Саясат • 14 Қаңтар, 2025

Қазақстан – Қытай белсенді диалогті нығайтуға бейіл

113 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және палатаның бір топ депутаты Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. Сапар аясында Қытайдың Халықтық саяси консультативті кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен және Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесулер өтті. Онда парламентаралық ынтымақтастықты нығайту келешегі және алдағы кезеңге арналған бірлескен жобаларды іске асыру міндеттері талқыланды.

Қазақстан – Қытай белсенді диалогті нығайтуға бейіл

М.Әшімбаев Халықтық саяси консуль­тативтік кеңесі Бүкілқытайлық коми­тетінің төрағасына ілтипат білдіре келіп, Қытайдың Сицзан автономиялық ауданының Шигацзе қаласында болған жер сілкінісінен қаза тапқандардың туыс­­­тары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезі­рек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Сонымен қатар Парламент Сенаты­ның спикері Қазақстан мен Қытай­дың жан-жақты стратегиялық серіктес­тігін нығайту жолында екі мемлекет басшыларының достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатына­сы ерекше мәнге ие екенін, соның нәти­жесінде қазіргі таңда екіжақты тиімді уағдаластықтарға қол жеткізілгенін және аса маңызды құжаттарға қол қойылғанын атап өтті. Сұхбат барысында сарапшылардың Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастарды дамудың жаңа «алтын дәуірі» ретінде бағалағаны да айтылды.

М.Әшімбаев екі елдің негізгі билік институттары арасындағы ынтымақ­тастықты өзара іс-қимылдың маңызды тетігі ретінде атап, оны одан әрі нығайтуға ең жоғары деңгейде баса мән беріліп отырғанын тілге тиек етті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз жылдан-жылға мазмұны байып келе жатқан, шын мәнінде үлгі етерлік мемлекетаралық қарым-қатынасты жолға қойдық. Барлық деңгейде тығыз байланыс орнады. Экономикалық өзара іс-қимыл белсенді дамып келеді. Мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығая түсті. Елдеріміз халықаралық ұйымдар аясында да өзара тиімді әрі жүйелі ықпалдастық орнатты және әлемдегі өзекті проблемаларды шешу ісіне бірлесе атсалысып келеді. Мемлекет басшылары достықтың, сенімді және нәтижелі байланыстың озық үлгісін көрсетіп отыр. Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі мен Қазақстан Парламентінің Сенаты арасында да осындай қарым-қатынасты сақтап, дамыту аса маңызды деп есептейміз. Біздің Қытайға осы сапарымыз соған ықпал етеді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ М.Әшімбаев екі елдің жаһандық және өңірлік күн тәртібін­дегі көп­теген мәселе бойынша ұстаным­дары сәйкес екенін ескеріп, көпжос­парлы ынтымақтастықты одан әрі арттырудың маңыздылығына назар аударды. Сенат спикері атап өткендей, Қытайдың тұрақты және жаһандық даму жөніндегі көпполярлы бастамалары жалпыға бірдей қауіпсіздікті қамта­масыз етуге елеулі үлес қосады. Кездесу­де халықаралық ұйымдар мен «Орта­лық Азия – Қытай» сияқты көпжақ­ты форматтар аясында екі ел арасын­да жұмыс байланыстарын орнату мә­се­лелеріне де ерекше көңіл бөлінді.

«Біз Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесімен диалогті нығайтуға үлкен мән беріп отырмыз. Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген барлық келісімді тиімді іске асыруға ықпал ету – біздің ортақ міндетіміз. Қазақстан Парламентінің Сенаты осы бағытта бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге дайын», деді М.Әшімбаев.

Бұған қоса Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-эконо­ми­калық кешенді өзгерістерге кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, Парла­мент­пен бірге негізгі мемлекеттік институттарды жаңғырту, Сенаттың заң шығару қызметі, сенаторлардың мәслихат депутаттарымен өзара іс-қимылы және басқа да реформалар туралы сөз болды.

«Кейінгі жылдарда Қазақстанда «Әділетті Қазақстан» құру жолында кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Реформалардың мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету, билік тармақтары және орталық пен аймақтар арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімділігін нығайту. Қазіргі таңда Парламент жұмы­сының негізгі басымдығы – Қазақ­стан Президентінің бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және эконо­микалық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету. Өткен 2024 жылы біз 104 заң қабылдадық. Биыл экономикамызды дамытуға арналған маңызды заңдар – Салық, Бюджет, Қала құрылысы, Су кодекстері қабылданады. Жалпы, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар уақыт талабынан туын­дағанын және азаматтарымыздың сұраныстарына жауап беретінін атап өткім келеді», деді М.Әшімбаев.

Өз кезегінде Ван Хунин қазақ-қытай қарым-қатынастарының деңгейіне жоғары баға беріп, екі мем­лекет басшыларының өзара тиім­ді ынтымақтастықты одан әрі жандандыру жолындағы рөлін атап өтті. Сондай-ақ ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың айрықша маңызына назар аударып, Қытай алдағы уақытта белсенді диалогті нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге және екіжақты форматта да, халықаралық аренада да біз­дің мемлекетпен өзара іс-қимылды бел­сенді дамытуға мүдделі екенін айтты.

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу барысында да Мәулен Әшімбаев Сенат Парла­менті мен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы арасындағы ынтымақ­тастықты нығайту мәселелеріне тоқталды. Тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, «жасыл» экономика, ауыл шаруа­шылығы және өзге де бағыттардағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.

«Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Бүгінде бұл бағыт Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етеді. Қазақстан мен Қытай арасында «Аягөз-Тачэн» үшінші теміржолының құрылысы басталып жатыр. Сондай-ақ үшінші шекаралық теміржол өткізу пунктін ашу жоспарланып отыр. Орта дәліздің әлеуетін неғұрлым белсенді пайдалану елдеріміз арасындағы транзиттік-көліктік ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететіні сөзсіз», деді М.Әшімбаев.

Сұхбат кезінде Чжао Лэцзи екі мемлекеттің басшылары белгілеп берген міндеттерді бірлесіп іске асыруға дайын екенін білдіріп, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы және басқа да бірлескен жобаларды іске асыру перс­пективаларын жоғары бағалады.