Алғашқы жылы негізінен осы өңірден шыққан Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылардың шығармалары басылған. Сонымен бірге жергілікті авторлар мен сырттағы семейлік қаламгерлердің де шығармалары мүмкіндігінше кеңінен қамтылып жатыр. Айталық, биыл А.Еспенбетов, Т.Жанғалиев, М.Оспанов, А.Әбілқасымов сынды жергілікті және Қ.Жұмаділов, Е.Сыдықов, Р.Мұқанова, Д.Сейсенұлы, Ә.Қайран, С.Қалиев, Д.Кәпұлы, А.Елгезек, С.Дүйсенғазин сынды сырттағы семейлік қаламгерлердің шығармалары оқырманға жол тартыпты.
Осы авторлардың арасындағы Дәулет Сейсенұлы жүз жылдан астам тарихы бар «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері. Әріптесіміздің бұдан бұрын «Абай әлемі» атты сериясымен көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов туралы «Ер қазақ» атты көлемді шығармасы шыққан. Ал осы жолғы деректі кітабы «Тұғыры биік тұлғалар» деп аталады. Оның алғашқы тарауында Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығы тілге тиек етілсе, екінші бөлімінде Ертістің Семей өңірінен шыққан Б.Төлегенова, К.Сәкиева, Т.Базарбаев, М.Ешекеев, Б.Сыбанов, Ж.Кәрменов, Ж.Шәкәрім, К.Мыржықбай, Т.Рахимов, К.Өлмесеков сынды жиырмаға жуық әнші, күйші, бишілер туралы сөз қозғайды. Ол сонымен бірге ертеден руханияттың орталығына айналған көне Семейдегі театр, музей, кітапхана тарихынан да сыр шертеді. Әріптесіміздің деректі кітабында сонымен бірге ұлылар еліндегі айшықты орындар мен шежірелі оқиғалар да мүмкіндігінше қамтылған. Ал ондай материалдардың ұлылар елінде туризмді дамытуға септігі тиетіндігіне сенеміз.
– Осы орайда, тың идеяға серпін беріп отырған облыс басшылығымен бірге аталмыш серияның бас редакторы А.Еспенбетов, Абай кітапханасының директоры М.Қарт және аталған кітапхананың қызметкері Г.Аязбаеваға қаламгерлер атынан алғыс айтамын. Абай театрында «Дариға-ай» жастар театрының күшімен жасы жүзге келген әйгілі скрипкашы Әйткеш Тоғанбаевтың өнердегі қызық та қиын тағдыры туралы жазылған «Маэстро» атты драма-реквиеміміз қойылды. Ұлылар елі қай жағынан болсын дамып, өркендей берсін! – дейді ардагер журналист-жазушы.
АЛМАТЫ