Бірлік, татулық және ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры һәм мемлекетіміздің басты құндылығы. Қазақстан халқы Ассамблеясы міне, осы идеологияны сеніммен, жүйелі жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та былтыр аталған ұйымның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, ел саясатының бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты.
«Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз.
Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді», дей келе Президент сөз арасында бұл құрылым өзін этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында сындарлы саясат жүргізе алатын тиімді құрал ретінде танытқанын баса атап өтті.
Әсіресе көктемгі су тасқыны кезіндегі Ассамблеяның белсенді әрі үйлесімді жұмысы өзара жанашыр, тілеулес болудың маңызын айқындай түсті.
– ҚХА-ның халықтың әртүрлі топтарын қолдау бойынша ауқымды республикалық акцияларды ұйымдастыру тәжірибесі бар. Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері көмек пен қаражат жинауға өз бетінше атсалысты, су тасқыны аймақтарынан халықты хабардар етуге және эвакуациялауға физикалық көмек көрсетті. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы өзін екі жағынан көрсетті: біріншіден, ұйымшылдық пен институционалдық жадының жоғары деңгейі тез әрекет ете алатын қолшатыр институт ретінде, ал екіншіден, айналасында қазақстандықтар шоғырланатын, қоғамның іргелі қағидалары ретінде бірлік пен өзара көмек құндылықтарын ұстанатын институт ретінде тағы да таныла білді, – деді Президент жанындағы ҚСЗИ Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Әмина Үрпекова.
Бүгінде Ассамблеяның институционалдық әлеуеті нығайып, ұйым жетекшілері мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілетуге белсене араласа бастады. Бұл бір жағынан ҚХА-ның 30 жылда өткен трансформациясының басты жетістігі деуге болады. Мұны негізге алған Мемлекет басшысы Ассамблея қызметін халыққа түсіндіріп, одан әрі насихаттауға және азаматтарды ел бірлігін нығайту жолындағы ауқымды жұмысқа жұмылдыруға ұтымды пайдаланамыз деген еді. Сондай-ақ ол былтырғы 33 сессияда Үкіметке мерейлі белесті атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Осылайша Үкіметтің 2024 жылғы 24 қазандағы қаулысымен «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Мерекелеу сарыны көбіне ресми форматта ұйымдастырылып, елдегі этносаралық ынтымақ пен ауызбіршілікті ұйыстыруға бағытталды.
Атап айтқанда, ҚХА-ның ХХХІV мерекелік сессиясын, Мемлекеттік және қоғамдық наградаларды, «Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту аясындағы мәдениет және өнер саласындағы үздік жұмыстары үшін» және «Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту бойынша әдебиет және журналистика саласындағы үздік жұмыстары үшін» сыйлықтарын табыстау, ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізу, өңірлік жоспарларды әзірлеу және іске асыру, «Ассамблея жастары» РҚБ-ның «Бірлік пен ынтымақтастыққа 30 жыл» қайырымдылық акциясы, «Жастар-Life» және «Елім менің» жобалары, «Сыр елі – достық мекені», «Бірлік-Единство.kz» республикалық жастар форумы, «Рақмет, Жер ана!» экологиялық акциясы, Францияның Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде ҚХА қызметінің таныстырылымын ұйымдастыру сынды іс-шараларды өткізу көзделген. Ел бірлігін еселеп, ұйым беделін арттыра түсетін бұл бастамалар кемінде 1,5 млн адамды қамтиды деп жоспарланып отыр.