Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Басқосу барысында екі елдің байланысын арттырудың бір жолы БАҚ саласындағы ынтымақтастықты нығайту екені айтылды. Жабер Абдулла Қазақстан мен Ирак тарихы тамырлас, сенімі мен рухани құндылықтары ортақ елдер екенін тілге тиек етті.
«Қазақстан үшін де, Ирак халқы үшін де мәртебесі мен мерейі үстем ғұламаларымыз аз емес. Мәселен, Бағдад қаласында әл-Фараби атындағы университет колледжі бар. Бұл кісінің түркі халқынан шыққан, соның ішінде қазақ жерінде өмірге келген әлемдік деңгейдегі ұлы ғұлама екенін білеміз. Оны араб халқы да мақтан тұтады. Осы секілді мәшһүр ғұламаларымыз бен ортақ құндылықтарымыз біздің елдеріміздің арасындағы алтын көпір іспеттес», деді ол.
Сондай-ақ дипломаттың айтуынша, биыл Бағдад қаласы Араб мәдениетінің астанасы болып жарияланыпты.
«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы еліміздің бас газетіне арнайы келіп, өз мемлекеті жайында маңызды ақпараттармен бөлісіп жатқан ирактық ресми мейманға алғысын білдіріп, қазақ халқының тарихи, мәдени, діни өмірінде Ирак, Бағдад өлкелерінің терең ізі қалғанын тілге тиек етті.
Әңгіме соңында Ирактың уақытша сенімді өкілі қазақ пен араб халықтарын тек тарихи, мәдени байланыстар ғана емес, діни ұстанымы да тұтастыратынын жеткізді. Мәселен, ол Орталық Азиядан шыққан хадисші имам әл-Бұхариді бүкіл араб дүниесі құрмет тұтатынын, Ханафи мәзһабының негізін қалаған имам Әбу Ханифа Иракта жерленгенін айтты.
«Жақында мен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи мазарына зиярат еттім. Біз халықтар арасын жалғастыратын осындай ортақ бабаларымызды құрмет тұтып, ұрпаққа қалдырған еңбегін ұмытпауымыз керек», деді әл-Тәмими.
Кездесу соңында тараптар алдағы уақытта Ирак елшілігі мен «Egemen Qazaqstan» газеті арасында ақпараттық-мәдени байланысты арттыруға уағдаласты.