Қаржы • Кеше

Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері артады

123 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Зейнетақы мен жәрдемақының, ең төменгі жалақы мөлшерінің артуы, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі, «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын жүзеге асыру – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет іске асырып жатқан осындай оң өзгерістер мен баталы бастамалар биыл да жалғасын тауып, ел тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға игі әсерін тигізе береді.

Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері артады

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Президент «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «2025–2027 жылдарға арналған Республикалық бюджетте әлеуметтік бағыт басты басымдық ретінде сақталды. Онда денсаулық сақтау, білім беру саласына және әлеуметтік қажеттіліктерге өте қомақты қаржы қарастырылған», деп атап өтті.

Үкімет зейнетақы мен жәрдемақы жүйесін тұрақты түрде жетілдіру, халықтың әлеумет­тік жағдайын жақсарту, сондай-ақ елдегі әлеуметтік теңсіздікті азайту мақсатын­да түрлі шараларды бапталған бағдарламаларға сәйкес жүйелі жүзеге асырып келеді. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – әлеуметтік қорғау жүйесін нығайту, зейнеткерлер мен әлеуметтік әлсіз топтарға жан-жақты қолдау көрсету.

Зейнетақы жүйесінің негізгі компоненттері – базалық зей­нет­ақы, жинақтаушы зейнета­қы, еңбек зейнетақысы. 2020 жылдан бастап елімізде базалық зей­нетақы мөлшері еңбек өтіліне қарай белгіленеді. Бұған дейін базалық зейнетақы барлығына бірдей мөлшерде төленген бо­латын. Енді зейнеткердің ең­бек өтілі неғұрлым көп болса, оның базалық зейнетақысы да соғұрлым жоғары болады. Бұл жүйе зейнеткерлердің өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған. Зейнетақылар жыл сайын индексацияланып оты­рады. Индексация инфляция деңгейі ескеріле отырып жүргізіледі, зейнеткерлердің күнкөріс деңгейін тұрақты түрде арттыруға ықпал етеді.

2025–2027 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет ту­­ралы заңда 2025 жылғы 1 қаң­тар­­дан бастап мемлекеттік жәр­­дем­ақы­лар мен базалық зейнет­ақы төлемдерінің барлық түрін Ұлт­тық банк айқындайтын инфля­цияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зей­нетақыны – 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып арттыру көзделген.

Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен 2023 жылдан бері бес жыл ішін­де ең төмен базалық зейнетақы­ны ең төмен күнкөріс деңгейінің ­70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылып келеді.

2025 жылғы 1 қаңтардан бас­тап базалық зейнетақының ең тө­мен мөлшері ең төмен күнкөріс дең­гейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылып, 32 360 теңге болады, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды. Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғаяды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зей­нетақы – 120 737 теңге. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

Жәрдемақылар әлеуметтік көмектің бір түрі ретінде елдің экономикалық жағдайына, инфляция деңгейіне, азаматтардың әлеуметтік мән-жайына байланысты өзгеріп отырады. Елімізде ана мен балаға, мүгедектігі бар адамдарға, жұмыссыздарға, қарт­тар мен зейнеткерлерге ар­нал­ған жәрдемақы түрлері бар. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мем­лекеттік жәрдемақылар мөлшері де өсіріледі. Айталық:

– 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәр­демақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4, одан да көп бала туғанда берілетін жәр­демақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғаяды;

– мөлшері балалар санына бай­ланысты берілетін көпбалалы отба­сыларға арналған жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін – 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін ұлғаяды;

– I топ мүгедектігі бар адам­дарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін ұлғайтылады.

Сондай-ақ Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорынан асы­ра­ушысынан айырылу, ең­бек­ке қабілеттілігінен айырылу жө­ніндегі төлемдер 6,5%-ға ар­та­ды. Аталған төлемдер мін­дет­ті әлеу­меттік сақтандыру жүйе­сі­не қатысушыларға бюджет­тен бе­­рілетін мемлекеттік жәрдем­ақы­­ларға қосымша жүзеге асыры­лады.

Төлемдердің мөлшері жеке санаттарға, кейінгі 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүр­гізілген орташа айлық табыс, ең­бекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеумет­тік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі, табысты алмастыру мәсе­ле­леріне байланысты болады. Зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін адам­дарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру мақсатында арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Әлеуметтік сақтандыру жүйесі­не қатысатын 1 млн-нан астам жұ­мыс істейтін азамат мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 5 әлеуметтік тәуекел бойынша тұрақты төлем алып отырады. Жалпы, Республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық, ор­тақ зейнетақыны қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 42 түрі төленеді.

Елімізде әлеуметтік кө­мек кө­рсету жүйесі үнемі жетілді­рі­­ліп отырады. Жүйенің негіз­гі мақсаты – аз қамтылған аза­мат­­тарға, көпбалалы отбасы­лар­ға, мүгедектігі бар адамдарға, қарт­тарға, басқа да әлеуметтік қол­дауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсету. Үкімет әлеуметтік көмек жүйесін цифрландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, халыққа әлеуметтік қызметтерді қолжетімді ету мақсатында цифр­лық платформалар мен онлайн қызметтер енгізді. Зейнетақы төлемдерін индексациялау, жи­нақтаушы жүйені реформа­лау, әлеуметтік көмектерді ұл­ғайту, әлеуметтік қолдау шарала­рын кеңейту – осының бәрі халық­тың әл-ауқатын арттыруға ба­ғыт­талған шаралар. Сонымен қа­тар әлеуметтік көмек көрсету жү­йесінің цифрландырылуы мен жеңілдетілуі де қызмет түрлерінің тиімділігін арттырып, саланы жетілдіруге мүмкіндік береді.