Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Жалпы, былтырғы мүдделер қақтығысына толы болған жаһандық күрделі геосаяси ахуал жағдайында еліміз үшін пайдалы дипломатиялық саясат ұстануы – қашанғы бұлжымас қағидалардың бірі. Сол себепті де іргелі ұйымдардың тізгінін ұстап, олардың қорытынды жиыны саналатын саммитін абыроймен өткізудің маңызы зор.
Қазақстанның халықаралық аренадағы ең басты жетістігі ретінде сарапшылар еліміздің «орта держава» ретінде мақұлдануын ерекше айтып жүр. Бұл тоғызыншы территорияның жаһандық үдерістердегі рөлінің артқанын, әртүрлі көпжақты форматта шешім қабылдауға ықпал ету мүмкіндігінің кеңейгенін көрсетеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан үшін негізгі серіктес елдерге, оның ішінде Қатар, Франция, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қытай және Әзербайжанға шетелдік сапарларын атап өткеніміз жөн.
Енді жаңа жылдың басты саяси оқиғалар тізбесіне тоқталсақ. Осыдан екі жыл бұрын «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті биыл қазақ жерінде өтетіні шешілген. Бұл туралы 2023 жылы мамыр айында Қытай астанасы Бейжіңде өткен бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мәлімдеген еді. Аталған саммиттің қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Сиань декларациясына қол қойып, бірқатар бастаманы қабылдады. Келесі саммит 2025 жылы Қазақстанда өтетіні нақтыланды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде алғашқы «Орталық Азия – Қытай» саммиті өте маңызды тарихи оқиға екенін атап өтіп, ол бүгінде Қытай әлемдік держава ретіндегі өзінің мәртебесін нығайтып келе жатқанына жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынына экономикалық және технологиялық дамудың қозғаушы күші екеніне тоқталды.
– Қытай – әлемдегі ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру біздің көпқырлы серіктeстігімізге тың серпін береді. Қазақстан осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келесі кезекте биыл Астана төрінде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезін айрықша атап өту керек. Биыл сегізінші мәрте өткізілгелі отырған осы әлемдік дін көшбасшыларының басқосуы өзінің даму жолында тыныштық пен тұрақтылықты, бірлік пен ынтымақты ту етіп келе жатқан Қазақ елінің төлқұжатына айналған айтулы алаң атанғалы қашан.
Былтыр күзде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Сенат спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Хатшылықтың XXII отырысы өткен. 19 елден келген дін қызметкерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан сол жиында биылғы қыркүйекте өткізілгелі отырған съездің күн тақырыбы жан-жақты талқыланды.
Жалпы, рухани көшбасшылар 20 жылдан аса уақыт бойы съезд аясында күш біріктіріп, діндер, мәдениеттер және халықтар арасындағы диалогті дамытуға, адамзатты алаңдатқан жаһандық проблемаларды шешуге елеулі үлес қосып келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы да әртүрлі ұлттардың, конфессиялардың ынтымақтастығын нығайтуға баса мән беріп келеді. Оның үстіне «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты Әділетті Қазақстанның негізгі тірегінің біріне айналды.
М.Әшімбаевтің айтуынша, бүгінде жаһандық сын-қатерлер бір-бірімен тығыз байланысып, бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Геосаяси шиеленістердің салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегіп, халықаралық қоғамдастық қол жеткізген құндылықтарға нұқсан келіп отыр.
– Бүгінде бізді Таяу Шығыстағы ахуал алаңдатып отыр. Осы орайда тараптарды бейбіт тұрғындардың құрбан болуынан, жағдайдың одан әрі ушығуынан сақтану үшін күш қолданудан бас тартуға шақырамыз. Мұндай ахуал кедейлік, теңсіздік және климаттық дағдарыс сияқты сын-қатерлерді күшейте түсетіні белгілі. Осындай проблемаларды азайту және еңсеру үшін барлық сындарлы күштің әлеуетін біріктірудің мәні зор. Бұл ретте рухани дипломатияның маңызы артып келе жатқанын атап өткен жөн, – деді Съезд хатшылығының басшысы.
Биыл Қазақстан төрағалық ететін тағы бір іргелі ұйым – Экономикалық ынтымақтастық ұйымы. 1985 жылы алғашқы үш құрылтайшысы – Иран Ислам Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы және Түркияның Измир келісімшарты бойынша құрылған Үкіметаралық аймақтық ұйымына Қазақстан 1992 жылы мүше болды. Сол жылы Ұйым қызметі жаңа жеті мемлекеттің Қазақстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Қырғызстан және Өзбекстанның қосылуына байланысты белсенді түрде дамыды.
10 мүшесі, бір бақылаушысы бар бұл экономикалық ұйымның басты мақсаты – мүше мемлекеттердің экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету, алдағы саудаға кері әсерін тигізетін кедергілерді жою және ішкі аймақтық сауданы көтеру; ЭЫҰ аймағының әлемдік саудада маңызын арттыру, мүше-мемлекеттердің экономикалық жүйесін әлемдік экономикаға интеграциялау, экономикалық жекешелендіру және либерализациялау, халықаралық және аймақтық өзара тиімді қатынасты орнату.
Міне, осы Орталық Азияның, Таяу Шығыстың және Оңтүстік Кавказдың 10 елінің экономикалық дамуына ықпал етуді көздеген ұйымның тізгіні биыл Қазақстанның қолына тиеді. Бұл мәселе былтыр 4 желтоқсанда Иранның Мешхед қаласында өткен ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің 28-отырысының күн тәртібінде кеңінен талқыланды. Жиынға еліміз атынан қатысқан Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу өз сөзінде 2025 жылы Қазақстан Республикасының ұйымға төрағалықты қабылдайтынын, оны «Өңірлік көлік байланысы мен тұрақты дамуды ілгерілету» ұранымен өткізетінін мәлімдеді.
Қазақ тарапы ЭЫҰ мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту қажеттілігін атап өтті. Осыған орай транзиттік-көлік бағыттарын дамыту, жоғары жылдамдықты жүк пойыздарын іске қосу, цифрлық транзиттік жүйені құру және өңір ішіндегі сауда көлемін ұлғайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ортақ міндеттерді шешу мақсатында ЭЫҰ мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы арасында ынтымақтастық орнату ұсынылды.
Бұдан бөлек, биыл елімізде «Global Logistics Alliance» саммиті өткелі отыр. Тиісті меморандумға былтыр 2 шілдеде «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов пен «Global Logistic Alliance» президенті Грейс Сан қол қойған.
Қазақстанда өтетін Жаһандық логистикалық альянс саммитіне әлемдік логистикалық қауымдастықтың атынан кем дегенде 500 делегат қатысады деп күтіліп отыр. Бұл осы саладағы инновацияның дамуына ықпал етпек.
«Global Logistics Alliance» (GLA) – 170 елден 7000-нан астам логистикалық компанияларды біріктіретін дүниежүзілік желі.
Былтыр Орталық Азия мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығы бойынша Сеул форумы саммитін 2025 жылы өткізу туралы да шешім қабылданған. Біздің елдің мұндай ұсынысын былтыр 5 қарашада Сеулде өткен «Орталық Азия – Корея Республикасы» 17-ынтымақтастық форумында Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жеткізген. Ол сол жолғы форумда Қазақстан Азиядан Еуропаға жүктерді қауіпсіз әрі тиімді тасымалдауға мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып жатқанын айтты. Сондай Орталық Азия Қазақстан арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыра алатын маңызды логистикалық хабқа айналып келе жатқанын жеткізді.