Сурет: ratel.kz
Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп, Руслан Рүстемов және Наурызбай Байқадамов Қызылорда облысындағы Шиелі ауданында «Рухани орталықтың» ашылуына қатысып, оның Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтылғандай, халықтың дүниетанымын көрсететін жүйе ретінде қазақ тілін дамытуға нақты үлес қосумен қатар, өңірдің әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымын дамыту мен әр адамның рухани кемелденуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Президенттің қазақ тілін дамытудың маңызы туралы тұжырымы ұлттық қазынаны сақтау мен нығайтуға деген ұмтылыс қана емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті де көрсетеді. Қазақ тілін дамыту – мемлекеттің ғана емес, Қазақстанның әрбір азаматының міндеті. Еліміздің барлық этностық топтарының тілге деген құрметі мен қолдауы біртұтас, мықты және өркендеген ұлт құруға, өз ерекшелігін сақтауға және әрі қарай өркендеу жолымен сенімді түрде ілгерілеуге көмектеседі», деді Н.Жүсіп.
Сондай-ақ депутаттар тұрғындармен әңгіме барысында Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау туралы бастамасын талқылады.
Ал сенаторлар Дархан Қыдырәлі мен Алишер Сатвалдиев «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ ұжымымен кездесті. Онда цифрландырудың болашағы, жасанды интеллектіні қолданудың артықшылығы мен нейрожелілердің дамуы туындататын қауіптер талқыланды. Депутаттар Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық үйлестіру орталығы мен Телекоммуникация желілерін басқару орталығының және Компьютерлік инциденттерге әрекет ету ұлттық қызметі мен зиянды кодты зерттеу орталығының жұмыс барысымен танысты.
«Цифрлық технология елімізде кеңінен таралып, күнделікті өмірімізге ене бастады. Алайда жетістіктермен қатар киберкеңістіктегі қауіп-қатер де көбейіп келеді. Осыған байланысты техникалық инфрақұрылымды жетілдіру, заңнаманы бейімдеу, білім беру бағдарламасын дамыту, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен енгізу сияқты кешенді шараларды қабылдау қажет. Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр», деді Д.Қыдырәлі.
Сондай-ақ сенатор Амангелді Нұғманов Актөбе облысының әкімімен және өңірдің активімен кездесті. Жиында әкім сенаторға 2024 жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындылары, ағымдағы жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы баяндады. Әсіресе автомобиль жолдарының жағдайы, экологиялық ахуал, әлеуметтік қызметтердің сапасы, инфрақұрылым және интернетке қолжетімділік мәселелерін айтты.
«Президент халықтың шынайы мұқтажына назар аудару керектігін айтып отыр. Ауылдық аймақтарды нығайту, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту, аграрлық сектор мен жаңа технологияны қолдау – бәріміз бірлесіп шешуге тиісті міндеттер», деді сенатор.
Сенатор Серік Өтешов те Қарағанды медицина университеті мен Қазтұтынуодағы университетінің профессор-оқытушылар құрамымен жолықты. Ол медицина университетінің жанындағы ауруханада болып, ұжыммен кездесуде осындай мекемелердің маңызын атап өтті. Мұнда оқытушылардың ғылыми білімі тәжірибеде сәтті қолданылады. Кездесу барысында Президент Жолдауын іске асыру барысы жан-жақты талқыланды. С.Өтешов мемлекет дәрігерлердің мәртебесін арттыруға орай шаралар қабылдап жатқанына тоқтала келіп, оған медицина қызметкерлерін кәсіби міндеттерін орындау кезінде қорғауға арналған заңнамалық өзгерістер де кіретінін жеткізді.
Сенат депутаты Серік Шайдаров Ұлытау облысындағы Жаңаарқа ауданында болып, орман тұқымбағының құрылысы барысымен танысты. Ол жоба жетекшісімен бірге құрылыстың қазіргі жағдайын көріп, нысанның аймақ пен жалпы еліміздің экологиялық әл-ауқатының маңызын атап өтті. Президент «Ana tili» газетіне берген сұхбатында орман тұқымбағын экологиялық күн тәртібіне сәйкес келетін тұрақты орман шаруашылығының эталонына айналдыру жоспарланғанын айтқан еді.
Депутат сондай-ақ Қараағаш ауылдық округінде ақсақалдармен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, жолдарды асфальттау, халықты медициналық көмекпен қамтамасыз ету және спорт кешенін салу мәселелерін талқылады. Ол Ынтымақ ауылында электр беру желілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамамен де танысты. Сенатор мұндай жобалардың өңірдегі өмір сүру сапасын жақсартуда маңызы зор екенін және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ұлттық стратегияға сәйкес келетінін айтты.