Пікір • Бүгін, 09:30

Күмәнді сейілтіп, сенімді нығайтты

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында қазақтілді республикалық басылымдардың біріне көлемді сұхбат беріп, өткен жылы атқарылған істерді қорытындылап, алдағы жұмыстың бағыт-бағдарын айқындауды, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының маңызды мәселелері жайлы кеңінен сөз қозғауды игі дәстүрге айналдырды. Мемлекет басшысының биылғы 3 қаңтарда «Ana tili» газетінде «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» тақырыбымен жарияланған сұхбатында да көпшіліктің көкейінде жүрген сан алуан сауалға ашық та айқын жауап берілді.

Күмәнді сейілтіп, сенімді нығайтты

Сурет: akorda.kz

Президент айтқандай, өткен жыл еліміз үшін айрықша маңыз­­­ды жыл болды. Барлық өңірде әбден тозығы жеткен ин­же­нерлік-коммуналдық инф­ра­құрылымды жаңғыртуға бағыт­талған ауқымды жұ­мыс­тар жүргізілгеніне куәгер­міз. 18 миллион шаршы метр тұр­ғынжай пайдалануға беріліп, 7 мың шақырым автокөлік жолы са­лынып, жөнделгені – соның айғағы. Шалғайдағы талай елді мекен­нің де жолы түзеліп, ауыл­дағы ағайынның еңсесі көте­­ріле түсті. Экономикада Мемлекет басшысы алға қойған маңызды міндет – қайта өңдеу секторын қарқынды дамытуға күш салынып, оның өнеркәсіптегі үлесі өндіру саласының деңгейіне жуықтағаны көңіл сүйінтеді. Кейбір «сәуегейлердің» былтыр құрғақшылықтың салдарынан егін шықпайды деген болжамы жалған болып шықты. 27 млн тоннаға жуық, яғни кейінгі он жыл ішіндегі рекордтық көлемде астық жиналды. Президенттің әлеуметтік бастамалары да табыс­ты іске асырылып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында алғашқы төлем жасалды. Жылдағыдай зейнетақы мен жәрдемақы индекстеліп, студенттердің шәкіртақысы мен азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейтілді. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша бой көтерген жаңа мектептер көз қуантады. Жұрт наразылығын тудырып келген «легионерлерге» бюджет қаржысын шашуды тыю жөнінде Үкіметке тиісті тапсырма беріліп, бұқаралық спортты, әсіресе балалар спортын дамытуға баса мән беріліп отыр.

Еліміз үшін өткен жылдың ең қиын сынағы алапат су тасқыны болды. Сол сыннан мемлекет тарапынан қабылданған жедел де пәрменді шаралардың және халқы­мыздың ынтымақ-бірлі­­­гінің арқасында абыроймен өттік. Зардап шеккен барлық отбасыға қомақты әлеуметтік көмек көрсе­ті­ліп, жаңа баспана берілді. Тұр­ғын­дар ғана емес, қарғын судан бизнесіне нұқсан келген кәсіпкерлердің шығыны да өтелді. Мемлекет басшысының арнайы Үндеуіне үн қосқан ірі бизнес өкіл­дері тасқын салдарын жоюға айтарлықтай үлес қосқаны да – жады­мызда сақталған жақсылық белгісі.

Сұхбат ел ішінде айтылып, әлеуметтік желілер мен мессенд­­жерлер арқылы таратылып, хал­қы­мызды елеңдетіп қана қой­­май, алаң­датып та отыр­ған әр­түрлі әң­гі­мелер мен жора­мал­дарға шы­найы жауап бе­ріл­­генімен де ма­ңызды болды.

Өткен жылдың қараша айы­нан бастап теңгенің долларға шаққандағы бағамы 500-ден асып кеткені жұртшылықты алаңдатып отыр. Осы жөніндегі сауалға орай Мемлекет басшысы: «Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таң­да­дық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын. Нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр. Мәселені зерделеген соң бұл бағыттағы ұстанымымызды өзгерту қажет пе деген сауалдың жауабы белгілі болады. Басты мақ­сат – экономиканың тұрақты­лы­ғы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты секторды қарқынды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашу», деді.

Бұл ретте өткен жылдың со­ңында Ұлттық экономика ми­нистрі лауазымына өңірде де, орта­­­­лықта да жауапты қызмет­­тер атқарған, Еуразиялық Эко­­­но­ми­калық комиссияның Бәсе­ке­лестікті қорғау және дамыту министрі болған тәжірибелі маман Серік Жұманғариннің тағайын­далғандығы бекерден-бекер емес. Кейінгі жылдары басқа да министрліктерге өңірде жауапты қызметтер атқарған азаматтар келе бастағаны мәлім. Осы оң үрдіс алдағы уа­қытта жүйелі жалғасын тауып, Үкіметтің жұмысына тың серпін беретіні белгілі болып отыр.

Түйіндей айтқанда, Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбаты көңіліміздегі кей күмәнді сейілтіп, еліміздің ертеңіне деген сенімімізді нығайта түсті.