Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазақ әдебиеті пәнінің кезекті сағатында отырмыз. Кең иықты, қырма сақал мұғалім бәрімізді бір шолып шықты да: «Ал, қане, кім «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жаттады?», деді. Мен сияқты бірнешеуі 10-15 шумағын жаттағанын айтып, алдын-ала ақталып жатты. Сынып іші сәл үнсіздікке орын берді. Кенет мұғаліміміз: «Балалар, бұны қазақтың ең мықты ақынының бірі жазған, ал аталған шығармада адамның рухы, жаны, қасиеті бар, ендеше осындай поэманы қазір жаттамасаңдар, сендерден не күтуге болады?», деп ауыр күрсініп алды.
Бәріміздің басымыз салбырап кетті. Кенет өлі тыныштықты бұзып, бір дауыс, нәзік үн тіл қатты. «Мен жаттап келдім», деді. Жапырыла әлгі үн иесіне қарадық. Ұйғыр қызы Гүлниса екен. Сыныптағы алпыс көз қадалғанын көріп, ол «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жаттағаны үшін өзін кінәлі сезінгендей болды. Тіпті өзіне деген кей көзқарастан «тыныш отырмай, сенде бір» деген лепті де сезген сияқты. Қапелімде не істерін білмей, састы.
«Қане, бері келе ғой», деді пән мұғалімі. Тоқпақтай бұрымын бұлғаңдатып, тақтаға шыққан Гүлниса ал, кеп ақтарылсын.
«Өзен де жоқ сыймаған арнасына,
Жылға да жоқ даламен жалғасуға.
Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай,
Қалай біткен мына көл тау басына».
Оның саңқылдаған дауысы осылай сынып ішін қақ тіліп, өзгеше бір әлемге бастап бара жатты. Не деген түйсік? Не деген ниет? Бәріміз сілтідей тынған ортада өлеңнің құдіретіне бас иіп, сонымен бірге қалықтап, сонымен бірге «сөйлегендейміз». Гүлнисаның үні осылай дамылдап барып, басылды. Өн-бойына бір ғасырдың, белгілі бір ғаламның қасиетін сыйғызған ұлы шығарманы шынайы да бар сезіммен жаттап алғанына оның өзі де сенбегендей. «Айналайын, Гүлниса, сен аман бол! Бұл шығарманы сен ғана жүрекпен түсінгендейсің», деп мақтау айтты мұғалім.
Сосын бізге бұрылып: «Көрдіңдер ме? Адамда намыс деген болады. Соны түсініңдер. Басқа ұлттың өкілі болса да, Гүлнисада жүрек бар екен. «Аққулар ұйықтағанданы» сезініпті, түсініпті. Ал сендерді білмеймін», деді де, асығыс басып сыныптан шыға жөнелді. Содан бері аттай желіп жиырма екі жыл өте шығыпты. Бірақ осы бір оқиға менің көз алдымда мәңгі қалып қойды.
Өткен жазда ауылға барғанда, анадайдан Гүлнисаны көрдім. Кішкентай ұлын жетелеп келе жатыр екен. Бұрылып амандастым. Әредікте «Аққулар ұйықтағанданы» ұмытқан жоқсың ба?», деп сұрадым. Әлі ұмытпапты.
«Жетім көлдің» басында жылқы жатқан,
Дөңге шығып қарт тұрған жылқы баққан.
«...Апыр-ай, бұл кім болды, таңсәріде,
Көргенсіз, көл басында мылтық атқан?!»
деп шұбырта жөнелді.
«Шынымен әлі ұмытпапты», деп күбірледім іштей. Гүлниса баласын ертіп анадайда кетіп барады. Дүкеннен гүл сатып алып, оған апарып бердім. «Бұл не үшін?», деді. «Аққулар ұйықтағанда» үшін», дедім. Сол сәт оның көзінде бейтаныс бір ұшқын лаулап тұрғандай болды.