Аймақтар • 14 Қаңтар, 2025

Ұлытау тұрғындарымен экология мәселесін талқылады

27 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен бір топ депутат Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындарымен кездесті.

Ұлытау тұрғындарымен экология мәселесін талқылады

Сапар аясында Ерлан Қошанов Сәтбаев қала­сындағы №1 жылу стансасының жұмы­сы­мен танысып, еңбек ұжымымен және қала жұртшылығымен кездесіп, олармен экология және «қара қар» мәселелерін талқылады.

Мәжіліс спикері атап өткендей, Сәтбаев­тағы экологиялық мәселелердің басты себебі – көмір сапасы мен жылу электр стансасын­дағы фильтрлердің нашар жұмыс істеуі. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының бұл жағдайдан хабардар екенін және қаланың экологиясын ластаудың жүйелі себептерін жою үшін кешенді тексеру жүргізуді тапсырғанын атап өтті. Е.Қошанов облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» компаниясының өкілдеріне жағдайды жақсарту және экологиялық проблемаларды, соның ішінде Сәтбаевтағы жылу электр стансасын газға көшіру бойынша кешенді шараларды шұғыл түрде қабылдау туралы талап қойды.

– Ескі фильтрлер сапасыз көмірден шыққан күл қалдықтарын ұстап тұруға шамасы жетпей отыр. Бұл қала экологиясына және тұрғындардың денсаулығына кері әсер етіп жатыр. Мұндай мәселені қысқа мерзімде шешу мүмкін емес екені түсінікті. Бірақ қазір барлық себепті толық анықтап, келесі жылыту маусымына дейін нақты шаралар қабылдауымыз қажет. Кәсіпорын басшылығы, Энергетика министрлігі және әкімдік бұл мәселені бірлесіп, уақыт создырмай шешуге тиіс. «Қара қар» сияқты келеңсіз құбылыстардан түбегейлі арылуға бар күшімізді салуымыз қажет. Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары жағдайды бақылауда ұстайды, – деді Мәжіліс төрағасы.

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» компаниясының басшылығы келесі жылыту маусымына дейін Сәтбаев жылу стансасының тазарту жүйелерін жаңғырту бойынша барлық жоспарланған жұмысты аяқтауға міндеттеме алды. Іс-шараға қатысқан Энергетика министрлігінің өкілдері Ұлытау облысында жылу электр стансасын жаңғыртуда «инвестиция орнына тариф»» тәсілі арқылы қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз ету кейінгі жылдардағы ең маңызды мәселенің бірі екеніне назар аударды. Инженерлік инфрақұрылымның жағдайы – Мемлекет басшысының ұдайы бақылауында. Елдегі тозығы жеткен қазандықтарды, инже­нерлік-коммуналдық желілерді жаппай жаңғырту жұмыстары еш пафоссыз және көзбояушылықсыз жүріп жатыр. Ол туралы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтты.

Мәжіліс депутаттары Жезқазған қаласын­дағы гидроцехтағы жұмыс барысымен де танысты. Ерлан Қошанов атап өткендей, Жезқазғанды ауызсумен қамтамасыз ету әлі күнге дейін ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. 2021 жылы Мемлекет басшысы бұл түйткілді шешуді тапсырған еді. Қазіргі уақытқа дейін бірқатар шаруа атқарылғанымен, әлі де көптеген мәселе бар.

– Жезқазған тұрғындары сапалы ауызсуға мүмкіндігінше тезірек қол жеткізуі керек. Ол халықтың денсаулығы мен өңірдегі ахуалға тікелей әсер етеді. Бұл – барлық тараптың, министрліктер мен әкімдіктің ортақ міндеті. Өз кезегінде депутаттар да осы жұмысқа белсене атсалысуға дайын, – деді Е.Қошанов.

Палата спикері Жезқазғанды ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін жер­асты су көздерін пайдалану арқылы екі су құбыры – Есқұла және Үйтас-Айдос су жүйелері есебінен шешу жоспарланып отыр­ғанын атап өтті. Бүгінгі таңда қажетті жобалық құжаттардың бәрі әзірленіп, нақты жұмыс көлемі белгіленген, бастапқы қаржы бөлінген. Кездесу барысында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен облыс басшылығы өкілдерінің қатысуымен барлық мәселе жан-жақты талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша Мәжіліс төрағасы 2025 жылы барлық мәселені шешуге және Жезқазғанды ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдар жасалуға тиіс екенін ерекше атап өтті.

Сапар барысында депутаттар Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының жұ­мы­сымен танысып, Жезқазғанда салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінде облыс белсенділерімен, сондай-ақ Жезқазған жұртшылығымен кездесті.