Соның ішінде Президент ғылым мен білім, жастар мәселесін өз жұмысының басым бағыты екенін тағы да айшықтай түсті. Сөз жоқ, жастар – қоғамның қозғаушы күші, ертеңгі елдің бек тірегі, болашақтың бастауы, еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін өскелең ұрпақ ұлылардың ұлағатты өмір жолынан үлгі алып, келешекке кедергісіз жету мақсатында аянбай еңбек ете білуі керек. Білім нәрі мен дәнін бойға сіңіруге тиіс.
Ел болашағы олардың күш-жігеріне, патриоттық сезімдеріне тікелей байланысты десек, қазіргі ұрпақтың еліміздің кемел келешегін нығайтуға деген құлшынысы зор. Елімізде санасы азат, ойы сергек тұтас бір жаңа буын қалыптасып, өсіп жетілді. Біз Тәуелсіздігіміздің тағы бір белесіне жарқын жетістіктермен аяқ басып келеміз. Өскелең ұрпақтың ертеңі үшін мемлекет тарапынан маңызды шешімдер қабылданып жатыр. «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастарымыз әлемнің беделді оқу орындарында білімін көтерді. Еліміздегі жоғары білім беретін оқу ордаларының дәрежесі жыл санап өсіп келеді. ЖОО білім беру бағдарламалары да жаңарып, әлемдік стандарттармен сәйкестендірілді. Тарихы терең, мәртебесі жоғары университеттер студенттерге осы жүйе бойынша білім береді.
Бүгінде білім іздеген жанның жолы ашық. Еліміздің жоғары оқу орындары әлемдегі үздік университеттері қатарына батыл еніп келеді. Ғылымға қаржы бөлу, оқытудың жаңа бағдарламалары және ғылыми әзірлемелерді іс жүзінде қолдануға баса назар аударылып жатыр.
Сондай-ақ студенттерді жан-жақты қолдау мақсатында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін жаңғырту әрі реформалау бойынша ауқымды шаралар қабылданып отыр. Ғылымды дамытуға бөлінетін қаражат көлемі артып келеді. Отандық ғалымдардың әзірлемелерін қолдау мен коммерцияландыру жөніндегі бағдарламалар енгізіліп келеді. Тұтастай алғанда, білім беру жүйесі мен ғылым саласы ғылыми-технологиялық прогресс сұраныстарынан туындайтын серпінді даму сатысында тұр.
Ең алдымен, береке-бірлігі, ынтымағы жарасқан жастарымыз ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайтынын, ештеңден құр қалмайтынын түсінген. Себебі олар елдің тұтастығы береке-бірліктен басталатынын жақсы біледі.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
ҰҒА академигі