Фото: Ашық дереккөз
Сараптамада 278 оқулық пен оқу-әдістемелік құрал қаралған. Оның 266-сы мақұлданып, пайдалануға ұсынылған.
Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған Брайль шрифтімен және жазуы үлкейтілген оқулықтар да әзірленген. 4-сыныптар үшін цифрлық сауаттылық, орыс тілі және шет тілдері (ағылшын, неміс, француз), бейнелеу өнері, еңбекке баулу, жаратылыстану пәндері бойынша оқулықтар және ұйғыр, өзбек тілдерінде оқытатын мектептерге арналған оқу құралдары бекітілген.
«Пәндік сараптама комиссиясында тәжірибелі педагогтер мен ғалымдар жұмыс істеді. Оқу әдебиеттерін бағалау әр басылымды сынақтан өткізу мен талдау нәтижелеріне негізделіп, ғылыми-педагогикалық талаптарға сәйкес жүргізілді. Бекітілген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер білім берудің заманауи талаптарына толық сәйкес келіп, оқушылардың табысты оқуына және болашақта қажетті маңызды дағдылар мен білімдерді дамытуға бағытталған», деді министрліктің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Назира Әбдірахманова.
Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік құралдар алғаш рет кешенді сараптамадан өтті. Оқу-әдістемелік кешенге әдістемелік нұсқаулық, жұмыс дәптері, оқулық, үлестірме және демонстрациялық материалдар мен альбомдар кіреді.