«Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын. Нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр. Мәселені зерделеген соң бұл бағыттағы ұстанымымызды өзгерту қажет пе деген сауалдың жауабы белгілі болады. Басты мақсат – экономиканың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты секторды қарқынды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашу», дейді Мемлекет басшысы. Үкімет пен Ұлттық банк тарапынан 1 долларды 500 теңгеден жоғары бағамнан асырып жіберу экономикалық емес факторларларға жол ашады деген қорқыныш басым болып келді. Қазір де бұл қауіп сейілген жоқ. Егер теңгені еркін жүзуге жіберетін болсақ, біз оның қай бағытқа баратынын жақсы білеміз. Сол себепті Мемлекет басшысы айтып өткендей, теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету тәжірибесі өзін-өзі ақтамады. Мемлекет осы арқылы Ұлтттық банк пен Үкімет қолданыстағы қаржы саясатына өзгерістер енгізу қажеттігін қаперге салды.
Теңгенің еркін айналымда өз қуатын сезінуге мүмкіндік беру маңызды. Қазір өте қиын жағдайда тұрмыз. Бұл бағыт қоғамға да қиын тиетінін білемін. Біз үшін теңгенің интервенция күшімен немесе Ұлттық қордың ықпалымен емес, нарық заңы бойынша ес жиғаны, өз-өзіне келгені тиімді. Мұндай жағдайда инфляция Ұлттық банк белгілеген дәлізден шығып кетсе де, нарық жарты немесе бір жылдан кейін ес жияды. Бұл фактор теңгенің жасанды жолмен емес, ішкі ресурстардың көмегімен күш алуына жол ашады. Елдегі екінші деңгейлі банктер де жаңа жүйеге икемделе бастайды.
Отандық қаржы жүйесіне дәл анықтама беру қиын. Ұлттық банктің өткен жылғы интервенциялары көз алдымызда өтті. Бірақ бізде Ұлттық қор немесе алтын-валюа қорының сарқыла бастаған резервтерін толықтыруға мүмкіндік беретін ресурс аз. Қазір Ұлттық банк таңдау айрығында тұр. Алғашқысы – базалық мөлшерлеме арқылы теңгенің әлсіреуіне жол беру, екіншісі – мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап, экономиканың нақты секторын құрбандыққа шалу. Ұлттық банк дәл қазір қандай факторлар бойынша қажетті теңгерімді анықтайтынын білмеймін.
Мемлекет басшысы кешегі сұхбатында экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалайтынын, халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлегенімен, нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұрғанын айтты. Расында, елдегі экономикалық ахуал мәз емес. Қаржы жүйесінің орнықсыздығы, мемлекеттік бюджетті қаржыландырудың тұрақсыздығы сияқты дамуға кедергі келтіріп отырған жағдайлар өте көп. Бюджет шығысының кемі 40 пайызын Ұлттық қордың трансферті қамтамасыз етіп отыр. Егер Ұлттық қордың қаражаты сарқылса, шикізат ресурстарының бағасы түсіп кетсе, бюджеттің қандай болатынын көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Бұл – шешуге тура келетін күрделі мәселе.
Әнуар Үшбаев,
қаржыгер