Ақмола облысындағы Жаңаталап ауылы маңында болған жаппай жол-көлік апатына ең бірінші себепкер нәрсе – адамдардың ТЖМ «Құтқару қызметі» таратып жатқан хабарламаға құлақ аспауы. Оқиға болатын күні, яғни жұманың таңында сағат 8.45-те бәріміздің телефонымызға «Астана-Щучинск тасжолы жабық» деген ескерту келген еді. Алайда бұл хабарлама мен ауа райының қолайсыз болып тұрғанына қарамастан, қаншама адам сол күні жолға шыққан.
«ҚазАвтоЖол» берген мәліметке қарағанда, 3 қаңтарда таңертең «Астана-Петропавл» республикалық маңызы бар автожолының 18-232 шақырым аралығындағы учаскесінде көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылған. Кейін ауа райының жақсаруына орай сағат 12.30-да полиция көлігі мен «ҚазАвтоЖол» компаниясы арнайы техникасының сүйемелдеуімен Астана қаласына қарай қозғалыс басталған. Алайда жүргізушілер тарапынан жылдамдық режімі мен ара-қашықтықты сақтамау салдарынан сағат 13.28-де автожолдың 153-шақырымында, яғни Жаңаталап ауылы маңында екпінмен келе жатқан көліктер бір-бірімен соқтығысқан.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчуктің хабарлауынша, қазіргі таңда оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-бөлігінде көзделген «жол қозғалысына қатысушылардың абайсызда орта дәрежелі денсаулыққа зиян келтірген ЖҚЕ бұзуы» бойынша, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 353-бабы 1-бөлігінде көзделген «көлікте қолданыстағы ережелерді бұзу» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталған. Тергеп-тексеру аясында жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталады.
Оқиғадан бір күн өткенде Астана қаласына қарай қозғалып келе жатқан сол топтың ішінде болған жүргізушілердің бірі қозғалыс қатысушылары арасында жылдамдық режімі мен ара-қашықтықты сақтамай, басқаларға қауіп төндірген көліктің видеосын жариялады. Кейін полицейлер Астана қаласының тұрғыны, BMW маркалы автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісін анықтады.
Патрульдік полиция қызметкерлері көлік жүргізушісін бірден Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда, кінәлі тұлға ӘҚБтК 595-бабының 1-бөлігі «маневр жасау ережелерін бұзу» және аталған кодекстің 606-бабының 1-бөлігі «жол қозғалысына қатысушының апаттық жағдай туғызған жол қозғалысы ережелерін бұзуы» бойынша жауапкершілік арқалады. Сонымен қатар құқық бұзушымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Жаппай апаттың орын алуына да дәл осы жүргізушінің әрекеті себепші болуы әбден мүмкін. Оның ақ-қарасын полиция анықтай жатар.
Айта кетсек, жаппай жол-көлік апаты салдарынан 10-нан аса адам жарақат алып, 95 көлік бүлінді. Қазіргі таңда КАСКО бағдарламасы бойынша төлем алу үшін «Евразия» сақтандыру компаниясына бірнеше жүргізуші жүгінген. Аталған бағдарлама бойынша зардап шеккен көлік иесі ЖКО-ға өзі кінәлі болса да, тіпті кінәлі адам анықталмаған жағдайда да төлем ала алады. Ал кінәлі анықталған жағдайда, компания сот тәртібімен айыппұл сомасын сол адамнан талап етуге құқылы. Компания берген мәліметке қарағанда, кінәлі анықталмаса, КАСКО полисі жоқ адамдар зақымдалған көліктерін өз қаражаты есебінен жөндеуге мәжбүр болады.
ІІМ мәліметіне сүйенсек, осы қыс уақытында ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің жолдарында 1 284 шектеу, соның ішінде жаңа жыл басталғалы 56 шектеу енгізілген. Дегенмен полиция мен басқа да төтенше қызметтердің ескертуіне қарамастан, жүргізушілер жабық учаскелерге шығып, жолдардың ашылуын күтіп тұрған бекеттерде кептеліс тудырып жатады. Жол ашылғаннан кейін бәрі бір уақытта қозғалып, нөмірдің ең алдына шығып кету үшін қатты жылдамдықпен жүруге тырысады. Мұның соңы түрлі апатқа әкеп соғуы мүмкін.
Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілерінен жол ережелерін сақтап, рөлде отырғанда мұқият болу қауіпсіздіктің кепілі екенін ескертіп келеді. 3 қаңтар күні халыққа үндеу жолдаған ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ауа райы қолайсыз болып, айналаны көру мүмкіндігі азайғанда, жол көктайғақ болғанда, жылдамдықты шамадан тыс асырмау керек екенін, діттеген жерге мүлдем бармай қалғаннан кешігіп барған жақсы екенін еске салды.
«Көктайғақ, боран, қар немесе тұман кезінде жолға шықсаңыз, сапарыңыз сынаққа айналуы мүмкін. Сондықтан ондай жағдайда ұзақ сапарлардан бас тартуды ұсынамыз. Өзіңіздің және өзгелердің өмірін қатерге тікпес бұрын күн райының қалыпқа келгенін күтіңіз. Ал егер ондай жағдайда жолда қалып қойсаңыз: жылдамдықты азайтыңыз, қауіпсіз арақашықтықты сақтаңыз, жылдам жүріс пен басып озудан аулақ болыңыз, мүмкіндігінше жақын елді мекенге немесе қауіпсіз жерге тоқтаңыз. Жол қызметтері, сондай-ақ полиция және құтқару бөлімшелері жолда тәулік бойы жұмыс істейді. Олардың міндеті – сізге көмектесу. Төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу көмекке жүгініңіз. Біз ауа райы жағдайына байланысты шектеулер мен қағидаларды бұзғандарға ерекше назар аударамыз. Мұндай әрекеттер тәртіп бұзушылардың өздеріне ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіреді. Кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады. Сіздің жолдағы қырағылығыңыз бен жауапкершілігіңіз – үйіңізге аман-есен оралуыңыздың кепілі», деді ол.