Еліміздің сыртқы саясатының маңызды қағидаттарының бірі – көпвекторлылық, бұл Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық одақ және басқа да әртүрлі жаһандық ойыншылардың мүддесі арасындағы теңгерімді табуға, тәуекелдерді барынша азайтуға, тиімділікті барынша арттыруға мүмкіндік береді. Біздің стратегиялық әріптестерімізбен қарым-қатынасты тереңдету – тұрақтылық кепілі.
Еліміздің стратегиялық мүддесі – аймақты тұрақтандыру, экономикалық байланыс пен қауіпсіздікті нығайту. Қазақстан түрлі платформа арқылы аймақтық ынтымақтастық идеяларын белсенді түрде алға жылжытып келеді. Сыртқы саясат пен тұрақты даму экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрақтылықты сақтауға бағытталған стратегиялар арқылы өзара байланысты. Бұл ішкі және халықаралық деңгейде маңызды екенін атап өткен жөн. Тұрақты дамуға ұмтылатын елдер осы салалардағы ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін сыртқы саясатының әртүрлі аспектісін біріктіреді.
Экология, климаттың өзгеруі, энергетикалық қауіпсіздік және цифрлық трансформация мәселелері де маңызды сала болып қала бермек. Қазақстан орта держава және прагматикалық сыртқы саясаты бар мемлекет ретінде тұрақты дамуға мүдделі және халықаралық ұйымдар аясында серіктестермен белсенді ынтымақтасады. Сондай-ақ климаттың өзгеруімен күресуге, биоәртүрлілікті сақтауға, азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізуге бағытталған тағы басқа жаһандық бастамаларға қатысады. Халықаралық алаңдарға атсалысу елге су ресурстары, экология және көші-қонға қатысты мәселелерді шешуге, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға жол ашады.
Жылдам өзгермелі халықаралық тәртіпте бірқатар елмен, халықаралық ұйымдармен тиімді серіктестік орнатуға ұмтылып, теңгерімді, прагматикалық және көпвекторлы сыртқы саясатты жалғастырып келеміз. Біздің көпвекторлы сыртқы саясатымыздың тағы бір маңызды тұсы мен пайдасы – таза технологияларды пайдалануға, жаңартылған энергия көздерін дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жобаларға шетелдік инвестицияларды тарту үшін жағдай жасау. Бұл инвестициялар тұрақты экономикаға көшуді жетелдетуге көмектеседі.
Халықаралық аренадағы прагматикалық әрекеттердің арқасында еліміз 15,7 млрд доллар тарта алды. Бұл Солтүстік және Орталық Азия аймағындағы ең жоғарғы нәтижені көрсетті. Осылайша, еліміз өзінің сыртқы саясатын жүзеге асыруда қалыптасқан көзқарасты ұстана отырып, орнықты дамуға тікелей әсер ететін саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуді жалғастырып келеді.
Бекжан САДЫҚОВ,
Президент жанындағы ҚСЗИ Еуропа және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы