
Қысқа ғұмырдың кейбір сәттері көз алдыңа келіп тұра қалады екен. Жаңа ғана Алматыдан суық хабар жетті. Белгілі қоғам қайраткері, көсемсөзші, тележурналист Мейрамбек Төлепберген бақиға көшіпті... Жаны жайсаң, қаламы қарымды, нағыз ұлтжанды азамат еді.
Ол қасиетті Әулиеата өңірінде дүниеге келді. Өлке тарихы туралы толғанды. 8 таңдаулы еңбектің авторы. Мейрамбек Төлепбергенді қазақтың ұлы тұлғасы Шераға – Шерхан Мұртаза арқылы танушы едім.
1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде ол Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет істейтін. Мен атақты «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы едім. Қабылдауыма Мейрамбек келді. Өңі сұп-сұр. Газетте сот үдерісіндегі Қайрат Рысқұлбековтің қасқайып тұрған суреті жарияланыпты. Газеттің бас редакторы, КазТАГ-тың директоры жұмыстан босатылған.
Газеттің сол күнгі нөміріне кезекшілік жасаған Мейрамбектің де жұмыстан босау қаупі туыпты. Үй алу кезегі жақындап тұрған екен. Жұмыстан шықса, бәрінен айырылады.
Қаламгер інімді сол күндердің қаһарына қарамастан «Лениншіл жасқа» қызметке ауыстырып алдым. Кейін үйін алып, газетте бөлім меңгерушісі болды.
«Егемен Қазақстан» газетіне бас редактор болып келгенімде ол осы басылымда жұмыс істейді екен. Қазақстан тарихын жазуға ниет еттік. Сол жұмысты үйлестіруді Мейрамбек ініме тапсырдым. Атақты Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбек, Камал Бұрқанов, Берекет Кәрібаев, Бүркітбай Аяған сынды тарихшы ғалымдар бір жарым жыл бойы газетке ғылыми зерттеу мақалалар жариялады. Ол кезеңде Ресей тарапынан «Қазақ мемлекеттілігі болған жоқ» деген пікірлер айтыла бастаған. Бұл біздің осындай жаңсақ пікірге берген тосқауыл жауабымыз болатын.
Жақсы журналист жаңалықты іздеп жүреді. Кеңес Одағының батыры Бақтыораз Бейсекбаев туралы Ресейдің «Известия» газетінде кішкентай ақпарат жарияланды. Қазақтың ұлтжанды азаматы, баспагер Мұхтар Құл-Мұхаммед екеуміз телефон арқылы сөйлестік. Ол іссапар қаржысын өз мойнына алды. Мейрамбекті Белоруссияға жібердік. Ол «Қаһарман Бақтыораз» деген тамаша мақала жазды. Осы арқылы ұлт батырын республика таныды, Алматы облысы Балқаш ауданы әкімдігінің шешімімен Минск түбіндегі Бақтыораз батырдың бейітінің басына ескерткіш қойылды. Республикада көшелерге аты берілді. Арқа төсіндегі елордада да Бақтыораз Бейсекбаев көшесі бар.
Жамбыл облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары болды.
Кейін «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты аймақтық «Jambyl» телеарнасын ұзақ басқарды.
Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, елдік заңнамалардың қабылдануына белсене араласты.
Ұлтқа қызмет істеудің үлгісін көрсеткен Мейрамбек Төлепбергеннің жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері