Фото: Ақорда
«Реформаларды жалғастыру. Мемлекет басшысының қаңтар айындағы сұхбаты және Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы 2024 жылға арналған ішкі саясат саласындағы жұмыстың күн тәртібі мен мазмұнын айқындап берді.
Жыл бойы қоғамдық маңызы зор бірқатар заң әзірленді және қабылданды. Қоғамдық петициялар институты іске қосылды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен Орталық Азия елдерінде алғаш рет атом электр стансасын салуға қатысты референдум өтті. Референдум өткізуді талқылау ең ұзақ саяси науқан болды. Ауыл әкімдерінің сайлауы жалғасын тапты. Ономастика, ескерткіш және геральдика, мемлекеттік және қоғамдық награда салаларын ретке келтіру жұмысы басталды.
Әлеуметтік-гуманитарлық саладағы мемлекеттік бастамалар дәйекті түрде жүзеге асырылды: «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, мектептерде тәрбие жұмысының бірыңғай бағдарламасы, жас ғалымдарға арналған жаңа гранттар мен тағылымдамалар, жұмысшы мамандардың мәртебесі мен абырой-беделін көтеру», деп жазды Ерлан Қарин Telegram-арнасында.
Оның пікірінше, мемлекеттік аппарат сын-қатерлерді және сынақтарды абыроймен еңсерді. Ал Президенттің саясаты бұрын-соңды болмаған халықаралық шиеленіс жағдайында еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға, Қазақстанның егемендігі мен қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етті.
Мәселен, алапат тасқын салдары қысқа мерзімде жойылып, мемлекет барлық зардап шеккен азаматтарға ауқымды көмек көрсетті. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ балалар арасындағы суицидке қарсы күресті үйлестіру үшін жүйелі шаралар қолға алынды.
«Жаңа қоғамдық этика. Жаңа құндылықтардың қалыптасу үдерісі жалғасты. Әділдік, заң мен тәртіп қағидалары мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ұстанымына айналды.
Азаматтық қоғам Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанына, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, агрессия мен вандализм, нашақорлық, ойынқұмарлық және ысырапшылдық секілді кеселдерге қарсы күреске белсенді араласты.
Әдеп және мінез-құлық нормаларын сақтау халық қызу талқылайтын тақырыпқа айналды.
Түрлі тақырыпқа байланысты пікірталастарға қарамастан, жалпы билік пен қоғамның ел болашағына қатысты түсінігі мен көзқарасы ортақ. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жыл соңында өткізген сауалнаманың қорытындысына сәйкес, тұрғындардың 77,7 пайызы мемлекетіміздің даму бағдары дұрыс деп есептейді. Жұрттың қолдауы 2025 жылы да жалғасатын реформалардың берік тірегі болмақ», деп қорытындылады Ерлан Қарин.