Марапат • Бүгін, 09:15

Ұшақ апаты кезінде ерлік көрсеткендер марапатталды

24 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы­ның әкімі Нұрдәулет Қилы­бай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ақтауда әзербайжандық «Azerbaijan Airlines» ұшағы апатқа ұшыраған кезде батылдық, кәсібилік пен жауапкер­шілік танытқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттап, Президенттің Алғыс хатын табыстады.

Ұшақ апаты кезінде ерлік көрсеткендер марапатталды

Ескі жылды қорытар тұста Ақтау қаласы маңында болған ұшақ апаты дүйім елді дүр сілкін­дірді. Әуе кемесі апатынан 30-ға тарта жолаушының тірі қалуы – алдымен тағдырдың сыйы, сосын ұшқыштардың шеберлігі мен ерлігінің нәтижесі болса, жерге құлаған сәттен бастап жан­қиярлықпен жәрдем қолын соз­ған маңғыстаулықтардың еңбегі­нің жемісі. Жол бойындағы жолаушыдан бастап сол маңда жұмыс істеп жүрген мекемелер, медицина, төтенше жағдай, жедел жәр­дем, әуежай қызметкерлері жұды­рықтай жұмылды. Тірі қал­ған адам­дардың барлығы аман-сау елдеріне жіберілді. Мейі­рімді, ұйымшыл қазақтың, киелі Маңғыстаудың даңқы әлемге жайылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде зардап шеккен аза­­маттарды құтқарып, кө­мек көрсеткен азаматтардың жан­қияр­лық әрекетін айрықша атады. «Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби дең­гейі мен азаматтық жауапкерші­лігі жоғары екенін көрсетті. Жа­қын жердегі Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының жұмысшылары бірден көмекке келді. Төңіректегі тұрғындар да зардап шеккендерді құтқаруға атсалысты. Азаматтарымыздың жанқиярлығы арқасында барынша көбірек адамның өмірін сақ­тап қалдық. Мен құтқару жұмыс­тарына қатысқан әрбір адамға шын көңілден ризашы­лығым­ды білдіремін. Қазақ халқының апаттан зардап шеккендерге жа­нашырлығы мен тілеулестігі азаматтарымыздың жаппай қан тапсыруға асыққанынан да айқын байқалды», деді Президент.

Салтанатты шара барысында Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен «ҚР Ішкі істер министрлігі Маң­ғыстау облысының полиция департаменті» ММ маман-кри­миналисі Айбек Әлібаев марапатталды. Криминалист А.Әлібаев оқиға барысында қаза тапқан жандардың денелерін танып, туыстарына тапсыру жұмысымен айналысты.

– Қаза тапқан 38 адамның туыс­тары әр елден келіп, таныту жұмыстары жүргізілді. Түр­лерінен анықтау мүмкін болмады. Сондықтан туыстарынан сұрай отырып, денелеріндегі ерекше белгілермен іздей бастадық. Көпшілігі меңіне, тыртығына, татуировкасына, алтын тісіне қарап таныды. Туыстарына өте ауыр болды. Тану кезінде жүрегі шыдамағандарға біздің медицина мамандарымыз көмек көрсетті, – деді Айбек Тахирұлы.

Рахымжан Қошқарбаев атын­дағы III дәрежелі «Айбын» орденімен Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі-құтқарушысы Олжас Байтөре, Қорғаныс министр­лігі 30153 әскери бөлімі алыс радио­­маркерлік пунктінің бөлім­ше бастығы Ботағарин Нұрлан, Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті Басқұдық ауылы №2 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Серіболат Оңғар, Маңғыстау облысы төтен­ше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Мәрлен Сәркенов марапатталды. «Құрмет» ордені «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ медициналық пунктінің мең­герушісі Ирина Кочергинаға, «Маңғыстау облыстық көпбе­­йін­ді ауруханасы» МКК орталы­ғы­ның меңгерушісі Бақытжан Қойбековке табысталды.

– Қайғылы оқиға кезінде қол қусырып қарап отырмай, кө­мек көрсетуге жұмылдық. Алған марапатым – тиісті орын­дар аза­маттарымен бірге аман қал­ған­дарды құтқарып, олардың өз елдеріне оралуына еңбегі сің­гендердің арасында болға­ныма жасалған құрмет, берілген сый. Президентке, облыс басшы­лы­ғына, барша құтқарушыларға алғыс айтамын, – деді И.Кочергина.

Жалпы, 70-ке жуық азамат түр­лі марапаттарға ие болды. Олар­дың ішінде жарақаттанған­дар­ға ота жасаған дәрігер Б.Қойбе­ков­тің, психологиялық көмек көр­сеткен «Апаттар медицинасы ор­та­лығы» ММ Маңғыстау облысы бойынша филиалының психо­логі Ж.Есеннің еңбектері ерен.

Сондай-ақ өңірде оқиға кезін­де әр салада еңбек еткен маман­дарға, бір­қатар бұқаралық ақпарат құ­рал­дары өкіліне Маңғыстау об­лысы әкі­мі­нің марапаттары табыс­талды.

 

Маңғыстау облысы