– Мемлекет басшысының елдік бастамаларының маңызын уақыттың өзі айқындап отыр. Маған жүктелген бірінші тапсырмасы өңірдегі коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту болатын. Біздің аймақта электр желілерінің тозуы 80,7%-ға жеткен. Қазір өңірде электр желілерін жаңартуға бағытталған жұмыс басталды. 2023-2024 жылдары аймақтық электр желілерін таратушы кәсіпорынның қаражаты есебінен әртүрлі кернеудегі 2 744 км электр желісіне, 36 қосалқы стансаға және 482 трансформаторлық стансаға күрделі жөндеу жасалды. Бүгінде тұрғындарымыз жайлы өмір сүруі үшін маңызды коммуналдық нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмысы аяқталды. Жаңадан қосалқы электр стансалары пайдалануға берілді. №3 кәріз-сорғы стансасы мен №5 жылу магистралі жаңартылды. Бұл нысандар 1960-1970 жылдардан бері жөндеу көрмеген. Жаңа электр стансасы Орал қаласында 120 мың тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етеді. №5 жылу магистралі 70 мың, №3 кәріз-сорғы стансасы 150 мыңға жуық пайдаланушыға қызмет көрсетеді.
Орал қаласы бойынша №2, №21, №18А кәріз-сорғы стансаларына, №2 жылу магистраліне, №1 турбоагрегатқа қайта жаңарту жұмысы басталып, қаланың солтүстік-шығыс бетінде жаңа электр қосалқы стансасы салынып жатыр. Келер жылы №29 кәріз-сорғы және №20 су көтергіш стансаларының құрылысын бастаймыз. Осылайша, облыс орталығының су әкету және су көтеру нысандарының бәрі де жаңғыртылып, іске қосылады.
Энергетика саласы бойынша маңызды мәселенің бірі – өзге елге тәуелділікті азайту. Қазір біздің Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандары электр қуатын Ресейден алып тұр. Осыған байланысты 5 мегаватты газ поршеньді қондырғы орнату бойынша Энергетика министрлігімен келіссөз жүргізіліп жатыр. Облыста 4 елді мекен газды Ресейден алады. Олар: Жәнібек ауданында 3 ауыл (Қамысты, Борсы, Талов) және Бәйтерек ауданында 1 ауыл (Раздольное). Жәнібек ауданындағы ауылдарға өз газымызды жеткізу үшін мердігер анықталды. Келер жылы құбыр тартылады. Ал Бәйтерек ауданы бойынша жоба жасақталып жатыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өткен жылы өңірімізге жұмыс сапары барысында Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жөнінде тапсырма берді. Жаңа газ өңдеу зауытының келешекте іске қосылуы тауарлы газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды.
– Былтыр Батыс Қазақстан облысында болған алапат су тасқыны халыққа қиын тиді. Тасқын зардабын жою бағытында атқарылған жұмыс жайында айтып берсеңіз.
– Иә, былтырғы табиғи апат салдарынан 2 мыңға жуық тұрғын үй, 15 мыңдай саяжай су астында қалды. Мемлекет басшысы тапсырмасымен Үкіметтің дер кезінде қабылдаған шараларының арқасында 9 994 отбасыға 3,6 млрд теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленді. 10 мыңнан астам отбасыға шығындар үшін 3,7 млрд теңге материалдық көмек берілді. Тұрғындар баспанасын қалпына келтіру үшін 4,3 млрд теңге жөндеуге бөлінді. 40,8 млрд теңгеге 1 939 пәтер сатып алынып, 23,7 млрд теңгеге 889 жаңа үй салынды. Қайырымдылық қорлары есебінен 69 отбасы жаңа баспана алды.
Осы сәтті пайдалана отыра, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға, қиын сәтте қолұшын созған барша азаматқа және демеушілерге алғысымды білдіремін.
– Мұндай тасқын биыл қайталанбай ма? Апаттың алдын алу үшін қандай дайындық жасалып жатыр?
– Әрине, көктемге дайындықты өткен күздің алғашқы айынан бастап кеттік. Қазірдің өзінде Жайық өзені бойында дамбалар салынып, су тасқыны болуы мүмкін аймақтар бекітіліп жатыр. Елді мекендерде қорғаныс бөгеттерін орнату 2024 жылғы инженерлік жұмыс жоспары шеңберінде және «Демеу Қазақстан қоры» есебінен жүргізіледі. Жалпы, 2025 жылғы су тасқыны кезеңінде елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін жалпы ұзындығы 102 км 54 қорғаныс бөгеті орнатылды.
– Президент алға қойып отырған тапсырманың бірі – өңірге инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту. Осы бағытта қандай жобалар бар?
– Соңғы екі жылда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңге болды. Соның ішінде жеке инвестицияның үлесі – 900 млрд теңге. Бұл келген қаржының 75%-ы жеке инвестиция деген сөз. Сонымен қатар соңғы екі жылда облысымызға салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,8 млрд доллар болды. Бүгінге дейін өңірдің негізгі инвесторы – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы болып келді. Оның үлесіне өңірдегі инвестицияның шамамен 60%-ы тиесілі. Әрине, бір компанияның қызметіне осылайша тәуелді болу үлкен тәуекел туғызады. Сондықтан Батыс Қазақстан облысы үшін маңызды міндеттің бірі – өңір экономикасын әртараптандыру. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында өңірде соңғы екі жылдың өзінде 39,2 млрд теңгеге 55 инвестициялық жоба іске қосылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы 5 жылда 2,4 трлн теңгеге 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда тұр. Бұл өңірде 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деген сөз.
2024 жылдың қазан айында мұнай-газ саласына қажетті жабдықтарды өндіретін «KaspiMunayKapital» зауыты іске қосылды. Осылайша, шикізат өндірісіне қажетті құрал-жабдықты өзімізден шығаруға мүмкіндік алдық. Өткен қарашада жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел аясында Премьер-министрдің қатысуымен 81 млрд теңгеге оңтүстік кореялық инвестормен меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, алдағы жылдары бірқатар маңызды инвестициялық жоба іске асырылады. Олар:
- «Қазақ калиум» компаниясының «Сәтимола» кен орнында калий тұздарын өндіру бойынша байыту-өндірістік кешенін салу жобасы;
- Қытайлық «China Energy» инвесторымен бірлесіп, 2028 жылға дейін әрқайсының қуаты 100 МВт болатын 2 ГТЭС салу жоспары;
- «Bilgili Group» түрік компаниясымен бірлесіп, тұрмыстық химия өндірісі жолға қойылады (38 жаңа жұмыс орны);
- Орал трансформатор зауытының базасында алюминий бұйымдарын өндіру («Ural Electric» ЖШС, 10 жұмыс орны);
- Қуаты 15 мың тонналық 2 көкөніс қоймасын салу («Baystone» ЖШС, «Орал Агро» ЖШС).
Шағын және орта бизнес бағытында да бірқатар бастама бар. Облыста 58 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысанында 130 мың адам жұмыс істейді. Шағын және орта бизнесті дамытуға 2023-2024 жылдары 38,1 млрд теңге бөлініп, 6 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді.
– Ауылдарды сапалы ауызсумен қамту, газдандыру бағытында қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Соңғы екі жылда 32 ауыл сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, 12 млрд теңгеге 71 жоба жүзеге асып, 8,1 мың тұрғын таза суға қол жеткізді. 2024 жылдың соңында ауыл халқының 97%-ы сапалы ауызсумен қамтылды. Қазір 310 ауыл таза су тұтынады. Бұл – өңірдегі барлық елді мекеннің 75%-ы. 2023 жылы 7 ауыл және 17 ауылдағы 49 әлеуметтік нысан табиғи газға қосылған еді. Бұл үшін облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Бүгінде облыс тұрғындарының табиғи газбен қамтылуы 99,7%-ға жетті. 2025 жылы тағы 11 ауылға табиғи газ тартылады.
– Астанадағы брифингте 2020-2022 жылдары басталып, тұрып қалған нысандар жайында айтып едіңіз.
– Батыс Қазақстан облысында 2020-2022 жылдары басталып, аяқталмаған 55 әлеуметтік нысан тіркелген болатын. Бүгінде олардың құрылысы толық аяқталды. Бұл халық үшін аса маңызды су құбыры, мектеп, спорттық нысан, жол, инженерлік желі, тұрғын үй, мәдениет пен денсаулық сақтау нысандары болатын. Біз жосықсыз мердігерлерді жауапқа тартып, тиісті қаражат көздерін тауып, мәселеге нүкте қойдық.
– Өткен жылы Бөкей орда және Жәнібек аудандарына салынып жатқан жол құрылысы аяқталды...
– Иә, облыс тұрғындарын әрдайым толғандыратын мәселенің бірі – жолдың сапасы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы екі жылда облыста 174 млрд теңгеге 1 мың шақырымнан аса жол жөнделді. 2023 жылы 137,4 км республикалық, 290,8 км облыстық және аудандық жол және 134 км көше желілері жаңартылды. 2024 жылы республикалық дәрежедегі – 77,8 км, облыстық және аудандық деңгейдегі 242,6 км жол жаңартылып, 125,8 шақырым көшеге асфальт төселді. Биыл да 500 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланып отыр.
– Соңғы кезде облыста әлеуметтік нысандар да көптеп бой көтере бастағандай?
– Рас айтасыз, білім саласында 2023 жылы 16 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, өткен жылы жаңадан 6 мектеп салынды. Биыл «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 6 мектеп құрылысы жүреді. Бұған қоса 8 мектептің құрылысын бастаймыз. Сонымен қатар осы жылы 5 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Осы жұмыстар облыстағы үш ауысымды және оқу орны тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2025 жылға дейін жаңа 50 нысан құрылысы жоспарланып, 2023 жылы 12-сі пайдалануға берілді. Өткен жылы 38 нысанның құрылысы жүрді. Оған қоса, 13 нысан күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Мәдениет саласында Қоржын, Көнеккеткен, Қабыршақты, Макаров, Көшім, Атамекен, Өлеңті ауылдарында жаңа нысан салынып, үш нысан күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен бірге былтыр ауыл кітапханаларын қайта жаңғырту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ауылдық жерде 25 кітапхананы жаңғырту жобасы жүзеге асты. Қор бөлген қаражатқа кітапханаларға заманауи құрал-жабдық, жиһаз сатып алынып, кітап қоры толықтырылады. Жыл аяғында бұл жұмысты аяқтаймыз.
Оралда күрделі жөндеуден өтіп жатқан Мәдениет және жастар үйі ғимаратында «Самұрық Қазына» қорының қолдауымен «креативті хаб» іске қосылады. Хаб өңірдегі жастар шығармашылығын дамытуға бағытталған. Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында былтыр 2 денешынықтыру-сауықтыру кешені және 1 модульді спорт кешені пайдалануға берілді. Президенттің 2023 жылы өңірге жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес, Орал қаласында мың орындық көпфункционалды спорт кешені ашылды. Ендігі кезекте облыстың ірі ауылдарын спорт нысандарымен қамтуды бастап кеттік. Бүгінде 7 ауылға осындай спорт кешен салынса, келесі жылы Жақсыбай, Ұялы, Шөптікөл, Дариян, Ақжайық, Ақпәтер ауылдарында 6 спорт кешенін саламыз.
– Ауыл шаруашылығы саласында қандай жаңалық бар?
– Мемлекет тарапынан бұл саланы қолдауға 2023-2024 жылдары 114 млрд теңге қаражат бөлініп, ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілді. 2024 жылы алынған төлімен бірге ұсақ малдың саны 2 млн-ға жуықтады, ірі қара 1 млн, жылқы 350 мыңнан асып, түйе 3 мың басқа жетті. Нәтижесінде, облысымыз етті және етті-сүтті ірі қара мал басы мен асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша республикадағы ең ірі өңірдің бірі болды. Қазір біздің облыс көршілес өңірлерді де ет өнімдерімен қамтып отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында екі жылда 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, ауылдық жерде 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Несиеге қол жеткізе алмайтын, халықтың әлеуметтік осал топтарына тауарлық несие беру жүзеге асты. Қазір 215 отбасыға тауарлық несие ретінде 354 сиыр, 535 қой-ешкі және 86 жылқы берілді. Бұл жұмыс жалғасады.
Өткен жылы өңірдегі ең ірі «Қарашығанақ» мұнай-газ компаниясымен меморандумға отырып, бағдарлама аясында кәсіп ашқан тұрғындардың өнімдерін зәкірлік кооперациялар арқылы КПО компаниясына тікелей сату ұйымдастырылды. Сөйтіп, «Батыс Сүт» кешені – сүт өнімдерін, «Орал құс фабрикасы» – жұмыртқасын, «Батыс Нық» компаниясы – сиыр етін, «Рубежинский» АШӨК – көкөністі, «Шалқар құс» кешені тауық етін шетелдік компанияға ұсынды. Сонымен қатар біздің өңірдегі ауыл шаруашылығы кооперативтері өндірген өнімді кедергісіз өткізу үшін Маңғыстау облысының Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қорына үнемі өткізіп отыру бойынша келіссөз жүріп жатыр.
– «Қаладан ауылға» бағдарламасы жайында «Egemen Qazaqstan» газеті арнайы мақала жариялаған еді. Бағдарламаның қазіргі нәтижесі қандай?
– Бұл қанатқақты жоба ауылдық жерде жұмыс күші тапшылығын жою, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын сақтау мақсатында қолға алынған еді. 2024-2026 жылдарға арналған жоба бойынша қоныс аудару үшін 57 ауыл белгіленді. Біз осы ауылдарға 120 отбасын көшіруді жоспарладық. Қазіргі нәтиже бойынша 87 отбасы қоныс аударды.
– Облысты жан-жақты дамыту бойынша алда тағы қандай жоспар бар?
– Жоспар көп. Мемлекет басшысының «Аnа tili» газетіне берген сұхбатында айтылғандай, бірінші кезекте тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасады. Атап айтқанда, тұрғын үй шаруашылығын, энергетика нысандарын жаңғырту, ауылды көркейту, сапалы жол салу, тұрғын үй құрылысын арттыру сияқты маңызды салаларға басымдық береміз. Сондай-ақ отандық өнім шығару бағытында көп іс атқаруымыз керек. Өңірде қайта өңдеу саласындағы кәсіпорындардың санын арттырып, аймақ экономикасын алға жылжыту – басты мақсатымыз. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыс одан әрі жалғасады.
Әңгімелескен –
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»