Қоғамда да халық пікірі екіге жарылған. Біреулер кәсіпорынның мемлекет қарамағына өтуін қаласа, енді басқалары бұл бастамаға қарсы. Өйткені олардың пікірінше, серіктестік коммуналдық меншікке өткен жағдайда дәл қазіргідей тиімді менеджерлік басқару болмай қалады. Себебі «Су ресурстары-Маркетинг» шаһардағы өз қызметін мінсіз атқарып келе жатқан бірден-бір серіктестік болып саналады. Осы күнге дейін әкімдіктің бұл әрекетін қолдайтындар мен жақтамайтын қоғам белсенділері арасында петиция жарияланып, соған байланысты екі рет халықпен талқылау жиындары ұйымдастырылды. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның мемлекет меншігіне қайтарылуына қарсы петиция 2024 жылдың 10 желтоқсанында Шымкент қаласы әкімдігіне ұсынылды. Бұл арыз сондай-ақ «E-Petition.kz»-тің ресми порталында жарияланды.
Мәселен, жуырда қоғам белендісі Бегімқұл Төлентаевтың петициясын жария талқылау жиыны өтті. Оған кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлері, қала әкімдігінің өкілдері, тиісті сала мамандары, шаһардың қарапайым тұрғындары қатысты.
Жергілікті атқарушы билік бұған дейін кәсіпорынға ауызсу тарифін негізсіз қымбаттатқан деген кінә артқан еді. Сөйтіп, уәж ретінде Алматы мен Астана қалаларындағы судың төмен бағасын мысалға көрсеткен. Кешегі жиында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС басшысы Анарбек Орман осы айыпқа байланысты өз мәлімдемесін жасады. Ол тариф бағасының арзан, қымбат болуы тікелей әкімдіктің құзіретіндегі тірлік екенін жеткізді.
«Тариф қымбат дейді. Ал тарифті реттейтін, бекітетін кім? Әрине, әкімдік пен депутаттар. Егер ауызсу бағасы қымбат болса, неге олар бірінші өздері барып тексермейді? Біз бекітілген тариф бойынша атқарған жұмысымызға тек есеп береміз. Жергілікті атқарушы билік тарифке қатысты Алматы мен Астана қаласының бағаларын айтып қоймайды. Айналайындар-ау, Алматы қаласы бюджеттен жылына ауызсуға деп 13 млрд теңге субсидия бөледі. Астана қаласы әкімдігінің бұл мақсаттағы субсидия көлемі 9 млрд теңгені құрайды. Ал бізде оның бірі де жоқ. Егер жергілікті әкімдік қала халқына жаны ашыса, неге бюджеттен ақша бөлдіріп, ескі құбырларды ауыстырмайды?» деді кәсіпорын басшысы А.Орман.
Жиын барысында қоғам белсенділері қалыптасқан жағдайға байланысты өз ойларын ортаға салды. Олардың көпшілігі кәсіпорын жекенің қолында қала беруі қажет деген пікірлерін білдірді. Себебі ертеңгі күні коммуналдық меншікке өткен жағдайда кәсіпорында қызмет сапасы күрт нашарлап кетуі мүмкін. Оның үстіне нарық заманында бір қолдан өткен серіктестік екінші инвестордың меншігіне айналып кетпесіне кім кепіл? Келешекте сумен жабдықтаушы мекеменің иесі шетелдік инвестор болып қалуы да кәдік. Халық осыны айтып, күдік-күмәндары бар екенін жасырмады. Сонымен қатар қаншама стратегиялық нысан бар. Бірақ әкімдік неге елді сапалы сумен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынға шүйлікті екен деді жиналған көпшілік сұраулы жүзбен.
Дей тұрғанмен, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұдан бұрын да алған бетінен қайтпайтынын мәлімдеген. Ол бұл сөзді мегаполистің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингінде осы мәселеге қатысты қойылған сұраққа жауап ретінде де айтқан еді. Яғни шаһар басшысының ұстанған қағидаты – ауызсу көздері стратегиялық нысанға жатады, сондықтан ол мемлекетке қайтарылуға тиіс.
«Петициядан халықтың көпшілігі әкімдіктің бастамасын қолдайтынын байқадым. Өйткені стратегиялық нысанның жалғыз адамның қолында болуы мемлекетке белгілі бір деңгейде қауіп төндіреді. Жергілікті әкімдік кәсіпорынды басыбайлы тартып ала алмайды. Себебі бұл оның құзіретіне кірмейді. Бұл мәселеде соңғы нүктені қоятын – сот шешімі. Ал қала әкімдігінің ұстанымы ешқандай өзгермейді. Барлық стратегиялық объекті мемлекет меншігінде болуы керек», деді қала әкімі Ғ.Сыздықбеков.
Заңгер Дінмұхаммед Оңғардың айтуынша, 2003 жылы елімізде Су кодексі қабылданады. Осы заңның 25 бабында стратегиялық маңызды нысандар жекешеленуге жатпайтыны айтылады. Алайда мегаполистегі су қабылдағыштар 1995 жылғы жекешелендіру туралы заңның аясында қабылданған премьер-министрдің қаулысына сәйкес жекеменшік нысанға өткен. Сөйтіп, 1999 жылы ол «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС құрамына қосылады. Су көздерін жекешелендіру стратегиялық нысанға қатысты арнайы заңнан бұрын жүзеге асқан. Демек заңның кері күші жоқ деген қағидаға сүйенсек, 2003 жылға дейінгі жекешеленген барлық су қабылдағыштар сол кездегі меншік иесінің мүлкі болып қалуға тиіс. Заңгер әкімдік пен кәсіпорын арасындағы талас-тартысқа байланысты осындай пікір білдірді.
ШЫМКЕНТ