Фото: Тимур Батыршин
«Қызыл желек»
ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, халықаралық ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, этнодизайнер Тілек Сұлтан қазақ қыздары оң босағада отырғанда басына жаулық салып, оранбағанын еске салады. Қыздардың қос иықтан төгілген бұрымының көрініп тұруы еш әбес саналмағанын да ерекше екшеді. Этнодизайнердің айтуынша, қазақ қыздары талбесік пен жер бесік арасында бас киімін 10 жолға дейін ауыстырған.
«Алғаш дүниеге келгенде қыз баласы кішкентай құлақшын кисе, одан соң кезең-кезеңімен тақия, үкілі кепеш, сусар бөрік, құндыз бөрік киген. Ал келін болар тұста сәукеле кигені мәлім. Сәукеледен кимешекке дейін жыл бойы басына «қызыл желек» салып жүрген уақыт бар. Мысалы, жаңа түскен келін қызыл желек жамылып жүрген. Бұл үлгі келін балалы болғанға дейінгі бір жылға ұласады. Қызыл желек жамылу үрдісі бүгінде өзбек, қарақалпақ халықтарының тұрмысында әлі күнге сақталып келеді. Олар мұны «жегде» деп атайды. Сол жегденің қызыл түрі біздің салтымызда бүгінгі күнге жетпей ұмыт болып отыр. «Қызыл желек», «жегде» түрлерін Моңғолияның Баян-Өлгей музейінде көзім шалды», дейді Тілек Сұлтан.
Келін ана атанған тұстан кимешек киген. Кимешек - ана атанудың жарқын белгісі. Осы ғұрып жаңғырып тұрған дәуірде жас анаға кимешек кигізу үрдісі салтанатпен атқарылған. Мұның мәнісі жас келінге балалықтан-аналыққа өткенін ұғындыру. Кимешек өңірінің көкіректен түсіп, төгіліп тұруы да бала емізуге қолайлы болуына орайластырылған.
«Кимешектің мәні»
Кимешек - тек бас киім емес әйелдің әлеуметтік статусын аңғартып тұратын хабаршы. Кимешектің төбесі неғұрлым биік болған сайын әйелдің де беделі жоғары екенін аңғартқан деседі. Тілек Сұлтанның айтуынша, бұрын әр ру әйелдерінің кимешегі өзгелеріне ұқсамаған. Олардың шылауышты орау, әшекеймен әдіптеу үлгісіне қарай қай рудың анасы екенін айтпай-ақ түсінген. Кимешектің жақтауындағы әдіптелген жіп түсі, ою-өрнегі де әйелдердің жасына сай өзгеріп отырған.
«Мәселен, 40-қа дейінгі әйелдердің кимешегі қызыл жіппен әдіптелген. Ол адам өмірінің көктемін аңғартса, 50-ден асқан аналарымыздың бас киімі сары, алтын реңді жіптермен көмкеріледі. Бұл біріншіден өмірдің күзі сынды болса, екіншіден әйелдердің болысқан-толысқан шағын, әлеуметтік жағдайынан да хабар береді. Ал 60-тан асқан аналарымыздың кимешегі ақ жіппен әспеттеледі. Ол өмірдің қысы келгенін тұспалдайды», деп түсіндірді Тілек Сұлтан.
Кимешек шылауышының, кей жерлерде сәлде деп аталатын төбесіндегі матаның ұзын болуында да айрықша мән болып шықты. Халқымыз ежелде әр жыл мезгілінде қолайлы жайлау, күзеу, қыстауды паналаған. Осындай көші-қон кезінде кімде - кім жарақат алса кимешектің шылауышынан қиып алып таңа қойған. Беймезгіл кісі өмірден өткен күнде де аналарымыздың шылауышы кебін ретінде пайдаланылған екен.
«Кимешек пен хиджаптың айырмашылығы неде»
Осы сауалға жауапты кимешек түрлерін зерттеуші ғана емес, қалпына келтіруші, дәріптеуші Тілек Сұлтаннан сұрадық. Этнодизайнердің пікірінше, екеуі екі бөлек ұғым.
«Кимешек пен хиджап екеуі де бас киім болғанмен екеуінің беретін мағынасы әр басқа. Хиджапты соңғы жылдары жиі көріп жүрміз. Ал кимешектің қай заман, қай ғасырдан бізге жеткенін тап басып айта алмайсың. Кимешекті діни бас киім деп танып, солай айтатын болсақ ол бізге ислам дінімен бірге жетуі керек еді. Алайда кимешектің бізге жету процесі олай емес. Қазақ даласына ислам діні жеткенге дейін де қазақ аналарының кимешек кигені, басына сәлде орап жүргенін көне миниатюра суреттерде де бар. Мысалы, қоңыраттың қызы - Бөрте ханымның кимешек сияқты бас киімнің желбіреген өңірі бейнеленген миниатюра суреттері бар. Бұл дегеніміз қазақ әйелдері ықылым заманнан кимешек киіп, басын жабық ұстағанынан хабар береді. Ислам діні енгенде қазақы салт-дәстүрімізбен астасып, тұрмысымызға сіңгінде кимешек кию одан әрі құпталды. Хиджапқа келсек, сөздің өзі - араб халқыныкы. Хиджап - араб әйелдерінің бас киімі болса, кимешек - қазақ әйелдерінің ұлттық бас киімі екені белгілі», деп ойын ортаға салды Тілек Сұлтан.
Сұлулығы мен жылулығын қатар қамтып, ас-су әзірлегенде тазалық сақшысы болған, сұқ көздің алабөтен ойын тыйып отырған қазақ әйелдерінің бас киім, кимешек кию мәні қаншалықты терең десеңізші...