Асқақ Алатау мен қарт Қаратау түйіскен жерге орналасқан Түлкібас ауданының табиғаты көрікті, азаматтары абыройлы. Қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртазаның Түлкібасқа «Тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деп анықтама беруі тегін емес. Осы Түлкібас ауданының Ақбиік ауылында туған педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Серік Пірәлиев білім саласының көрнекті қайраткері, ақыл-ой қазынасында өзіндік орны бар асыл азамат еді. Серік Жайлауұлын Түркістандағы қызметі кезінен жақын тани түскенмін. Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы, еліміздегі бірқатар іргелі жоғары оқу орнының ректоры болған ол өзінің басшылық қабілетін адамгершілікпен ұштастырып отырды. 2003-2007 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты ретінде өңірдің, Түркістанның өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосты. Серік Жайлауұлы мемлекетшіл азамат еді. Түркістан қаласының әкімі қызметін атқарып жүрген кезімде оның үлгі алатын адами қасиеттерін аңғардым. Серік ағамыздың ерекше қасиеттерінің бірі – алдына келген адамдардың мәселесін шешпей қайтармайтын. Қажет болса жағдай жасайтын, айтылған сөзі жерде қалмай іске асырылатын. Үш бірдей ұлттық оқу ордасының ректоры болған оның ғалымдарды құрметтеп, халықтың барлық өкілімен етене араласатын, тіл табыса алатын шынайы азамат, менменсу мен астамсудан әрқашан өзін алыс ұстаған білікті басшы, ұлағатты ұстаз екенін айтушылар көп. Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогика институтындағы басшылық қызметiн абыроймен атқарған еңбегі еленіп, Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне ректор болып бекітілген ол түбі бір түркі бауырлас екі ел арасындағы оқу орнын өркендетуге үлкен үлес қосты. Ұлтжанды басшы Серік Жайлауұлының тікелей басшылығымен университеттің бас ғимараты салына бастады. Мәдениет сарайы, кітапхана бой көтерді. Сонымен бірге медицина факультетінің 10 қабатты ғимараты салынып, университет жанынан халықаралық стандартқа сай келетін клиниканың ашылуына атсалысты. Оқытушылардың әлеуметтік жағдайын көтеру, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау мақсатында «Ұстаздар қалашығының» бой көтеруіне, элиталық коттеждердің салынуына себепші болды. Спорт кешенінің құрылысына үлкен күш жұмсады. Мұндай жанашырлық, ел ертеңін ойлау ұлтын сүйген парасатты азаматқа тән қасиет болса керек. Оқу орнының оқытушылар құрамын ғылымға ынталандырып, бес мамандық бойынша диссертациялық кеңес ашты. Яғни оқытушылардың диссертация қорғауына қолайлы жағдай жасап, ғылыми жетекшілердің еңбегін ескерусіз қалдырмады. Ғалымдардың бастамалары қолдау тауып, ғылыми жаңалықтарын іске асыру үшін зертханалар тұрғызылды, еңбектері кітап болып басылып халықаралық деңгейде дәріптелді. Климаты ауырлау Түркістанда декоративті және жеміс-жидек өсімдіктерінің түрлерін зерттейтін ғылыми интродукциялық орталық құру және университеттің биология, экология, география мамандарына оқу-өндірістік база орнату мақсатында салынған ботаникалық бақты әрі демалатын, әрі ғалымдар жұмыс істейтін нағыз орталыққа айналдырды. Бүгінде 88 гектар аумақты алып жатқан ботаникалық бақта декоративті және жеміс талдарының 150-ге жуық түрі мен сорты бар. Сондай-ақ Серік Жайлауұлы оқытушылардың, студенттердің күшімен көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, оқу орны аумағын көркейтті. Университетте шетелдік студенттер саны өсті. Оның ішінде түркітілдес мемлекеттердің жастары да бар. Қ.А.