Қоғам • 31 Желтоқсан, 2024

Әділетті қоғамның тірегі – адал адам

32 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты екінші отырысында қоғамда жаңа этика қалыптастыру, елдің бірлігі және тұрақтылығын сақтауда, жауапкершілік құндылықтарын арттыра отырып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне басты назар аудару қажеттігін атап өткен болатын. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында отаншылдық, адамгершілік қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңіру, сапалы білім мен өнегелі тәрбиені ұштастыру руханият, тәрбие ісіне жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді.

Әділетті қоғамның тірегі – адал адам

Ұлтпен бірге ғасырлар бойы жасасып, сүйегіне сіңген асыл қасиеттер жаһандану кезеңінде жұтылып барады, жас ұрпақ толассыз дамып жатқан ақпарттық кеңістіктің қармағына ілініп, құрсауында қалып қойып жатыр. «Үлкенге ізет, кішіге ілтипат» көрсететін дәстүрлі құндылықтарды бүгінгі ұрпақ бойына сіңіруде, әлемдік білім мен ғылымның озық үлгілерін ұлттық жетістіктермен ұштастыра отырып тәрбиелеу, ортақ экономикалық һәм рухани мүдде қалыптасыру білім беру ошақтарына да, отбасыларға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Қазіргі кезде білім, ғылымды үйлестіріп отырған ведомстволық ұйымдар тарапынан кешенді жұмыстар іске асып жатқанымен, жас ұрпақ тәрбиесінде осал тұстардың бар екенін күнделікті өмірде анық көз жеткізіп отырмыз. Ендігі кезекте бала тәрбиесінде ақпарттық, цифрлық ғасырдың сын-қатерлерінен қорғану үшін не істеу керек? Осы сауалға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі, PhD Гүлмира Ниетбаева жауап беріп, адал адам тәрбиелеуде қаперге алатын бірқатар жайттарды назарға алды. Гүлмира Бекенқызының айтуынша, болашағымыз жастарды, яғни мектептегі оқушыларды тәрбиелеуде, олармен жұмыс жүргізгенде  кешенді қатынастарды ескеру қажет. Баланың қалыптасуы, тәрбиесі отбасынан басталады. Сондықтан кәсіби мамандардың ата-аналармен байланыста болуы, мұғалімдердің психикалық денсаулығы, эмоциялық жағдайы тұрақты болуы бала тәрбиесінде үлкен рөл атқарады.

Абай атындағы ҚазҰПУ еліміздегі білім ошақтарына, мекемелерге практик-психологтар даярлау ісінде көптеген жобаларды іске асырып келеді. Осы орайда Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының ұжымы мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін анықтап, психологиялық диагностикасын жасап, дамыту бағытындағы бағдарламаларды іске асырып жатыр.

«Балалармен жұмыста олардың қоршаған ортамен қарым-қатынасы, коллаборация үрдісі, креативті қабілеті басты қаперге алынады. Баланың өзіндік көзқарасын қалыптастыру үшін, тапсырманы, кез келген іс-әрекетті ерекше орындауға тырысуы жолында сыни ойлау қабілетіне зер салу маңызды. Көптеген мәліметтің ішінен өзіне керегін ғана таңдауы оның  психологиялық ерекшеліктерінің дұрыс бағытта дамып жатқанын айғақтайды. Бұл толыққанды тұлға қалыптастыруда қаперде ұстайтын басты қадамдар», дейді Г.Ниетбаева.

Бұл бағытта кафедра тарапынан 16 бағдарлама әзірленген. Жыл сайын қыркүйек, қазан айларында «Ел үміті» корпорациясының қолдауымен, «Қабілет» орталығымен бірлесіп республикалық семинар өткізіп жүрген кафедра мамандары мектеп психологтары үшін ата-аналармен жұмыстың қиындығына көз жеткізіп отыр.

«Күн сайын еліміз мектептеріндегі оқушылар қабілет диагностикасынан өтеді. Бірақ диагностика үшін ата-ананың арнайы рұқсаты керек. Олар көп жағдайда психологтар үшін ашық емес. Мұндай салғырттықтың салдары психологиялық көңіл-күйі әртүрлі, тұйық, күйзеліске төзімділігі төмен балалармен жұмысты шектейді. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай дағдарысты кезеңді сәтті еңсеру үшін мектеп психологтармен отбасылардың бірлескен іс-қимылы қажет. Осындай жағдайда ғана салауатты тәрбие беріп, адал, ашық, білімді ұрпақ тәрбиелей аламыз. Ол үшін баланың  психологиялық ерекшеліктерімен жұмыс істеу басты мақсат», дейді ол.

Жақында ҚазҰПУ мамандары Оқу-ағарту министрлігінің «Өркен» орталығымен бірлесіп, ата-аналармен семинар өткізді. Осы кездесуде мәлім болғанындай, бала тәрбиесінде ата-анаға түсетін салмақ көп. Ал балалардың психологиялық ахуалын жақсартуда ата-аналарды гаджеттерге тәуелділік алаңдатады. Қазіргі кезде бірқатар өңірлерде әкелердің кеңесі құрылып жатыр. ҚазҰПУ мамандары атап өткендей, ондай өңірлерде балалардың белсенділігі де білім көрсеткіші де жоғары.

Осы орайда соңғы уақытта қоғамда белең алып отырған балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салу әрекетіне алаңдаушылық білдірген Гүлмира Бекенқызы оған отбасындағы тәрбие мен әлеуметтік желінің әсері көп екенін айтады.

«Ол үшін мектеп психологы балалармен тұрақты байланыста болып, көңіл-күйін танып отыруы қажет. Отбасында бала үшін эмоциялық көңіл-күй қымбат. Ата-ана, мұғаліміне сенімі жоғары болғанда ғана баланың бойындағы ізгі қасиеттер дамиды. Сыни ойлап, өз ойын ашық жеткізіп, айналасында болып жатқан құбылыстарды сараптай білетін болады. Баланың адал әрі шыншыл болып өсуі, өнегелі орта, тәрбиелі отбасы екенін ұмытпайық» дейді ол.   

Қыздар ұлттық педагогикалық университеті Мектепке дейінгі білім беру кафедрасының бағдарлама көшбасшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ақгүл Жұбандықова:

«Адалдық пен әділдік – бала тәрбиесіндегі негізгі құндылықтарының бірі. Адал болуға үйрету, болашақта мінез-құлқына әсер ететін маңызды моральдық-этикалық әдеттерді бойына сіңіру бала тәрбиесіндегі басты мәселе. Бала адалдықтың айналасындағылармен салауатты қарым-қатынастың негізі екенін түсініп өсуі тиіс. Әділдік, өз кезегінде, өзіне және басқа адамдарға құрметпен және тең құқықпен қарауды білдіреді. Әділетті болу –  эмоцияға берілмеу, салмақты шешім қабылдау екенін түсіндіру маңызды. Қазіргі балалардың мінез-құлқына ақпараттық қоғамның әсері көп. Отбасында белең алып отырған кереғар әдеттер жас өскіннің психологиялық дамуына кері әсер етіп жатыр. Мұндай жағдайда отбасымен бірлескен жұмыстар, балабақша, мектептегі тәрбиелік іс-шараларға кешенді көзқарас қажет.  Отбасы тәрбиесінде ата-аналар баласына үлгі болуға тырысып, берген уәдесін орындау, шындықты айту, әділ шешім қабылдау, бірге кітап оқу, әңгімелесу және талқылау, шынайы сөйлесіп, оның ой-пікірімен санасу, баланың адалдық пен әділдік көрсеткен әрекеттерін байқап, мадақтап отыру, мінез-құлықты дамытуға ынталандыру талаптарына сергек қарауы тиіс. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ал ұрпақты жан-жақты келбетті етіп өсіруде халықтық салт-дәстүрлердің тәлім-тәрбиелік, білім-танымдылық рөлі орасан зор.   Қазақ халқы жеткіншек ұрпақтың жат әдеттен жерініп өсуіне үлкен мән берген. Сол сияқты әлемдік даму жолына түскен ел дәстүрін заманмен ұштастырып, жаңа технологиядағы әлем тәжірибесіне мән бергені маңызды», дейді ғалым.

Қазіргі кезде Қыздар ұлттық педагогикалық университетінде мектепке дейінгі ұйымдарына мамандар даярлауда білім беру бағдарламаларына «Отбасы педагогикасы» пәні енгізілген. Онда мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, қазіргі жағдайдағы отбасылармен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдері көрсетілген. Осы пән негізінде тұрақты тренингтер өткізіліп келеді. Қазіргі кезде кафедрада ата-аналарға арналған PlayHab қызметі шеңберіндегі ішкі гранттық жоба қолға алынды. Университет жанынан ата-аналарға арналған кеңес орталықтары мен балаларды ерте дамыту және отбасын зерттеу кеңестігі құрылып жатыр. Онда мектеп жасына дейінгі балалар мен ата-аналарға диагностикалау, кеңес беру және әдістемелік көмек көрсетіледі.