Парламент • Бүгін, 16:00

Мемлекет шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс - депутат

18 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Олжас Құспеков өңірлерге сапары аясында Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына барды, деп хабарлайды Egemen.kz

Мемлекет шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс - депутат

Депутат арнайы мақсаттағы мобильді іс-қимыл бөлімінің жұмысымен танысып, оқу орталығы мен оқу-өндірістік зертхананы аралады. Ұжыммен әскери қызметшілерді даярлау, «Қарасай» ӨБ инженерлік-желілік инфрақұрылымының қызметін талқылады.

Жиын барысында қазандықты қайта жаңғырту мәселесін шешу жолдары, шекаралас аумақты сумен қамту және кәріз жүйесі мәселелері айтылды. Сондай-ақ әскерге шақырылғандардың қызметтен оралған соң жұмысқа орналасу мүмкіндігі де сөз болды.

– Мемлекет жасанды интеллектіні, техниканың соңғы жетістіктері – сапалы жабдықтарды, арнайы датчиктерді пайдалана отырып, шекарада қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс. Әрине, тұрмыстық мәселелерді де шешу қажет. Шекарада сапалы және қауіпсіз қызмет атқару үшін барлық жағдай болуы қажет, – деді О.Құспеков.

Депутат сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв» РМК «Комета» филиалында болып, филиал қызметінің негізгі көрсеткіштерімен, жетістіктерімен және міндеттерімен танысты. Жұмыс сапары барысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Алматы жабдықтау басқармасына» да барды. Мұнда ол өндірістік цехтың күрделі жөндеу барысын, сондай-ақ инженерлік құрылымдарды дайындау бойынша өндірістік қызметті, инженерлік-техникалық жабдықтарды жөндеу және монтаждау процесін көріп қайтты.

Сонымен қатар Олжас Құспеков құрылыс материалдарын шығаратын бірқатар кәсіпорында – көбікті ПВХ қаңылтырларын шығаратын зауытта, сэндвич-панельді және гранит зауытында болды. Бұдан соң депутат Алматы қалалық мәслихатының отырысына қатысып, онда қаланың түйткілді мәселелері талқыланды. Ол өзекті мәселелерді жедел шешу және қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту бойынша мәслихат пен Мәжіліс депутаттарының бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.