Халық • Кеше

Татулық – Тәуелсіздік тұтқасы

42 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бірлік пен келісімді құндылық көретін елдің егемендігі мығым. Бүгінде қазақтың топырағында өсіп-өнген этнос өкілдері тәуелсіздік татулықтың тұтқасы екенін жақсы түсінеді. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, жақында халық арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама да осыны көрсетіп берді. Мәселен, сол сауалнамаға қатысқандардың дені өз елін азаматтық бірегейлік негізінде біртұтас ұлт ретінде қабыл­дайтынын айтқан. Ал оларды біртұтас ел ретінде Қазақ­стан­ның төлқұжаты, ата-бабалардың ортақ тарихы, ортақ тіл, патриотизм, ортақ құндылықтар мен нормалар секілді негізгі күш біріктіреді екен.

Татулық – Тәуелсіздік тұтқасы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Расында, елдегі түрлі этнос өкілдерінің басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс істеп отыр. Олардың тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына қосып отырған үлесі көп. Татулықты ту етіп, бірлігімізді бекемдеп қана қоймай, мемлекеттің ұлттық сая­сатын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып жатыр. Ассамблея мүшелерінің елдегі кез келген саяси оқиғалар мен жағдайларға азаматтық көзқарасын білдіріп, қоғамдық келісімді көздің қара­шы­ғындай қорғауға үндеп жатқа­нының куәсі болып жүрміз.

Солардың бірі – Ассамблея мүшесі, Астана халықаралық университетінің доценті Вла­димир Шнайдер. Оның ата-анасы сонау зобалаң жылдары елімізге депортацияланған. Қазір ол қазақ тілінің жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты ретінде келешек ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялатуға бар күшін сарп етіп жатыр. Өзінің айтуынша, қазақ халқының бай мәдениетін, тарихын білу – басты міндет. Бұл орайда жастарды жыраулар поэзиясынан бастап көркем әдебиетті оқуға баулу керек. Әсіресе қазақ классиктерінің көз майын тамызып жазған шығармаларын оқыған ұрпақтың бойында ұлтқа деген сүйіспеншілік артып, мақтаныш сезімі оянады.

Владимир Александровичтің мамандығы қазақ тілімен байланысты. Сондықтан болса керек, қазақ тілінің өркендеуі үшін пайдалы іс қылып, үлес қосудан асқан арманы жоқ екенін айтып, ақтарылғаны да бар.

«Қазақ – ғасырлар қойнауынан «қой үстіне бозторғай жұмырт­қа­лаған» заманды арман еткен халық. Ал қазақ жері – Отаным деп қадірлей білетін, сан алуан этнос өкілдеріне жерұйыққа айналған құтты мекен. Бүгін де кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған ата-баба арманы орындалып, Қазақстан мызғымас татулық пен бірліктің ортақ шаңырағына айналды. Осы орайда біз бен сіздердің міндетіміз болашаққа нық қадам бастап, бағыт алған Прези­дент бастамаларына қол­дау жасап, елімізді достық пен бір­ліктің, бейбітшіліктің тірегі мен ұлт­аралық келісімнің бесігіне айналдыру жолында барынша еңбек етіп үлесімізді қосуға тиіспіз», дейді ол.

Владимир Шнайдер тілі басқа болғанмен – тілегі бір, әртүрлі болғанмен – рухы бір, мақсаты бір халық болудың маңыздылығын жеткізді. Бұл үшін жастарды тәрбиелеуде ұлтқа бөлінбей, ел тарихының, педагогикасының озық үлгілерін қолдана отырып, тәлім-тәрбие беру қажет. Әсіресе Отаны­мызды қастерлей білетін, мұра­ларымызды құрметтей алатын, зайырлы мемлекет ретінде қазақ жері әлем сахнасында өзін­дік лайықты орынға ие болатынына сенімді жас ұрпақты тәрбиелеу ісі бір сәт тоқтамағаны абзал.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды» дейді. Шын мәнісінде, қабыр­ғасы сөгілмейтін, іргесі бекем ел болу үшін болашаққа сенім­ді ұрпақ тәрбиелеу қажет. Нәти­жесінде, нағыз патриот, бекем рухты, отан­шыл, жаңа Қазақстанның нағыз азаматы болатын қазақстандықтар буы­ны қалыптасады. Сонда ғана тәуел­сіздігіміз мәңгілік, бола­ша­ғы­мыз жарқын да, баян­ды болмақ. Бүгінгі қоғам бірлік, тұрақтылық, даму тәрізді сөздер­дің ең маңызды мемлекет құрау­шы қағида екенін түсіне білу керек», дейді ол.

Мемлекет тұрақтылығының тағы бір көрсеткіші – ортақ қа­рым-қатынас құралы, яғни тілі болуы. Осылай деген Владимир Алек­сандрович қазақ тілінің іс жүзінде қоғам өмірінің кез келген саласында, елдегі этностар ара­сында еркін қолданылуын қам­та­масыз ету, қазақ тілі арқылы қазақ тарихын, мәдениетін, көне­ден келе жатқан сарқылмас қазы­на­сына айналған әдебиетін оқып-білу аса маңызды екенін айтты.

Ал Қазақстан халқы Ассам­блеясының өкілі, Астанадағы қарақалпақ этномәдени орта­лы­ғының төрайымы Тазабике Cалиеваның Қазақстанға көшіп кел­геніне 24 жыл болған. Содан бері ол да жергілікті халықтың көңілі даласы сияқты дарқан екенін сезініп, құшaғы кең елде 130-дaн aca этнос өкілдерінің aуыз­біршілікте өмір cүріп жaтуы­ның құпиясы бірлікте екенін түсін­генін айтады.

Ол отбасымен Қазақстанға 2000 жылы қоныс аударған. Сол жылы Астанада Күләш Бәйcейітовa aтындaғы оперa және бaлет теaтры ашылып, жолдacы өнер ордасына жұмыcқa шaқырылған. Содан бері талай жерде еңбек етіп, музыка мектебінде сабақ берген. «Жaйхун» қaрaқaлпaқ этномәдени ортaлығын ашып, тілі, ділі мен дәстүрі, өмір сүру қағидаттары да бір-біріне өте ұқcac әрі жaқын қaзaқ пен қaрaқaлпaқ хaлықтaрының туыстығын арт­тыруға үлес қосып келеді екен. Қазақ дизайн академиясының академигі ретінде ол екі халықтың төл мәдениетін әлемге танытуға білек сыбана кіріскен.

«Этносаралық келісімнің ­ау­қы­­мы кең. Қазақ халқы мен түр­­лі этностың татулығы мен бір­­­л­ігі, өмірі мен тіршілігі үшін іс­те­­­ліп жатқан шаруа көп. Олай бол­са, мемлекеттің халық үшін ат­қа­рып отырған жұмысын біз де бағалай білгеніміз абзал. Барлы­ғы­мыздың ойымыз бір жер­­д­ен болып, тілегіміз бір жерден шықса, еліміздің егемендігін еш­кім ала алмайды», дейді Т.Cалиева.

«Алтау ала болса – ауыздағы кете­ді, төртеу түгел болса – төбе­дегі келеді» деп түйген қазақ хал­қы ел болудың бірден-бір алғы­шар­тын осыдан бастауы тегін емес. Себебі тәуелсіздік тыныштық пен татулық ұялаған мекенге мәңгі тұрақтайды.