Ясауидің өмірі, еңбектері терең зерттеле бастады. Яссы, Сауран қалашықтарының тарихын зерттеу жұмыстары қолға алынды. Сауран қалашығындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандырған осы ХҚТУ ғалымдары болатын. Кезінде Серік Жайлауұлы бастамашы болған жұмыстар ары қарай жалғасын табуы тиіс. Серік Пірәлиев басқаратын университет қаланың үлкен бір рухани-мәдени орталығына айналды. Қазақ ғылымына, білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымның Түркістан үшін де сіңірген еңбегі мол. Түркістанның рухани жауһары, мақтанышына айналған Ясауи университетіне басшылық жасап, оқу орынның халықаралық аренадағы беделінің арта түсуіне айрықша еңбек етті. Серік Жайлауұлының жүйелі ұйымдастыру және басқару жұмыстарының нәтижесінде халықаралық қазақ-түрік университеті Түркі әлемінің ұйыстырушы, ынтымақтастырушы рухани орталығына айналды. Түркістан халқы да, университет ұжымы да оның еселі еңбегін ұмытқан жоқ. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде ҰҒА академигі, аталған оқу ордасының 2003-2007 жылдардағы ректоры Серік Пірәлиев атындағы конференция залының ашылуы – сөзімізге дәлел. Секең – өз ортасына мәдениетімен, әдептілігімен, сауаттылығымен ғана емес, жоғары тектілігімен де танылған тұлға. Жүрегі кең, өз халқын шексіз сүйетін, адамдардың барлығын жақсы көретін азамат еді. Біреуге қиянат жасамау, кісіні алаламау – оның қасиеті еді. Өзі басшылық еткен жоғары оқу орнында ұлттық тәрбиені басты қағида тұтты. Оны «Жаһандану үдерісіндегі жастарға ұлттық тәрбие берудің рөлі» атты көсемсөзінен де аңғаруға болады. Ол еңбегінде Серік Жайлауұлы мынадай пікір айтқан: «Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы – әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру – сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолда ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шығатын қорытынды, ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы қарыз бен өкшебасар ұрпақтың алдындағы парыз деп түсінуіміз керек. Яғни парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз».
Әрбір қоғамдық, қайраткерлік ісінен қазақы иісі аңқып тұратын Серік Пірәлиевтің өз ісіне асқан адалдығын, кәсібіне деген шексіз сүйіспеншілігін, жанкешті еңбекқорлығы мен жауапкершілігін еңбектері танытады. Том-том кітапқа арқау болар ел білуге тиіс еңбегі қаншама. Ғалымның артында қалған өшпес мұрасы 6 ғылыми жаңалығымен қоса, 200-ден астам ғылыми мақаласы талай ұрпаққа рухани азық болары анық. Талантты шәкірттер баулыған ұлағатты ұстаз, ел ісіне етене араласқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері отандық ғылымның қарқынды дамуына айрықша үлес қосты. Сонымен қатар қоғамдық істерге де атсалысып, жұртшылықтың ізет-ілтипаты мен құрметіне бөленді. Жемісті қызметі жоғары марапаттармен атап өтілді. Оның еселі еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақстан Білім беру ісінің үздігі» атанды, А.Байтұрсынұлы атындағы алтын, Капица атындағы күміс медальдармен, «Құрмет» орденімен марапатталды. Осындай өнегелі өмірімен ел есінде қалған көрнекті ғалым, академик Серік Пірәлиев тағылымы – педагогтердің жаңа буынына өнеге. Табиғатынан қарапайым, мінезге бай, ақыл-парасаты жоғары, иманжүзді азаматтың асыл жары София Арғынқызы Түркістанға, университетке жиі келіп тұрады. Академиктің сүйікті кәсібімен алаңсыз айналысуына мүмкіндік туғызған адал жар ұлдарымен бірге ғалымның еңбектерін жариялап, фильм түсірді. Түркістанның ел ағаларымен, зиялы қауымымен арнайы сұхбаттасып та тұрады. Серік Жайлауұлының үлкен ұлы Жомарт атына сай жомарт мінезімен танылса, ортаншы ұлы Ғалымжан ғылым докторы ретінде әке жолын жалғастырды, кенже ұлы Болат бүгінгі нарық заманының заңдылықтарын меңгеріп жүр. Иә, жақсы адам жарық шам секілді. Серік Жайлауұлының жан-жағына тигізген шарапаты, түсірген сәулесі, көрсеткен қамқорлығы ұмытылмасы, өшпесі анық. Артында қалған мол мұрасы халқының игілігіне қызмет ете береді.
Әли БЕКТАЕВ,
Сенат депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы