
Маңызы зор үш заң
Отырысты ашқан М.Әшімбаев алдымен Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне жарияланған бағдарламалық сұхбатында айтылған басым бағыттардың маңызына назар аударды.
«Таяуда «Ana tili» газетінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді сұхбаты жарияланды. Өңірлерде азаматтармен кездескен кезде өздеріңіз де сол сұхбаттың негізгі ойларын халықпен бірге талқыладыңыздар. Мемлекет басшысы сұхбатта 2024 жылы әр сала бойынша атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы басым бағыттарды белгілеп берді. Сондай-ақ былтыр Парламент қабылдаған заңдардың маңыздылығы да ерекше аталып өтті. Азаматтарды алаңдатқан мәселелерге қатысты осындай ашықтық пен диалог «Заң мен тәртіп» қағидатына табан тіреген Әділетті Қазақстанның жарқын көрінісі екені сөзсіз. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету біз үшін негізгі басымдық болып қала береді. Биыл депутаттар елімізді одан әрі дамытуға арналған бірқатар маңызды заңды қарайды. Сол нормаларды сапалы пысықтап, уақтылы қабылдауымыз қажет», деп Сенат төрағасы әріптестерін Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру жолында күш біріктіруге шақырды.
Отырыс барысында депутаттар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздің құқықтық инфрақұрылымын жақсартуға арналған үш заңды қарады.
Сенаторлар атап өткендей, отырыс барысында мақұлданған «Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісімнің 1-бабына банк операцияларын географиялық қамтуды Сахарадан оңтүстікке қарай орналасқан Африка елдері мен Иракқа шектеулі түрде және біртіндеп қолдануды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін түзетулерді ратификациялау туралы» заң банк операцияларының географиялық ауқымын кеңейтуді көздейді. Біздің еліміз үшін Африканы банк операциялары аймағына қосу миллиардтаған халқы бар елдердің жобаларымен байланыс орнатуда және инвестицияларды жүзеге асыруда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Банк қызметін бұлай кеңейту оның қазіргі операциялық елдерін қолдау қабілетін төмендетпейді, банктің ААА деңгейіндегі кредиттік рейтингіне қауіп төндірмейді және капиталға қосымша жарналарды талап етпейді деп күтіліп отыр.
Отырыс кезінде қаралып, мақұлданған «Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісімнің 12-бабының 1-тармағына жай операцияларға жарғылық капиталды шектеудің күшін жою мақсатындағы түзетулерді ратификациялау туралы» заң ЕҚДБ Директорлар кеңесіне банк капиталының жеткіліктілігі нормативтері туралы жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл кредиттік қызметтің икемділігін арттырады және еліміздің негізгі жобаларын тиімді қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
Келесі «Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң ЕАЭО-ның өзге елдерінде банктік кепілдіктерді пайдалану үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл отандық жеткізушілердің ЕАЭО елдеріндегі мемлекеттік сатып алуларға қатысуын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Азаматтық авиация мәселелері
«Қаралған келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында банк кепілдіктерін өзара тану үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Заңның мақұлдануы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу үшін бизнеске тең мүмкіндік жасауға, сондай-ақ тараптар арасындағы экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар өзекті мәселелерге назар аударып, депутаттық сауалдарын жолдады. Депутат Нұртөре Жүсіп азаматтық авиация саласындағы өзекті проблемаларға тоқталып, аталған саладағы кадр даярлаудың сапасын жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныс жасады. Нақты айтқанда, EASA стандарттары бойынша азаматтық авиация академиясын сертификаттау және уақыт талаптарына сай, білікті мамандар даярлау үшін ұшқышсыз авиация орталығын құру мәселелері туралы сөз болды.
Ол осы саланың қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар әзірлеу және іске асыру үшін Көлік министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі өзара тығыз іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтті.
«Әуежайлар инфрақұрылымының әлсіздігі, бюджеттік тасымалдаушылардың ішкі нарықтағы ұсыныстарының жеткіліксіздігі, жанармай бағасының және ұшу билеттерінің қымбаттығы сияқты кешенді проблемалар жеткілікті. Осылардың ішінде ең маңыздысының бірі – азаматтық авиация саласында халықаралық талаптарға сай келетін мамандарды әзірлеу мәселесі. Цифрландыруды, жасанды интеллектіні және пилотсыз жүйелерді қоса алғанда, технологиялардың қарқынды дамуы саланың серпінді өзгерістеріне бейімделе алатын озық ойлы кадрларды даярлауды талап етіп отыр. Мамандарды даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін әлемдік стандарттар мен озық тәжірибелерге сәйкес академияның инфрақұрылымын дамыту аса қажет», деді Н.Жүсіп.
Сенатор жағдайды жақсарту үшін бірқатар нақты шараны ұсынды. Атап айтқанда, бұл EASA стандарттары бойынша Азаматтық авиация академиясын сертификаттау және уақыт талабына жауап беретін мамандарды даярлау үшін ұшқышсыз авиация орталығын құру туралы.
«Академияға мамандандырылған жабдықтары бар жеке аэродром салу, оқу-зертханалық базаны жаңарту және кеңейту бойынша жобаларды іске асыру, заманауи тренажерлармен жарақтандыру қажет. Авиация саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды болып отыр. Ол үшін нысаналы қаржыландыру нормасын енгізуді қарастыру қажет. Мұндай практика бізде болған. Біз ғылымды қаржыландыруда елдегі жер қойнауын пайдаланушыларды өндіруге жұмсалған өз шығындарының ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлуін міндеттеген едік. Академияның елдің авиация саласының қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін кадрларды даярлаудың стратегиялық орталығы ретіндегі рөлін күшейту үшін оған ерекше мәртебе беру мәселесін қарастыру қажет деп ойлаймын», деді сенатор.