2022 жылы Номғон-2 ғұрыптық кешенінде жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде өзге де маңызды тарихи жәдігерлермен қатар көне түрік және соғды жазулары қашалған бітіктастың жоғарғы бөлігі табылған болатын. Бұл жазуларды оқу нәтижесінде көне түрік бітік жазуымен жазылған мәтіннің 12 жолы («Құтлұқ қаған Түрік ... Тәңір ұлы ...») және соғды тіліндегі мәтіннің 6 жолы («Кутлуг хакан...») оқылып, зерттелді. Мәліметтер осы археологиялық ескерткіштің Құтлық қағанға тиесілі ғұрыптық кешен болғанын ғылыми тұрғыдан дәлелдейді.
2023 жылы жоғарыда аталған бітіктастың төменгі бөлігі табылды. Бұл бөлікте де жазулар сақталған. Алайда қатты зақымдалған ежелгі түрік жазуы оқуға келмеді. Дегенмен бітіктастың артқы жағындағы ішінара сақталған қытай иероглифтерін белгілі бір деңгейде оқудың мүмкіндігі туды. Өткен жылы аталған ескерткіш Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты тарапынан Ұлан-Батыр қаласында таныстырылды. Сол аралықта Ішкі Моңғолия университетінің (Қытай) мамандары — профессор Боржигитай Мөрөн, ғылым докторлары Чуй Нинг және Сугар арнайы шақырылып, қытай мәтінін оқу-анықтау жұмыстары жалғасқан болатын.
Бітіктастың төменгі бөлігіндегі қытай жазуы жоғарыдан төменге қарай таңбаланған, ал жолдар оңнан солға қарай орналасқан. Бұл бөліктегі 15 жолдың 3-8 жолы оқылды. Әр жолда шамамен 24 иероглифтен бар, жалпы саны 290-300 иероглифті құрайды.
Ішкі Моңғолия университетінің жоғарыда аталған мамандарының көмегімен осы қаңтарда бітіктастың төменгі бөлігіндегі қытай мәтінінің бір бөлігі сырын ашты. Осы жұмыс нәтижсінде, 4-жолда «Түрік» сөзі мен «Кұтлұқ» атағы (қытайша оқылуы: «Гу-ду-лу») анықталды.
Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты бұл жаңалық Номғон-2 ғұрыптық кешенінің көне түрік кезеңіне, атап айтқанда, Екінші Түрік Қағандығын құрған Елтеріс Құтлық қаған (682–692) дәуіріне тиесілі екенін мәлімдеп отыр.