз сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі қызметінің нәтижелері ұсынылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру, озық халықаралық стандарттарды енгізу жөніндегі шаралар көрсетілген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы «ГРЕКО» бағалады
Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) Еуропа Кеңесімен өзара әрекеттесе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру бойынша бірқатар жұмысын жүзеге асырды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2020 жылдың қаңтар айынан бастап ГРЕКО-ның Орталық Азиядағы жалғыз өкілі болып есептеледі.
Алдыңғы бағалау 2021 жылы 1 және 2 раундтарды біріктіре отырып жүргізілді. Ұсынымдардың орындалуы туралы есеп 2023 жылдың 6 қыркүйегінде Еуропа Кеңесінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сайттарында жарияланған еді.
ГРЕКО-ның бағалау тобына Франция, Испания, Хорватия, Румынияның өкілдері, сондай-ақ ГРЕКО Хатшылығының жауапты орынбасары Лаура Санз-Левиа бастаған қызметкерлер кіреді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы А. Жұмағали мониторингтік топпен кездесуде Қазақстанның ГРЕКО-ға мүшелігінің маңыздылығын атап өтіп, сарапшылардың елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйесін нығайту мен дамытуға қосқан үлесін айтты.
Бағалау тобы визит аяқталғаннан кейін Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасын және оны қолдану практикасын жетілдіру жөнінде есеп пен тиісті ұсынымдар дайындайтын болды.
Ислам Ынтымақтастығы Ұйымымен байланыс нығайды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тұрақты негізде халықаралық ынтымақтастықты жетілдіру бойынша жұмыс жүргізеді. Қатардың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы басшысының шақыруымен биылғы жылдың 26-27 қарашасында Доха қаласында Төраға Асхат Жұмағали бастаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет делегациясы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше елдердің жемқорлыққа қарсы органдарының Екінші министрлік кездесуіне қатысқан болатын.
Іс-шараға әлемнің 53 елінен 250-ден астам делегат, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар қатысты.
Іс-шараның мақсаты – ислам әлемінің жемқорлыққа қарсы ведомстволарының өкілдері, сарапшылар мен халықаралық ұйымдар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы өзекті сын-қатерлерді талқылау және ынтымақтастықты нығайту.
Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын, заңнамалық бастамаларды іске асыру, алдын алу және қылмыстық-құқықтық шараларды қолдану, цифрлық шешімдерді енгізу, оның ішінде «ақшаны бояу», қылмыстық активтерді іздеу және қайтару мәселелері бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қазақстандық тәжірибесін таныстырды.
Ынтымақтастық халықтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде әлеуметтік-экономикалық және мәдени ортаның ортақ құндылықтары мен ерекшеліктерін бөлісетін осы ұйымға қатысушылар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.