
Сурет: Freepik
Сенатор Руслан Рүстемов Қызылорда облысына барған сапарында Ақжарма ауылын газға қосу рәсіміне арнайы қатысты. Қазіргі кезде өңірді газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жалғасып жатыр. Былтыр осы мақсатқа 30 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп, жаңадан 330 шақырым газ құбыры салынған еді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, облысты газдандыру деңгейі 78%-ды құрады. Ал биыл тағы 10-нан аса елді мекенді газбен қамту жоспарланып отыр.
Сенатор Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтылған ауылдық инфрақұрылымды дамыту саясатының нәтижесі, Қызылорда облысын газдандырудың қарқынды жүзеге асуы екенін атап өтті.
«Президент айқындаған негізгі басымдықтың бірі – халықтың, әсіресе, өңірдегі тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту және инфрақұрылымды дамыту. Ақжарма ауылы мен облыстың басқа да елді мекендерін газдандыру осы міндеттердің сәтті жүзеге асуының айқын дәлелі», деді сенатор.
Депутат өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етудегі қол жеткен жетістіктермен де танысты. 2022 жылдан бері 16,8 млрд теңге көлемінде 55 жоба жүзеге асып, орталық су жүйесімен қамту деңгейі 98,6%-ға жеткен. Биыл бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар электр желілерін жаңғырту жұмыстары қарқынды іске асып келеді. Жалпы құны 11 млрд теңгені құрайтын 38 жоба жүзеге асып, желілердің тозу деңгейін 62%-ға дейін төмендетуге қол жеткізілген.
Сенатор Бекболат Орынбеков Жамбыл облысының Қордай ауданында болып, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі инфрақұрылым мен әлеуметтік жобаларды іске асыру барысымен танысты. Халықпен кездесу барысында ол Президенттің «Ana tili» газетінде жарияланған сұхбатында айтқан өзекті мәселелерді талқылауға ерекше назар аударды. Президент сұхбатында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары мен азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі маңызды басымдықтар белгіленгені атап өтілді. Ол билік органдарының барлық деңгейдегі қызметіне негіз болатыны айтылды.
Б.Орынбеков Гвардейский кентіне сапар аясында Президент жария еткен басымдықтарға орай өңірдің инфрақұрылымын жақсарту аясында газ құбырын, қазандық пен жылумен жабдықтау жүйесін, су құбыры мен теміржол арқылы өтетін жол өткелін салу жобаларымен танысты. Сенатор «Қордай» өткізу бекетінде де болып, шекарадан өтуді автоматтандыру шараларына куә болды. Сондай-ақ Қарасу ауылында болған кезде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық жаңа мектепті көріп, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісін жақсартуда заманауи білім беру мекемесі зор ықпал ететінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіне берген сұхбатында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың маңызына ерекше тоқталды. Елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланғаны белгілі. Осындай жайлы мектептің бірі Қарасу ауылында салынып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – апат жағдайындағы мектептер мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешу, елдегі мектеп тапшылығын жою. Сондай-ақ құрылыс саласында сапа мәселесіне ерекше назар аудару маңызды. Тұрғындардың пікірін ескере отырып, жобаларды іске асыру арқылы халықтың өмір сүру деңгейін едәуір арттыра аламыз», деді ол.
Сенат депутаты Бибігүл Аққожина Қостанай қаласындағы сапарында арнаулы киім мен аяқкиім және ортопедиялық жастық өндіруге маманданған «Азурит» отандық компаниясының ұжымымен кездесіп, өндіріс барысымен және компанияның жетістіктерімен танысты. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласындағы шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ өнім сапасын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
«Президент атап өткендей, инфрақұрылымды жаңғырту мен 18 миллион шаршы метр тұрғын үйді іске қосу дегеніңіз – жай ғана сан емес, халық нақты сезінетін оң өзгерістер. Бұл жұмысты өңірлерде жалғастыруымыз керек, тұрғын үй саясаты мен жергілікті бизнесті қолдау сияқты барлық мәселелерге ерекше көңіл бөлуіміз қажет», деді сенатор.